Халықтың күнделікті сұранысына ие азық-түлік тауарлары қатарына жататын тауық еті мен жұмыртқа дүкен сөрелерінде қолжетімді бағамен әрі жеткілікті мөлшерде тұруы керек еді. Алайда қыс ортасынан ауа жұмыртқа бағасы көтеріледі. Соның ізін ала бірқатар сауда желісіне аталған өнімдерді жеткізіп беру бойынша елеулі қиындық туындайды. Бұл – жыл сайын айна-қатесіз қайталанатын құбылыс.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, елде 65 құс фабрикасының 34-і жұмыртқа өндіру бағытында жұмыс істейді. Олар ішкі қажеттілікті толық жауып, сыртқа да еркін экспорттап жатыр. Өндіріспен қатар баға да өседі ара-тұра. Осыдан үш жыл бұрын он жұмыртқа 396 теңге болса, қазір 600 теңгеге жуықтайды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, елде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының маусымдық өсімі байқалып тұрады. «Жұмыртқа жазда арзандайды, қыста қымбаттайды, бұл – қалыпты нәрсе», деді министр.
2023 жылдың соңын ала, биыл жыл басында Ресей жұмыртқа тапшылығына ұрынды және бізге сұрау салды. Бұл өз кезегінде біздегі баға өсіміне әсер еткен сыңайлы. Жыл басынан бері бірінші санаттағы жұмыртқаның құны орта есеппен 1,6%-ға, ал былтырғы бір жылдың өзінде 15%-ға өскен. Бүгінгі күні жұмыртқа бағасы 700-830 теңге аралығында қымбаттап отыр.
Сауда және интеграция министрлігі жұмыртқаның 2,5%-ға өскенін растады. Мұны қыс мезгілінде аталған өнім тұтынушылар қатары артып, жазғы уақытта бағаның төмендейтіндігін, осылайша бағада ауытқушылықтын орын алатынымен түсіндіреді. Арман Шаққалиев еліміз өзін жұмыртқамен толық қамтамасыз етеді дейді, алайда құс етінде импортқа тәуелділік бар екенін жасырмайды.
«Бірақ біздің нарыққа келетін ағындар әртараптандырылған. Егер импорттың бір бағыты қысқарса, онда біздің ауысуға және басқа бағыттардан импортты алмастыруға мүмкіндігіміз бар», дейді министр.
Елімізде аталған сала бойынша 34 жұмыртқа және 31 ет бағытындағы құс фабрикасы жұмыс істейді. Жыл сайын олар 5 млрд дана тауық жұмыртқасын өндіреді екен. Өткен жылдың 11 айында 4 919,9 млн дана жұмыртқа (98%) өндіріліп, 186,6 млн данасы экспортталған (Ресейге – 2 млн 600 мың, Ауғанстанға – 114 млн, Қырғызстанға – 70 млн). Сол аралықта Қазақстан сырттан 264,1 млн дана жұмыртқа импорттаған. Былтыр 328,6 мың тонна сойыс салмағындағы құс еті өндірілген (2022 жылы – 288,7 мың тонна). Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 мың тоннаға жуық аз. Отандық құс фабрикалары ішкі нарыққа өнімнің 74%-ын жеткізген. Бытыр қаңтардан бастап бір данасы 3 теңге нормативтегі жұмыртқа өндірісінің өзіндік құнын төмендетуге берілетін субсидиялар алынып тасталған болатын. Осыған қарамастан, Азық-түлік корпорациясы құс фабрикаларына 126,7 мың тонна жемдік астықты қосымша құн салығын қосқанда тоннасына 117 мың теңге бағамен, яғни нарық бағасынан 30 мың теңгеге арзан сатқан.
Жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары жоқ өңірлерде, мәселен, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Абай және Ұлытау облыстарында отандық жұмыртқамен қамтамасыз етуді арттыру үшін қуаттылығы жылына 802 млн дана жұмыртқа өндіретін 10 инвестициялық жобаны іске асыру көзеліп отыр. Ол үшін министрлік «Инвестициялық субсидиялау ережесіне» тиісті өзгерістер енгізуді қалайды.
Тауық жұмыртқасын өндіруші «Alsad Kazakhstan» кәсіпорнының бас директоры Оңдасын Тілеулиев бүгінде жұмыртқа бағытындағы құс өндіру пайдасы төмен бизнеске айналғанын айтады.
«Құс өндіру басқа бизнес түрлері сияқты мемлекеттің қолдауымен бірге дамуға тиіс. Мемлекеттен қолдау болмағандықтан елімізде көптеген фабрика жұмысын тоқтатқан. Субсидия алынып тасталғаннан кейін жабылып қалғандары да бар. Жұмыртқа өндіруге арналған субсидиялардың күшін жоюы отандық өндірушілерге кері әсерін тигізіп отыр. Бұл ретте мемлекет жеңілдетілген несие беру, вакциналарға жұмсалған шығындарды өтеу секілді өзгеше қолдау көрсете алмайды. Сондай-ақ жұмыртқа бизнесі маусымдық өзгерістерге бейім. Жаз мезгілінде өнім бағасы халықтың сұранысының төмендеуіне байланысты өзіндік құнынан төмендеп кетеді, ал қыста жазғы кезеңге дейінгі бағаға оралады. Сөйтіп, құс өсірушілер несие берушілер алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындауда қиындыққап тап болады. Кейбір құс өсірушілер жұмысының тоқтап қалуына шетелден келетін жемшөп пен вакцинаның қымбаттауы да себеп болып отыр», дейді ол.
Сарапшылар субсидия беруде реформа қажет екендігін айтады. Өйткені кей кәсіпкерлердің ақшаны мақсатсыз пайдаланатыны шындық. Сондықтан субсидияларды бөлу үдерісі ашық болуы, ал субсидия алушылар үшін талап қатаңдатылуға тиіс.
«Субсидия – бұл мемлекеттік бюджет, халықтың салық төлемдері. Халықтың ақшасымен тиімсіз жүргізген кәсібінің қарызын жабу дұрыс емес. Өз бизнесін жақсарту үшін салық төлеушілердің ақшасын алды ма, онда жүргізіп отырған кәсібін де жақсартуға тырысу керек. 20 жыл бойы субсидияға қаншама ақша алып, бірақ сол уақыт ішінде бизнесті құра алмаған адамдар кәсібін тоқтатып, нарықтың басқа ойыншыларына орын берсін», дейді экономист Әлішер Қожасбаев.