Қазақ даласы елге шарапаты мен шипасы тиген емшілер мен сынықшыларға еш уақытта кенде болмаған. Олар бағзы заманнан жұртшылықтың саулығы мен амандығына жауапты халық медицинасының өкілдері еді. Тіпті заманауи медицина мүмкіндіктері дамығаннан кейін де бойына қасиет дарыған арқалы емші-сынықшылардың қоғамдағы орны еш төмендеген емес.
Емшілік пен сынықшылық көбіне ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қасиет деседі. Мұндай тумысынан ерек тұлғалар Торғай даласынан да көптеп шыққан. Осы өңірде Оспан қожа, Бердікей Құлмұхамед ишан әулеттері, Сатыбалды ишан, Дүзбай қажы жүйке ауруларын емдегені, Жыланшық өзені бойындағы Тастаған оташыға еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне ем іздеген жандар көптеп келетіні ел аузында әлі күнге дейін айтылады. Бұлардан бөлек, Өмірбек Жандәулетов, Айдархан, Назым, Айгүл сынықшылардың да орны бір төбе. Солардың қатарында ХІХ ғасырда Қабырға жерінен шыққан Аманбай сынықшының, оның ұрпағы Құрақбай Әмірғазиннің есімі де Торғай жерінде көпке таныс. Құрақбай Ошақбайұлы еліміз тәуелсіздік алғаннан бертінге дейін сынықшылығымен өз өңірі емес, бүкіл Алты Алашқа шарапатын тигізді. Өкінішке қарай, 57 жасында өмірден ерте кеткен. Ал бүгінгі біздің әңгімеміздің кейіпкері – сол Құрақбай сынықшының туған інісі Бақытжан Әмірғазин.
Қостанай облысы Амангелді ауданы қазіргі Қабырға ауылдық округінің Алакөл елді мекенінде өмірге келген Бақытжан аға сол Торғай жерінде жүргізуші болып еңбек етіп, зейнетке шығып, өткен жылы Астанаға қоныс аударыпты. Бүгінде елорда маңындағы Талапкер ауылының тұрғыны. Бұл кісінің әулетінде сынықшылық дәстүр Аманбай атасынан басталады дедік қой. Одан кейін өткен ғасырдың 70–80-жылдары атасының Базаркүл есімді қарындасы да бұрынғы Торғай облысы Амангелді ауданының Құмкешу ауылында жұртты емдеген екен. Қазіргі таңда жақын інілерінің біріне де осы қасиет дарыса керек. Бүгінде ол Арқалық қаласында халыққа өз шипасын тигізіп жүр.
Бақытжан аға 2008 жылдың 1 сәуірінен бастап өзіне емделуге келген адамдардың тізімін жазып отырған. Одан арғысын есептемегенде сол күннен бері бүгінге дейін 18 мыңнан астам адам келіп қаралыпты. «Бәріне бірдей демеймін, бірақ кемінде 95 пайызына көмегімді тигіздім. Алдыма келгендердің ішінде өз аяғымен жүре алмай, төсекке таңылғандары да аз болмады. Кейде тілі шықпаған 1-2 жастағы балаларды алып келеді. Олар қай жері ауырғанын да, шыққан буыны орнына түскен-түспегенін де айта алмайды. Сондайда қолына бір затты беріп, көтерткізіп білемін», дейді сынықшы.
Бақытжан Ошақбайұлы 2022 жылы Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті А.Қожалымовтың қолынан «Құрметті халық емшісі» деген төсбелгі алған. Өзінің айтуынша, сынықшылықпен қатар қолының биотогі арқылы дененің тұз жиналған жерлерін ыдыратып емдеумен де айналысады екен.
Бақытжан аға әңгіме арасында қызықты оқиғаларымен бөлісті. Соның бірі – өз баласының шыққан аяғын түсінде салғаны. Бұл жағдай 1998 жылдың ақпан айында болыпты. «Сол күні мен үйде емес едім, дейді ол. – Түнде ұйықтап жатып түс көрдім. 12-13 жастағы ұлымның аяғы шығып кетіп, соны салып жатыр екенмін. Ертесіне ауылға оралып, әйелімнен «Бала қайда?» деп сұрасам, «Сыртта ойнап жүр», деді. Түнде көрген түсімді айтып едім, жұбайым былай деді: «Шынында, кеше сен жоқта футбол ойнап жүріп аяғын шығарып алды. Ол да түнде түс көріпті. Сен оның аяғын салыпсың. Таңертең оянса, аяғы сап-сау...».
Бүгінде медицина қанша қарыштап дамыды десек те, халық емшілігін шетке ысырып қою мүмкін емес. Оны өмірдің өзі дәлелдеп жатыр. Бақытжан аға аяқ-қолынан жарақат алып, дәрігерлерден көмек болмаған соң, өзіне келетін адамдардың да қатары көп екенін айтады. Бірде Арқалық қаласынан 400 шақырым жердегі Ақкөл ауылы маңында жер астынан шығып жатқан ыстық суға барғанда Ресейден келген қазақ отбасымен кездесіпті. Олардың екі ұлы бір жыл бұрын көлік апатына түскен екен. Содан ұзақ уақыт ауруханаға жатып, талай жерге барып емделсе де, қол-аяғының жарақатынан жазыла алмапты. Бір ұлы тіпті жүре алмайды екен. Бақытжан ағаның сынықшы екенін естіген олар «соңғы үмітіміз сізде» деп бірден қолқа салады. Еш сөзге келместен қолұшын созған ол екі жігіттің қол-аяғын орнына салып беріпті. Көктен іздегені жерден табылған қандастар шат-шадыман болып, алғыстарын жаудырады.
Қазір нарық заманы. Гиппократтың «Тегін емдеме» деген өсиеті бар ғой. Сондықтан біз сынықшыдан оған қаралу құны қанша екенін де сұрауды ұмытпадық. Бақытжан аға өзінің белгілі бір бекіткен бағасы жоқ екенін, жұрт не берсе, соны алатынын айтты. Дегенмен сынықшының адамдарға қоятын кейбір талаптары да бар екен. Ол науқастарды тек күндізгі уақытта қабылдайтынын, кеш түскеннен кейін қарамайтынын айтады.
Біз Бақытжан ағаның үйінен белгілі әнші Сәкен Майғазиевпен бірге түскен суретін көріп, оның сырын сұрадық. Сөйтсек, бірнеше жыл бұрын «Музарттың» әншісі де Арқалықтың қасындағы Бірлік ауылына арнайы келіп, қаралып қайтыпты. Кейін ол өзінің инстаграм парақшасында арнайы видео жариялаған болатын: «Осыдан бір ай уақыт бұрын құлап, саусақтарымды шығарып алып едім. Иығым да көптен сыр беріп жүрген. Біз денсаулығымызға қарамай жүре береді екенбіз. Алматы мен Астанада жүріп, сонау Арқалықтың қасындағы ауылға келіп ем аламын деп кім ойлаған? Бақытжан Ошақбайұлы бүгін иығым мен саусақтарымды орнына салып берді», деп алғысын білдірген.
Әңгімеміздің басында сынықшылық тұқым қуалайтын қасиет деп едік қой. Соның бір дәлелі – бүгінде Бақытжан ағаның ұлы Жангелді де жеңіл-желпі шыққан-тайған буындарды салып, маманданып жүр екен.