• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 06 Наурыз, 2024

Үкімет басшысы Павлодар мұнай-химия зауытының жаңғырту жоспарымен танысты

125 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысында мұнай өңдеуді ұлғайту және мұнай-химия секторы кәсіпорындарын толық қуатына шығару жөніндегі шаралармен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Павлодар мұнай-химия зауытына барып, оның қазіргі жұмысымен және өндірісті одан әрі жаңғырту жоспарларымен танысты. Басым жобалардың бірі – технологиялық қондырғылар жұмысының тоқтаусыз жөндеуаралық кезеңіне көшу.

Бүгінгі таңда ПМХЗ жылына шамамен 6 млн тонна мұнай өңдейді. Шығарылатын өнімдердің ішінде автомобиль бензинінің әртүрлі маркалары, дизель отыны, мазут, битум, коммуналдық-тұрмыстық газдар және т.б. бар.

Олжас Бектеновтің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарықты отынмен қамтамасыз ету бойынша Үкімет алдына нақты міндеттер қойды. Осыған байланысты мұнай өңдеу зауыттары мұнай өнімдерінің бүкіл желісі бойынша өндіріс көлемін ұлғайту үшін барлық шаралар кешенін іске асыруы қажет.

Отандық экономиканы дамыту үшін жол құрылысының маңызын ескере отырып, ПМХЗ-да битум өндіретін пештің құрылысы аяқталды, бұл оның өндірісін 15%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Премьер-министр зауыт басшылығына жұмыс қарқынын арттыру қажет екенін, бұл ретте мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниясының МӨЗ-інде қайта өңдеу көлемі 20%-ға – жылына 14,2 млн тоннадан 16,6 млн тоннаға дейін ұлғайды. Мұнайды өңдеу тереңдігі рекордтық 86%-ға жетті, ал жеңіл мұнай өнімдерін шығару 72%-ға дейін өсті. Автомобиль бензиндері өндірісін 80%-ға және дизель отыны өндірісін 30%-ға ұлғайту есебінен ішкі нарықтың қажеттілігі толығымен қамтамасыз етілді.

«Біздің алдымызда қайта өңдеу тереңдігін одан әрі арттыру міндеттері тұр. Атап айтқанда, ПМХЗ-да дизель отынын гидротазарту жобасы іске асырылып жатыр, ол кәсіпорынға -38 градуста қататын 160 мың тоннаға жуық дизель шығаруға мүмкіндік береді. Отынның бұл түрі республиканың солтүстік аймақтарында ерекше сұранысқа ие», деді ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев. 

 

Сонымен қатар Үкімет басшысы ұсақталған полипропилен және басқа да полимер бұйымдарын шығаратын «Нефтехим LTD» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Мұнда ПМХЗ-дан жеткізілетін сұйытылған мұнай газын өңдеуден бастап дайын өнімге дейін өндірістің толық циклі жүзеге асырылды. Өз кезегінде ол ішкі нарықта, сондай-ақ Қырғызстанда, Ресейде, Тәжікстанда және Өзбекстанда жоғары сұранысқа ие.

Олжас Бектенов Павлодар облысында мұнай-химия кластерін дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, «Нефтехим LTD» зауыты полипропилен өнімдерін импорттау мәселесін шешіп қана қоймай, сондай-ақ отынға қоспа түрінде экспортталатын жаңа бағытты игерді.

Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне әрі қарай өндірісті ұлғайту үшін кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін мұқият пысықтауды тапсырды.