Әскери кадрларды даярлау деңгейі қандай? Бұл сұрақтың жауабы әскерлердің жауынгерлік дайындығына қатысты міндеттердің қай деңгейде екенін көрсетіп береді. Себебі әскердің әлеуетін айқындайтын бірден-бір фактор – кәсіби маман, оның білімі мен біліктілігі.
Қарудың тілін білу де – қабілет
Елімізде заман талабына сай әскери білім беру жүйесі құрылған. Ал бүгінгі әңгімеміз Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімнің әскери маман даярлау қызметі жайында болмақ. Ол үшін біз осы бөлімдегі түрлі қызметтің тұтқасын ұстаған офицерлерді әңгімеге тарттық. Олар көп жылдан бері жас сарбаздарға қару-жарақты меңгеру мен басқа да қызмет барысын үйретіп, тәрбиелеп келеді.
Үшінші оқу ротасының, 2-оқу взводы командирі, лейтенант Әділ Тілеукенов – артиллериялық оқ-дәрілерді жөндеу, зарарсыздандыру, оқтау секілді инженерлік жұмыстардың маманы. Өскемен қаласының тумасы әкесінің әскери қызметіне байланысты еліміздің әртүрлі өңірінде білім алып, ер жеткен. Әкесі Талғат Тілеукенов Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Байланыс басқармасы бастығы лауазымын атқарған.
Бүгінде Қорғаныс министрлігінің Байланыс департаменті басшысының орынбасары. Әке жолын қуған Әділ 2018 жылы Астанадағы №67 мектепті бітіріп, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясына оқуға түседі. Сол жерде Ресей Федерациясына барып, әскери білімін жетілдіргісі келетін тәлімгерлер қатарына қосылады. Барлық емтиханнан сәтті өткен жас өрен Пенза қаласында орналасқан әскери институтқа артиллериялық оқ-дәрілер инженері мамандығына оқуға түседі. Ол мұнда арнайы станоктармен жұмыс істеуді үйренді. Артиллерияда қолданылатын оқ-дәрілерді ашып-шашып, қайта құрап індете зерттеді. Ірі калибрлі оқтардың ішкі реакцияларына сараптама жасап, физикалық құрылымын зерделеді. Бүлінген, істен шыққан оқ-дәрілерді жөндеу де оның сабақ барысындағы міндеті еді. Оқ-дәрінің ішіндегі жарылғыш күкірттерді нығыздау, бөлшектерді құрастыра отырып, оқты зарядтау секілді қызық та қиын оқудан өтті.
Бүгінде оқу взводында қару-жарақты жөндеу шеберлерін дайындауға атсалысып жүр. Оған бұл істі толық меңгеруге нұсқаушысы көмектескен. Соның арқасында оған жауынгерлік дайындық бағытында сарбаздарға сабақ беру бақыты бұйырды. Қазір Ұлттық ұланның әртүрлі әскери бөлімдерінде әскер қатарына жақында қосылған сарбаздарға Калашников автоматының қыр-сырын таныстырып жүр. Бағдарлама бойынша оларға 270 сағат берілген.
– Осынша сабақтан өткен сарбаздар атыс қаруы жөніндегі шебер болып шығуға тиіс. Мұнда олар жартылай және толық бұзып-жинау сабақтарын және қару ақауларын жөндеу дәрістерін өтеді. Тәжірибе жинайды. Олар автоматтан бөлек, тапаншалар, мергендік винтовкалар, автоматты және ірі калибрлі гранатометтер, пулеметтер секілді өзге де қару-жарақпен етене танысады. Кейін сарбаздар осы атыс қаруларын жөндей алатын әскери маман болып шығады, – дейді Әділ Тілеукенов.
Оның айтуынша, әскери бөлімге жылына екі рет мерзімді әскери қызметке тартылған сарбаздар білім алу үшін келеді. Бір жылда 80-ге жуық адам қару-жарақ жөндеуді кәсіби тұрғыда үйреніп шығады екен.
Дәлдік пен кәсібилік
Дәл осы әскери бөлімде 4 взводтың аға маман-аға нұсқаушысы, аға сержант Ержан Бабажан үш жылдан бері БТР-80 көздеушілерін дайындап келеді. Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген ол мектепті аяқтай салысымен, 2004 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусына оқуға түсіп, 2010 жылы 6654 әскери бөлімде әскери бөлімше командирі болып қызметке кіріскен.
2021 жылы оқу батальонының 3 оқу ротасының 4 взводына аға маман-аға нұсқаушы болып тағайындалған. Қазір әскери маман мұнда БТР-80 көздеушілеріне сабақ береді. Қарапайым тілмен айтқанда, сарбаздарға БТР-80 әскери көлігінің ірі калибрлі танкіге арналған Владимиров оқшашарын қалай қолдану керегін үйретеді. Оның көмегімен әскери қызметшілер пулеметтің қалай бөлшектенетінін, онымен қалай нысананы көздеу керегін үйренеді. Сонымен қатар танкіге бейімделген Калашников оқшашарының да қыр-сырын меңгертіп, тиімді қолданудың әдіс-тәсілін көрсетеді. Оның айтуынша, тәлімгерлері пулеметтердің құрылысын, оқшашардан көздеуді және оқ атуды жылдам үйреніп алады. Дегенмен одан бұрын білім іздеп келген әскери қызметшіге ең алдымен қауіпсіздік ережесі оқытылады екен. Содан кейін ғана салалық білім беріледі.
– Владимиров оқшашары – ірі калибрлі қару. Ал Калашников пулеметі кіші калибрлі қару түріне жатады. Біріншісімен үлкен бронды техникаларды атуға болады. Екіншісі жаяу әскерді және қорғанысы осал көліктерді талқандауға арналған. Біз осынау қос қаруды қалай қолдануды ғана үйреніп жатқан жоқпыз, сонымен қатар істен шыққан жағдайда жөндеуге де машықтанып жатқан жайымыз бар, – дейді әскер қатарына үш ай бұрын қосылған қатардағы жауынгер Ілияс Мүліков.
Көп жағдайда көздеуші маманның рөліне бойы қысқа, бірақ күш-қуаты мол әскери қызметшілер сай келеді. Себебі ұзын бойлы, ірі денелі адам үшін бронетранспортердің ішінде қозғалу қиынға соғады. Ал физикалық күшке мән берілетін себебі – ауыр пулеметтерді көтеріп, жүгіру керек. Әрине, ең бастысы – білім. Онсыз қара күштен қайран жоқ. Өзі қолданатын құралдың бөлшектері мен ерекшеліктерін білмейтін адамның пайдасынан зияны көп. Сосын аты айтып тұрғандай, көздеушінің көзі өткір болғаны абзал. Өйткені алыс-жақындағы нысандарды жою үшін мергендік қажет.
– Бізге еліміздің барлық жеріндегі Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінен жылына екі рет білім алушылар келеді. Бір жылда шамамен 120-130 тәлімгерді қабылдаймыз. Олар өздерінің әскери бөлімдерінде ерікті түрде іріктеледі. Денсаулығы, әсіресе көзінің көру қабілеті басты назарға алынады. Сондай-ақ сарбаздың өз ынтасы де ескеріледі, – деді аға сержант Ержан Бабажан.
Мұнда өз қалауымен келген мерзімді әскери қызметшілер аз емес. Сарбаздардың сөзіне сүйенсек, мұндағы білім беру деңгейі жаман емес. Дегенмен бізді аға сержант Ержан Бабажановтың білім беруге қалай бет бұрғаны қызықтырды.
– Мен бұған дейін 4 взвод сержанты болып жүрген кезде сарбаздармен үнемі бірге болатынмын. Оларды атыс алаңдарына апаратын едім. Сол кезде пулемет қолдануды оқыту және бөлшектеу жұмыстарына да атсалыстым. Нұсқаушыларға көмектесе жүріп, өзімнің де қызығушылығым барын білдім. Нәтижесінде бір адамдай білім мен біліктілік жинаған соң, қазіргі лауазымым ашылғанын естіп, ауысуға өтініш білдірдім. Біз екі айлық оқудың соңғы кезеңдерінде сарбаздарды атыс алаңына апарып, ату жаттығуларын жасатамыз. Бұл кезде өзіміз де БТР-мен оқ атып, үлгі көрсетеміз. Мұндағы мақсат – сарбаздарға әдіс-тәсілді көрсету. Мысалы, ауа райы жел болып тұрған сәтте немесе қараңғы уақытта қалай ату керек деген секілді сұрақтарға жауап береміз. Қысқасы, кез келген ауа райы жағдайында дәл көздеуді үйретеміз, – дейді аға сержант.
Ерекше саланың ертеңі
Осы әскери бөлімнің тағы бір аға сержанты Асылан Момоев Ұлттық ұлан РХБҚ бөлімшелерінің командирлерін қалай даярлайтынын айтып берді. РХБҚ дегеніміз – Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау. Осы салада 15 жыл тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Асылан Момоев Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылында 1987 жылы 9 наурызда дүниеге келген. 2009 жылы маусым айында Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміне қызметке алынған.
Кейіпкеріміз радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау құралдарын жөндеу шеберлерін дайындайды. Келісімшарт негізінде қызмет атқаратын әскери қызметшілерді, взвод сержанттарын әзірлеу, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау взводының сержанттарын жауынгерлік дайындықтан өткізу, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесінің командирлерін даярлау және қайта дайындау, арнайы өңдеу бөлімшелерінің командирлерін, арнайы құралдарды және тұтандырғыш – отшашқыштарды дайындау және тағы басқа да мамандарды әзірлеумен шұғылданады.
– Пандемиядан кейін РХБҚ бөлімшелеріне ерекше назар аударыла бастады. Мысалы, ертеректе бізде РХБҚ бөлімшелері болса, 2021 жылдан бастап Ұлттық ұлан сапында РХБҚ взводтары жасақтала бастады. Взводқа үш бөлімше кіреді: барлау, арнайы өңдеу және отшашқыштарды дайындау. Осыдан кейін штат саны артты. Оң өзгерістер бастау алды, – дейді Асылан Момоев.
Біз келгенде ол РХБҚ бойынша білім алушыларға АРС-14 әскери көлігін таныстырып жатты. Бұл көлік әскери техникалар мен қару-жарақтарды және жолдарды залалсыздандыруға арналған сұйықтық шашуға арналған. Қызметі жағынан өрт сөндірушілердің көлігіне келіңкірейді. Аталған мамандық бойынша қайта даярлықтан өтетін әскери қызметшілер мұндай техникалармен егжей-тегжей танысады. Ал білім алатын сарбаздар РХБҚ құралдарын жөндеуді оқиды.
Мұнда да жылына Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің сарбаздары екі рет екі айлық мерзімге оқуға келеді. 2018 жылдан бері жылына кемінде 60 сарбаз оқытылады. Бұдан бөлек келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер де қайта даярлаудан өтеді. Солардың бірі – 5511 әскери бөлімнен келген қатардағы Мұхтар Үсенов. Ол – Қаңтар оқиғасы кезінде жеке құрамды сақтап қалғаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін иеленген азамат. Бүгінде Қаракемерге Арнайы құрал өңдеу бөлімшесінің командирі ретінде біліктілігін арттыруға келген.
– РХБҚ-ға қатысты құрал-жабдықтарды қандай жағдайда және қалай қолдану керектігі жөнінде сабақ өтіп жатырмыз. АРС-14 техникаларынан бастап, ИДК-1, ДК-4, ДП-5В, РКС-01 секілді басқа да аппараттарды қолдануды меңгердік. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері РХБҚ бойынша білімді жеке құрамды сақтау мақсатында игереді. Өйткені түрлі жарылыстар болғанда және ауада улы заттар таралған кезде берілген тапсырмаларды орындау үшін РХБҚ-дан білімің болғаны жөн. Бұл білім жалпы кез келген адамға артық болмас еді. Міне, сондықтан біліктілігімізді арттырып жатырмыз. Білім көкжиегіміз кеңейген соң бізге кіші сержант шені беріледі. Содан кейін жеке құрамдағы сарбаздарға осы тақырыпты үйретеміз, – деді Мұхтар Үсенов.