Ташкентте өтіп жатқан Гран-при турнирін қарқынды бастаған Қазақстанның бірнеше дзюдошысының жүлделі орындарды иеленуге жақсы мүмкіндігі болды. Солардың арасынан Әбиба Әбужақынова ғана суырылып шықты. Өрелі өнерімен барша жанкүйерлерін қуантқан ол жеңіс тұғырына көтерілді.
Аса жеңіл салмақтағы Әбиба бастапқы бәсекелерде түрікменстандық Гүзель Инамова мен израильдік Тамар Малканы ұтса, іле-шала әлем чемпионатының қола жүлдегері, Панамерика чемпионы, америкалық Мария Селия Лабордеден айласын асырды. Жартылай финалда оның жолы швециялық Тара Бабулфатпен қиысты. Осыдан екі апта бұрын Бакуде өткен турнирде қазақ балуаны дәл осы спортшыға есе жіберді. Сол жарыста 18 жастағы Скадинавияның сұлуы алтыннан алқа тақты. Бұл жолы Әбужақынова Бабулфаттан басым түсіп, Каспий жағалауында кеткен есесін қайтарды. Финалда жерлесіміз екі дүркін Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері Сәбина Гилязовамен күресті. Ресейдің өкілі үшінші айналымда біздің Ғалия Тынбаеваны тізе бүктірген еді. Өкінішке қарай, оның да татар балуанына әлі жетпеді. Сөйтіп, Әбиба Әбужақынова қатарынан үшінші жарысында жүлде алды. Ташкентте оған күміс медаль бұйырды.
Ерлер арасында 60 кг салмақта күш сынасқан Елдос Сметов кубалық Джонатан Шаронды шаң қаптырып, одан кейін әлем чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы, грузиялық Лухум Чхвимианимен шеберлік байқасты. Бұл бәсеке де Елдостың пайдасына шешілді. Ширек финалда қазақтың ұлы әлем чемпионатының қола жүлдегері Георгий Сардалашвилимен сайысқа түсті. Бәсеке барысында Сметов грузин жігітінің мойнын бұрағаны үшін жарыстан шеттетілді. Рұқсат етілмеген әдіс қолдануының кесірінен ол жұбаныш белдесуіне де қатыса алмады. Осы салмақтағы Нұрқанат Серікбаев тәжік Мехзод Суфиевке сан соқтырғанымен, ресейлік Аюб Блиевтен ұтылды. 66 кг салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев қырғыз Құбанышбек Айбекұлына және Жанарыс Рахметқали израильдік Баруш Шмайловқа жол берді.
Келесі күні 73 кг салмақ дәрежесіндегі Данияр Шамшаев қырғыз Шыңғысхан Сағынғали мен словениялық Марин Хояктың аяғын көктен келтіріп, ширек финалда Гран-при және Гранд-Слэм турнирлерінің төрт дүркін жеңімпазы, ресейлік Махмадбек Махмадбековтің мысын басты. Жартылай финалда Шамшаевтың жолы тағы бір Ресей дзюдошысымен қиысты. Бірақ Данил Лаврентьевке оның әлі жетпеді. Қола медаль үшін бәсекеде қандасымыз әлем мен Азия чемпионатының қола жүлдегері, өзбек Обидхон Нумановпен күресті. Бұл айқаста төрешілер Даниярға көпе-көрінеу қиянат жасады. Бәсеке барысында қарымта шабуылға шыққан қазақ дзюдошысы қарсыласын кеудесінен асыра лақтырды. Өзбектің өрені құлаған кезінде қолын татамиге тіреді. Соның кесірінен ол жарақат алды. Бұл жерде Нумановқа қатаң ескерту берілуге тиіс еді. Өйткені күрестің қай түрінде де құлап бара жатып, қолды кілемге тіреуге болмайды. Ал төрешілер болса, жазығы жоқ Даниярды жазалады. Нәтижесінде, татами қожайыны қола медальді иеленсе, біздің жігіт бесінші орында қалып қойды.
81 кг салмақтағы Сұңғат Жұбатханның ресейлік Давид Карапетян мен марокколық Ахраф Мутийден мерейі үстем болғанымен, әзербайжандық Раджабли Омардың осал тұсын таба алмады. Жұбаныш белдесуінде ол әлем және Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы, командалық есепте Олимпиаданың қола жүлдегері, израильдік Саги Мукиден өтті. Үшінші орын үшін сайыста Сұңғат жапониялық Таканори Нагасэмен айқасты. Токио Олимпиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы деген дардай атағы бар апайтөске Жұбатханның шамасы келмеді.
Ал Асқар Нарқұлов (73 кг) польшалық Адам Стодолски және Руслан Мұсаев (81 кг) өзбекстандық Нұрбек Мұртозоевтан ұтылып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Сол секілді Аружан Ережепова, Балнұр Әбдешова (52 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Есмигүл Куюлова, Кристина Сотникова (63 кг) және Екатерина Сотникова да (70 кг) ел сенімін ақтай алмады.