• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жекпе-жек 04 Наурыз, 2024

Бекзатқа өкпе жоқ

469 рет
көрсетілді

Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC-мен келісім­шартқа отырғанына тура бір ай өткен соң, Бекзат Алмахан ок­тагонға шықты. Бұл жолы ол АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ресейлік Умар Нұрмагомедовпен айқасты.

Даңқты Нұрмагомедовтер династиясы өкілінің осы спорт түрін серік еткеніне сегіз жыл болды. Сол аралықта 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Тоғыз бәсекеде айқын басымдық танытты. Умардан ұтылғандар арасында біздің Сергей Морозов та бар. Осыдан үш жыл бұрын Әбу-Дабидегі додада ол отанда­сымызды екінші раундта «қыл­ғындыру» әдісімен ұтты. Тағы бір айта кетерлігі, 28 жастағы Умар – даңқы жер жарған Хабиб Нұр­магомедовтің немере інісі. Ал туған ағасы Усман да – нағыз «сен тұр, мен атайынның» өзі. Ол – Bellator промоушенінің чемпионы. 2020 жылдың шілде айында жер-жаһанды жайлаған коронавирус дертінен көз жұмған әйгілі бапкер Абдулманап Магомедұлының осы шәкірттерінің бірде-біреуі әлі де жеңілістің кермек дәмін татқан емес.

Бекзат та – осалдар санаты­нан емес. 26 жастағы қандасы­мыз 18 жекпе-жектің бі­реуін­де ғана ұтылды. 2020 жылдың қазан айында ол ойда-жоқта қырғызстандық Сұлтан Жолдашбекке жол берді. 17 же­ңісінің 15-інде Алмахан айқын басымдық танытты. Тарқатып айт­сақ, 13 қарсыласын ұрып шы­ғып, екі ретінде «қылғындыру» тәсілін қолданды.

Кешегі Лас-Вегастағы жарыста көрермендердің спорт кеше­нін басына көтеріп, айғайға басқандарына қарап, Умар Нұрмагомедовті қолдау үшін бүкіл Да­ғыстан Америкаға көшіп келгендей әсерде болдық. Бірақ бұл жағдай қандасымызға еш әсер еткен жоқ. Азулы қарсыласымен ол аянбай айқасты. Негізінде Бекзат тік тұрып төбелесуді қалады. Ал грэпплингі өте күшті Умар кү­рестің әдісіне жүгінуді құп көрді. Қап тауының қыраны қазақтың ұлын қайта-қайта жығып алып, еркін көсілуіне мүмкіндік бермеді. Жерде жатып арпалысқан сәттерде Нұрмагомедов Алмаханды бірне­ше рет «сабмишн» тәсілдерін қол­данып, «қақпанға» түсіргісі келді. Десек те қазақ спортшысы барлық қауіптің бетін қайтарды. Соңғы раундқа дейін созылған сайыстың қорытындысында төрешілер Умар­ды жеңімпаз деп таныды.

Бекзат Алмахан Лас-Вегастағы жарыста жеңіліс тапса да, оған өкпе айтқан ешкім жоқ. Біріншіден, бұл – қандасымыздың UFC-дегі тұсаукесер кездесуі. Екіншіден, әлемдегі ең белді промоушеннің президенті Дана Уайт оны бірден өте мықты спортшыға қарсы шығарды. Шыны керек, жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген «мен» деген жігіттердің дені Нұрмагомедовпен жекпе-жекке шығуға жүрексінеді. Өз­гелерді айтпағанда, топ-10-дыққа кіретін файтерлердің өздері дағыстандықтың есімін естісе, төбе шаштары тік тұрады. Ал Бекзат болса, Умармен күш сы­насудан бас тартқан жоқ. Ұйым­дастырушылар тарапынан ұсыныс түскенде бірден келісімін берді. Октагонда ол азулы әрі қарулы қарсыласымен еш аянбай айқасты. Сол себепті де қазақтың қайсар ұлы дүйім жұрттың қошеметіне бөленді. Ең бастысы, ол өзінің жү­ректі жігіт екенін мойындатты. Уақыт оза Бекзаттың UFC-де тө­белесіп жүрген талай саңлақтарды са­байтынына қылаудай да күмә­німіз жоқ.