Әлеуметтік желіде осы жылдың шілде айынан бастап әр балаға 70 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі деген хабарлама тарады. Ақпараттың анық-қанығын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен сұрап білдік, деп жазады Egemen.kz.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі балаларға арналған бірыңғай жәрдемақы енгізетіні туралы таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде дауыстық хабарламалар мен бейнероликтер арқылы көпбалалы отбасылардағы әрбір балаға 2024 жылғы шілдеден бастап 70 мың теңге мөлшерінде бірыңғай жәрдемақы енгізілетіні туралы жалған ақпарат таратылып жатыр. Бұл ақпарат жалған», деп жауап берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар жауапты мекеме азаматтарды ресми ақпаратқа сүйенуге шақырып, жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын еске салды.