ОЛ – ОТАНДЫ ШЕКСІЗ СҮЮ
Оттан да ыстық Отанды шексіз сүю, қажет болса сол жолда өмірді де құрбан ету – әрбір азаматтың ар-намысының, парасат-пайымының ең басты өлшеміне айналуы тиіс. Ұлы бабалар ұлағаты осындай. Сол бір асқар таудан да асқақ мақсат биігінен көрінгендердің арасында Ұлы Отан соғысының ардагері, “Қызыл Жұлдыз”, І-ші және ІІ-ші дәрежелі “Отан соғысы” ордендерінің және көптеген медальдардың иегері Қонаш Сарыұлы да бар. Бүгінде сексен бес асуды артқа тастаған майдангер небәрі он жеті жасында 1943 жылы қан майданға аттанып, сұрапыл соғыстың ащы зардабын бастан кешті.
Ол 1943 жылдың наурыз айында Батыс Қазақстан облысынан қан майданға аттанып, РСФСР-дің Орынбор облысындағы Тоцк әскери лагерінде алты айдай оқу-жаттығу курсында оқыған соң зеңбірек көздеуші мамандығын игерді. Тәртібі тым қатал оқу-жаттығудан қолы қалт етіп босаған кезде Қаратөбеде тұла бойы тұңғыштарын сағынып сарғайып, екі көзі төрт болған әке-шешесі – Ерғали мен Әдеміге дұғай-дұғай сәлем жолдап хат жазатын. Орынбордың сақылдаған сары аязын жырға қосып: “Ойын жақсы ортада, дегенмен жүрек қорқады, Байпақтан тоңған аяғым, бәтеңкемен жортады”, деп өлеңдетіп, көңіліндегі сырын да шертетін.
Әскери лагерьдегі бес-алты ай ештеңе емес екен. Әлі оңы мен солын танып білмеген жас жігіт “қуырдақтың көкесін” Орел қаласының түбінде алғаш рет ұрысқа қатысқанда көрді. Ең таңқаларлығы, өзінің кәмелеттік жасқа толған туған күнін – гүрілдеген зеңбірек, айқыш-ұйқыш атылған ракета, бір сөзбен айтқанда, жан алысып, жан беріскен аласапыран қырғын шайқастың ортасында қарсы алды.
Соғыстағы майдан жолдарында Жоғарғы Бас қолбасшы қолынан қатарынан 23 рет Алғыс хат алған аға сержанттың ұрыс жолдары Житомир артиллерия дивизиясы құрамында өтті. Алғашында зеңбірек расчетінде көздеуші болған жас жігіт, соңынан шағын топтағы жабдық командирі болды. Алғыс хаттың 12-сі Украинаның Житомир, Львов қалалары мен селоларын азат етуге қатысқан ерліктеріне тікелей қатысты болса, қалғандары Кеңес Одағы шекарасынан тыс елдерді жау құрсауынан босатуға байланысты берілген марапаттар. Ұлы Жеңіс күні – 9 мамырды Дрезденде қарсы алған жас жігіт бірден туған еліне оралмай, тағы да бес жыл бойы әскер қатарында қызмет етіп, жас жауынгерлерге ұстаздық етті.
Украинадан Польша мен Чехославакия арқылы Германияға дейін от-жалынды майдан жолдарынан өткен ержүрек азамат ауыр ұрыстарда қатар жүрген майдандас достарын сағынышпен еске алады. Солардың ішінде өмір мен өлім арпалысқан сәтте жанында болған жолдасы Никита Егорович Шутовтың есімі ол үшін ерекше қымбат. Жау снаряды жақын келіп жарылған бір шайқаста екеуінің жарық дүниеден тататын дәм-тұзы таусылмай, аман қалған-ды. Бұл атақты Одер өзенін кешіп өту кезінде болған қайғылы оқиға еді. Өзенге түскен зеңбірек пен бес жауынгер суға кетті. Досымен бірге малмандай су киімімен өзенге бір батып, бір шығып, әйтеуір қарсы жағалауға іліккендері есінде қалып қойыпты.
– Соғыс қасіретінен кейін көз жазып көре алмай қалған қанды көйлек серігіммен бір кездесіп, жүздесу көңілімдегі көптен аңсаған бір арманым еді. Соңынан оны іздеп, Свердлов облысының әскери комиссарына хат жолдадым. Содан соң Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен жауап хат алдым. Туған жеріне оралғаннан кейін, ол 1961 жылы небәрі 49 жасында қайтыс болыпты. Қайткенмен де, ұрыс даласында басталған достық аумалы-төкпелі уақыт сынынан қаймықпайтын ең берік достық болатынына менің көзім жетті. Міне, ұлан-байтақ елімізде Ұлы Жеңістің 65 жылдығы тойлануда. Менің есімнен әлі де майдандас достарым кетпейді. Досым, кіші лейтенант Николай Шутов кейде түсіме кіреді. Менің ең бірінші көмекшім, әрі ұстазым болған Николай сияқты азаматтар өмірі жас ұрпақтар үшін өмірлік тағылым екендігі даусыз, – дейді Қонаш аға өткен күндерге көз жіберіп.
Житомир, Шумск, Ямполь, Львов, Староконстантиновск және басқа да көптеген қалаларды жаудан босатуға қатысқан қазақ жауынгерінің ерлігін украиндықтар ұмытпапты. Ұлы Жеңістің 60 жылдығында Алматы қаласындағы Украинаның сол кездегі бас консулы Сергей Шидловский ардагерге бірден “Украинаны азат еткені үшін” және “Отан қорғаушысы” атты екі медальды тапсыруы соның айқын айғағы болса керек.
Қонаш Сарыұлы ұзақ жылдар отасып, өмірлік қосағы болған жан жары Орынғаным екеуі Сағындық, Марат және Болат атты ұлдарын азамат етіп өсірген адам. Қазір олардан бес немере сүйіп отыр.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
АЛМАТЫ.