Дзюдодан Ташкенттегі Гран-при турнирі өз мәресіне жетті. Жарыстың соңғы күні тағы бірнеше балуанымыз татамиге шыққанымен, барлығы да бастапқы бәсекеде сүрінді.
Атап айтсақ, тұсаукесер кездесуде Ерназар Сәрсенбаев (100 кг) Арман Адамяннан (Ресей), Нұрлыхан Шархан (100 кг) Рустам Шорахматовтан (Өзбекстан), Ғалымжан Қырықбай (100 кг) Эмирхан Жолдашқазиевтан (Қырғызстан), Назгүл Маратова (+78 кг) Джованна Сантостан (Бразилия) және Кәмила Берліқаш (+100 кг) Самира Буигарннан (Бразилия) ұтылды. Екінші кезеңде Айдар Арапов (90 кг) Ивайло Ивановқа (Болгария), Құдірет Досымов (90 кг) Михаил Игольниковке (Ресей), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) Инал Тасоевқа, Маргарита Гриценко (78 кг) Индар Ланирге (Израиль) және Аруна Жангелдина (78 кг) Рика Такаямаға (Жапония) есе жіберді.
Сөйтіп, Өзбекстанның бас шаһарындағы турнирде отандық дзюдошылардың арасынан Әбиба Әбужақынова ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Аса жеңіл салмақта өнер көрсеткен ол күміс медальды мойнында жарқыратты.