• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Жекпе-жек 06 Наурыз, 2024

Ақ жол, Асу!

435 рет
көрсетілді

Барша қазақ жанкүйері 10 наурызда АҚШ-тың Майами қаласында жалауы желбірейтін UFC-299 турнирін тағатсыздана күтіп отыр. Сол кеште қазақтың танымал аралас жекпе-жек шебері Асу «Зұлпықар» Алмабаев жергілікті файтер Си Джей Вергарамен күш сынасады.

Си Джей 1991 жылдың 18 маусымында Сан-Антониода дүниеге келген. Әу баста спорттың сан алуан түрімен айналысқан бозбала есейе келе муай-тайға қызығушылық танытты. 2012 жылдан бері ол аралас жекпе-жекке мықтап ден қойды. Сол аралықта Вергара 17 мәрте жекпе-жекке шығып, 12 рет жеңіске жетті. Бұл айқастардың жетеуінде айқын жеңіске қол жеткізді. Төрт рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді.

30 жастағы Асу – Жамбыл облысы, Сарысу ауданының тумасы. Бастапқыда ол отандық Алаш Прайд, ресейлік Tech-Krep FC, Fight Nights Global, АСА, М-1 және бахрейндік Brave лигаларында өнер көрсетті. Былтыр 5 тамызда қазақтың қайсар ұлы UFC-дегі тұсаукесер кездесуін Оди Осборнға қарсы өткізіп, оны екінші раундта қылқындырып тас­тады. Жалпы 10 жылда Алмабаев 20 мәр­те октагонға шығып, соның 18-інде жеңіс­ке жетті. Сол жекпе-жектердің тең жарты­сында айқын басымдық танытты. 2017 жыл Асу үшін сәтсіз болды. Қандасымыз Махачкалада дағыстандық Тагир Уланбеков пен Алматыда әзербайжандық Мехман Маме­довке есе жіберді. Ал содан кейінгі алты жыл аралығында ол 14 кездесу өткізіп, барлық қарсыласын қапы қалдырды. Оған қоса, «Зұлпықардың» джиу-джитсудан әлем және комбат джиу-джитсудан Азия чемпионы деген атақтары бар.

Майамиде біз Асу Алмабаев пен Си Джей Вергараның жекпе-жегінен бөлек, тағы 14 кездесуді тамашалаймыз. Бұл кештің басты бәсекесінде Шон О’Мэлли (17-1) мен Мар­лон Вера (21-8-1) және Дастин Порье (29-8) мен Бенуа Сен-Дени (13-1) арасында өтеді. Сондай-ақ Майкл Пейдж (21-2) бен Кевин Холланд (26-9), Гилберт Бёрнс (22-6) пен Джек Делла Маддалена (15-3), Пётр Ян (16-5) мен Ядун Сун (21-7-1), Жаилтон Ал­мейда (20-2) мен Кёртис Блейдс (17-4) және Ма­теуш Гамрот (23-2) пен Рафаэль дос Аньос сынды саң­лақтардың да (32-15) айқасы да көрер­мен­дер көңілінен шығатынына күмәніміз жоқ.