Да Винчиді дүйім жұрт әуелі ғалым деп тануы әбден мүмкін еді. Өйткені атақты суретші жаңалық ашпаса да, сәтті ғылыми ізденістер жасаған. Калифорния технологиялық институтының инженерлері Леонардо да Винчи ауырлық күші туралы тұжырымды ғылыми жаңалық ашылмай тұрып болжағанын айтады.
Леонардо да Винчидің ұшақ тұжырымдамасын жасап шыққанын көбі біле бермейді. Тіпті оның қызығушылығы тек инженерлік саламен шектелмеген. Ол физика сияқты іргелі ғылыммен де айналысқан. Тек ХV-ХVІ ғасырда өмір сүргендіктен, ғылыми жаңалық ашуына технологиялық мүмкіндіктердің жетіспеуі қолбайлау болған.
Жақында ғалымдар Да Винчидің ғылым, өнер және басқа тақырыптарды қамтыған Арундель кодексіндегі ерекше бір жазбасын зерттейді. Онда Да Винчи ол ауырлық күші – үдеудің бір түрі екенін дәлелдейтін эксперименттер жасаған деген қорытындыға келді. Оның болжамы 97 пайыз дәлдікпен жасалған.
Леонардо да Винчидің эксперименттерін Арундель кодексінен Аэроғарыш және медициналық инженерия профессоры Мори Гариб байқаған. «Менің назарымды аударған нәрсе – ол өзі салған үшбұрыштардың бірінің гипотенузасына «Equation di Moti» деп жазып қойған. Мен бұл сөз тіркесі нені білдіретінін білгім келді. Зерттеу барысында Да Винчидің теңдеуі қате деп ойлаған едік. Алайда ол дұрыс болып шықты. Да Винчи атап өткендей, егер құмыраның қозғалысы ауырлық күші құлаған материалды жылдамдататындай жылдамдықпен қозғалса, онда тең бүйірлі үшбұрыш алынады. Дәл осы құбылысты ол «Equatione di Moti» немесе «қозғалыстарды теңестіру» деп көрсеткен», дейді ол.
Атақты суретші ауырлық күшінің бар екенін және оның әсерінен құлаған заттардың үдейтінін білген. Бірақ ол заттардың құлау уақытын дәл өлшей алмаған. Өйткені қолындағы құралдары жеткіліксіз болған. Тек 1604 жылы Галилео Галилей құлаған нысанның жүріп өткен қашықтығы уақыттың квадратына пропорционал деген теорияны алға тартқан еді. XVII ғасырдың аяғында Исаак Ньютон оны кеңейтіп, нысандардың бір-біріне қалай тартылатынын сипаттайтын бүкіләлемдік тартылыс заңын ашты.
«Да Винчи қосымша эксперименттер жүргізді ме, әрі қарай тереңірек зерттеді ме, білмейміз. Бірақ оның бұл мәселені зерттеуі 1 500 жылдардың өзінде оның ғылыми ойлай алуының қаншалықты дамығанын көрсетеді», дейді зерттеудің жетекші авторы Мори Гариб.