Семейде полиция қызметкерлері жас жеткіншекті аңдыған ер адамды қолға түсірді. Оны ұстау кезінде күдікті тәртіп сақшысына пышақ жарақатын салған.
29 ақпан күні полицияға қоңырау шалған 13 жастағы қыз өзін белгісіз ер адам артынан аңдып жүргені туралы хабарлайды. Ол бір дүкенге кіргенін, сыртқа шығуға қорқатынын, полиция келгенше сонда күтетінін айтады.
Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік полиция инспекторлары супермаркеттің жанынан күдікті адамды байқап, мән-жайды анықтауға тырысқан. Бірақ жігіт қолындағы пышағымен тәртіп сақшыларына қарай жүгірген. Учаскелік полицейлер дүкен маңында адамдар көп екенін, оларға да зияны тиіп кетуінен күдіктеніп, оны басқа жаққа әкету керек екенін түсінеді. Сол арада рациямен көмек шақырып, патрульдік полиция экипажы дереу оқиға орнына келді.
Заңсыз әрекеттің жолын кесу үшін қызметтік көліктен шыққан кезде патрульдік полицей Асхат Ахатовқа күдікті пышақ жарақатын салған. Бірақ соған қарамастан, жараланған қызметкер әріптестерімен бірге жекпе-жек әдістерін қолданып, қылмыскерді ұстады. Басынан үш рет жарақат алған полиция қызметкері ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілді.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған қатысты полиция қызметкерінің өміріне қол сұғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.