• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Футбол 03 Наурыз, 2024

«Ордабасы» оңдырмады

114 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан чемпионатының шымылдығы түрілді. Қоңыр күзге дейін созылатын доп додасының алғашқы туры Астана, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Шымкент және Қостанайда өтті.

Биылғы маусымның шымыл­дығын «Астана» мен «Жеңіс» арасындағы кездесу ашты. Елор­далық қос команданың бәсекесінде Григорий Бабаянның шәкірттері 2:0 есебімен жеңіске жетті. 10-минутта Усман Камара гол соқса, 62 минутта Елхан Астанов допты торда тулатты. Қызылордадағы Сайын Мұратбаев атындағы стадионға жиналған жанкүйерлер үйіне көңілі құлазып қайтты. Себебі өздерінің сүйікті командалары «Ақтөбеге» лайықты қарсылық көрсете алмады. Бұл ойында Идрис Умаев дубль авторы атанып, Максим Са­мородов бір мәрте мергендік таныт­ты. «Қайсардың» сапынан Тоқтар Жаңғылышбай ғана нысананы дәл көздеді – 1:3. Сол күні Тал­дықорғанда «Жетісу» мен «Ақсу» күш сынасуға тиіс еді. Бірақ ең соңғы сәтте қаржылық жағ­дайдың қиындығын алға тартқан ақсулықтар чемпионатқа қатысудан бас тартты.

Келесі күні тағы төрт бәсекені тамашаладық. Алматыдағы Орталық стадионда «Қайрат» «Қызылжарды» қабылдады. Бірінші кезең аяқталар тұста Жоао Пауло есеп ашты. 63-минутта Тимур Мульдинов таразы басын теңселтті. 71-минутта Гиорги Зарианың соққан голы арқылы алматылықтар жеңіске жетті – 2:1. Семейдің «Елім-айы» мен «Атырау» Павлодарда шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде есеп ашылған жоқ – 0:0. Шымкентте қар жапалақтап жауып тұрғанына қарамастан «Ордабасы» мен «Шахтер» арасындағы кездесу қызықты өтті. Алаң иелері қарағандылықтардың қақпасына жауапсыз бес доп соқты – 5:0. Бұл голдардың авторлары – Игорь Плас­тун, Шохбоз Умаров, Джа­сурбека Яхшибоев, Златан Шехович және Сергей Малый.

Бірінші турдың соңғы матчы «Тобыл» мен «Тұранның» арасында өтті. Бұл ойында қостанайлық клубтың сапындағы легионерлер – Ахмед Әл-Мессауди мен Давид Энен түркістандықтардың қақ­пасына жауапсыз екі гол соғып, өз командаларына жеңіс сыйлады – 2:0.