Отандық өнеркәсіпте жетекші орын алатын 3 ірі және 30-дан астам шағын мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) жұмыс істейді. Мұнда бензин, авиациялық керосин, дизель отыны, мазут, битум, мұнай коксы және басқа да қажетті мұнай өнімдері өндіріледі.
Мұнай өнімдері ішкі нарықты жабады
Бізде жыл сайын 80 млн тоннадан астам мұнай өндіріледі. Басым бөлігі шикі мұнай күйінде экспортталады. Өңделген жекелеген мұнай өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталады. Алайда кен орындарындағы түрлі жағдайға байланысты кейінгі жылдары өндіріс деңгейі құбылып, жоспардан тыс ауытқу жиі туындайтын болды. Биыл мұнайдың 73–75 млн тоннасын экспортқа, 17–18 млн тоннасын ішкі нарыққа бағыттау жоспарланып отыр. Былтыр Энергетика министрі 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге Қазақстаннан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері аумағынан тысқары жерлерге экспорттауға тыйым салынған мұнай өнімдерінің тізбесін бекіту туралы бұйрыққа қол қойды. Қазақстанның Ресейден дизель отынын баж салығынсыз сатып алуына, тиісінше дизельді және басқа да мұнай өнімдерін, оның ішінде жеңіл дистилляттарды, яғни нафтаны (тікелей айдалатын бензин) кері экспорттамауға міндеттеме қойған болатын.
Министрліктің бағамдауынша, МӨЗ, мұнай базалары мен жолдардағы дизель отынының жиынтық қоры – 626 мың тонна. 2023 жылғы 12 сәуірде нарықтағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Энергетика министрлігі №140 бұйрығын жариялады. Онда мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге, әсіресе дизель отынына (жазғы, маусымаралық) шекті баға бойынша литріне 450 теңгені бекітті.
МӨЗ-ді бәсекеге ынталандыру мардымсыз
«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясының жылдық есебіне көз жүгіртсек, онда жаңғыртудан кейін мұнай өңдеу жөніндегі үш МӨЗ-дің жиынтық қуаты 16,3%-ға, жылына 16,1 млн тоннаға дейін өскенін байқауға болады.
МӨЗ жаңғырту бағдарламасы өңдеу тереңдігін 90%-ға дейін арттыруға бағытталған. Қайта жаңғырту жүргізілгенге дейінгі кезеңде еліміздегі отын нарығының қажеттілігі Ресейден импорттық жеткізілімдер есебінен қамтамасыз етіліп отырды. Біздің нарықтың импортқа тәуелділігі – шамамен 30%, ал жекелеген позициялар бойынша – 40%. Сарапшылардың айтуынша, жаңғырту нәтижесі бензин импортын толыққанды шешуге мүмкіндік берген.
Дизель отыны мен авиакеросин импортына қажеттілік шамалы сақталып отыр – нарықтағы жылдық тұтынудың шамамен 5%-ын құрайды. Сонымен қатар жанармай құю бекеттерінде дизель отынына сұраныс өте жоғары. Кейінгі жылдары Қазақстанда дизель отынын тұтыну негізінен Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шектесетін облыстарда жоғары сұраныс есебінен өсіп жатқаны айтылады. Бұл осы елдерден келетін ауыр жүк көліктеріне транзиттік жанармай құю қажеттілігіне байланысты. Қажеттіліктің артқаны сонша, жанармайды контрабандалық жолмен әкету де өріс алған.
Әйтпесе өзімізде өндірілген бензин ішкі қажеттілікті қамти алады. Алайда кейінгі жылдары саланың инвестициялық тартымдылығының төмендеуіне байланысты жеке сектордың ішкі инвестициясы ғана емес, тікелей шетелдік инвестиция да құлдыраған. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымы қысқарды, жұмыс істеп тұрған кен орындарында өндіру азайды, ал жаңаларында қорлардың өсуі іс жүзінде нөлге тең. Мұнай өнімдерін өндіру мен өткізудің негізгі нобайы ретінде толлинг сызбасының басым болуы мұнай өңдеу зауыттарын коммерциялық пайда тізбегінен шығаруға әкелген. Нәтижесінде, мұнай өңдеу орындарында бәсекеге қабілеттілікті одан әрі дамытуға ынталандыру кеміп кетті. Қайта өңдеуге жеке инвестиция тарту мүмкіндігі төмендеп, МӨЗ қызметі толығымен мемлекетке қарап қалған (мемлекеттік компаниялар арқылы). Бұл қоғамның неғұрлым басым міндеттерін шешу үшін бюджет қаражатын босатуға мүмкіндік бермейді.
Бүгінде еліміздегі ірі мұнай өңдеу зауыттары іс жүзінде квазимемлекеттік сипатқа ие. Түгелге жуығы жобаларын Қазақстан даму банкі арқылы қаржыландырады. Осы тізбектегі тәуекелдердің негізгі үлесі «ұлттандырылса», пайданың негізгі үлесі «жекешелендірілген» болар еді.
Шағын зауыттың шынайы ахуалы
Дәл қазір шағын мұнай өңдеу зауыттары қиын жағдайда. Қуаттылығы төмен мұнай өңдеу зауыттарының негізгі табыс көзі – мазут, пеш және кеме отыны, сондай-ақ нафта сияқты мұнай өнімдерінің түрлерін өндіру әрі экспортқа шығару. Сарапшылар бүкіл ел бойынша жиырмадан астам қуаты аз мұнай өңдеу зауытының біразы жабылудың сәл-ақ алдында тұр дейді. Өйткені мұнай өңдеу саласындағы жұмысшылардың жалпы саны ондаған мың адамға жетеді. Әрбір зауыттың екінші деңгейлі банктер алдында бірнеше миллиард теңгеге жуық қарызын ескерсек, жағдайдың расында мүшкіл екенін түсінуге болады. Мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы тоқтаса, ел экономикасына әсер етпей қоймайтындығы анық. Себебі бюджет салық түріндегі орасан зор ақшалай түсімдерден айырылады, ал екінші деңгейлі банктер өз қарызын қайтарып ала алмайды. Сонымен қатар жұмыссыздар санының да артып кетері белгілі.
ЕАЭО шеңберінде саудаға салынған шектеулер шағын мұнай өңдеу зауыттарының жағдайын түзетпейді, себебі елімізде әлеуетті сатып алушылар өте аз. Нафта, пеш және кеме отыны ЕАЭО нарығында сұранысқа ие емес. Біздегі нафта өткен жылдың сәуір айынан бастап, Ақтау зауытында резервуарлық паркте, сондай-ақ Маңғыстау облысының Баутино кентіндегі Теңіз мұнай құю терминалында жинақталып жатыр. Онда ол кемеге ауыстырып тиеу және экспорт үшін сақталады. Нафта өндірісінің үлесі басқа өнімдерімен қатар 2023 жылы – шамамен 20%, ал дизель отыны шамамен 25%-ды құраған.
«Mangystau Oil Refining» ЖШС мұнай өңдеу зауытының өкілдері де барлық резервуардың нафтамен толтырылғанын, бұдан әрі жинақтайтын жер жоқ екендігін айтады.
«Біз үлкен шығынға ұшыраймыз, көлемі бүгінде шамамен 8 млн долларды құрайды. Қаржы несие желілерін өтеуге, зауыт жұмысына, шикізат сатып алуға бағытталды. Несие желісін алу үшін біз барлық мүлкімізді, соның ішінде зауыттың өзін, кеңселерді, инфрақұрылымдарды кепілге қойдық. Бүгінде атом электр стансасынан тыс мұнай экспортына тыйым салудың қалыптасқан жағдайына байланысты біздің несие төлемдеріміз үзіліссіз жүріп жатыр, зауыт тоқтап қалайын деп тұр. Ең қиыны – қызметкерлеріміздің жалақысын және салық міндеттемемізді уақтылы төлем жасай алмаймыз. Әрі шикізат үшін мұнай кен орындары алдындағы берешегіміз де бар. Барлық айналым қаражатымыз резервуарлардағы нафтада жатыр. Сонымен қатар сыйымдылығы 60 тоннадан асатын бір цистернаны жалға алу үшін күніне шамамен 45 доллар төлейміз. Ал бізде 100-ге жуық цистерна бар», дейді «Mangystau Oil Refining» ЖШС директорының орынбасары Қуаныш Тайғұқов.
Біраз уақыт бұрын мемлекет тарапынан шағын мұнай өңдеу зауыттары шығаратын өнімнің сапасын арттыру үшін техникалық реттеу талаптарын күшейту қажеттілігі мен ЕАЭО техникалық регламентіне сәйкес келмейтін аталған өндіріске салықтық және кедендік жеңілдіктерді алып тастау жөнінде ұсыныс айтылған еді. Одан өзге, жанар-жағармай жөнелту кезінде теміржол қызметін көрсету тұрғысынан бағаның негізсіз өсуін, жекелеген компаниялардың бәсекесіз қызметіне жол бермеу үшін тарифтерді төмендету туралы әңгіме қозғалды. Дегенмен әлі де болса мұнай өңдеуші шағын зауыттар толық қуаттылығында жұмыс істей алмай отыр. Сәйкесінше, елде жанармай тапшы әрі бағасы қымбат.
МӨЗ-дерге Энергетика министрлігінен өз өнімдерін өндіруге, мұнай өнімдерін өңдеу мен айналымы туралы тұрақты есеп жасауға паспорт берілген. Мәліметтерге қарағанда, шағын мұнай өңдеу зауыттары жыл сайын орта есеппен 750 мың тонна мұнай өнімін өндірсе, оның ішінде мазут орта есеппен 350 мың тоннадан кем емес немесе ірі мұнай өңдеу зауыттарында өңделген барлық мұнайдың 3 пайызынан аспайтын көрінеді. Қалған бөлігі 350-450 мың тонна мұнайдан, теңіз отынынан, мазуттан және дизельдік отыннан түзіледі.
Мамандар не дейді?
«Маңғыстау мұнай өңдеу зауытында өндірілетін мұнай өнімдерінің жалпы көлемі 20-25%-ды құрайды. Нафтаны ЕАЭО елдерінде сатуға болмайды, Ресейдің өзінде бар, бірақ Қырғызстанда мұндай мөлшерде қажет емес. Облыста қазірдің өзінде жарты жылда 30 мың тоннадан астам дизель отыны түріндегі акцизделетін тауарларды шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрған кезде дизель Ресейден өте жоғары бағамен әкелініп жатыр. Бірақ неге екені белгісіз, мемлекет бізді қолдамайды. Үкіметке көршілес елден импорттап, оның өндірушілерінің құқығын шектейтін келісімге қол қоюы ыңғайлырақ. Елімізде шағын мұнай өңдеу зауыттарының барлығы осындай күйде тұр», дейді «Mangystau Oil Refining» ЖШС директорының орынбасары.
Аталған зауыттан шығатын өнімдер зертханалық сынақтан өткен, стандартқа сай. 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында 125 мың тонна мұнай өнімі өндіріліп, оның 33 мың тоннадан астамын дизель отыны құраған. Өндірілген өнімнің түгелі өңірде сатылған.
«Жоғары күкіртті мұнайдан жасалған өнімдерге салынатын экспорттық баж салығы дизельдік отынға қарағанда 2,5 есе жоғары – тоннасына шамамен 60 доллар. Мұндағы өнімнің құрамында су, тұз, қышқыл күкірт бар. Мұндай өнімдермен шағын мұнай өңдеу зауытында К4-К5 сапалы дизельді шығару мүмкін емес. Бұл үшін ірі зауыттар қажет. Ал ірі зауыттар мұндай өнімдерді қабылдауға жабдықталмаған. Олар біздің өнімдерді шикі мұнаймен араластыра алмайды», дейді Ақтөбедегі «Вернал Ойл Қазақстан» мұнай өңдеу зауытының өкілі Аманай Сембекұлы.
Еліміздегі барлық шағын мұнай өңдеу зауыты мазут, дизель және нафтаны шығарады. Ішкі нарықтағы ірі ойыншылардың арқасында олар өз өнімдерінің басым бөлігін экспорттауға мәжбүр. Ал акцизделетін тауарлар ішкі нарыққа шығады. Жергілікті жерде өндірілетін дизель көктем мен күзгі вегетациялық кезеңде аймақтық тапшылықты өтейді.