Түркістан қаласында «Географиялық көрсеткіштерді құқықтық қорғау және олардың ұлттық брендтерді ілгерілетудегі рөлі» атты халықаралық семинар өтті.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының қолдауымен Әділет министрлігі ұйымдастырған іс-шараның басты мақсаты – тұрақты дамуды ілгерілетудегі географиялық көрсеткіштердің ерекше рөлін талқылау. Семинарға ДЗМҰ, Еуропалық Одақ, Әзербайжан, Орталық Азия елдері, мемлекеттік органдар, ғылыми және білім беру мекемелері, өндірушілер мен мамандар қатысты.
Әділет министрі Азамат Есқараев «географиялық көрсеткіштер бүкіл әлемде белгілі бір өңірдің тауарлары мен қызметтердің және агроөнеркәсіптік өңірлерді дамытудың орнықтылығын арттырудың тиімді құралы екенін» атап өтті. Ол Түркістан облысы еліміздің негізгі аграрлық өңірлерінің бірі ретінде көптеген географиялық көрсеткішті тіркеуде үлкен әлеуетке ие екенін де айтты.
Іс-шараға ДЗМҰ брендтері секторының Лиссабон тізілімінің директоры Александра Грациоли, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы географиялық көрсеткіштердің маңыздылығына тоқталып, өндірушілер, тұтынушылар және жалпы қоғам үшін, оның ішінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру, дәстүрлі білім мен мәдени мұраны сақтау, туризм мен экологияны дамытудағы артықшылықтарын атап өтті.
ӘМ Зияткерлік меншік құқықтары департаментінің директоры Шолпан Әбдіреева географиялық көрсеткіштердің әлеуметтік-экономикалық аспектілері туралы баяндады. Жиынға қатысушылар заңнамадағы кейбір маңызды новеллалар және оларды қолдану тәжірибесі туралы пікірлерін ортаға салды.
Семинардың бірінші күні географиялық көрсеткіштерді ұлттық деңгейде тіркеу және пайдалану тәжірибесіне арналса, екінші күні Әзербайжан мен Орталық Азия елдерінде географиялық көрсеткіштерді пайдалануды құқықтық реттеудің тұжырымдамалық мақсаттары мен мәселелері қаралды.