• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Марапат 07 Наурыз, 2024

Бочча жеңімпаздары марапатталды

97 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының пре­зиденті Мәулен Әшімбаев атал­ған паралимпиадалық спорт түрінен дәстүрлі турнирдің жабылу рәсі­міне қатысып, жеңімпаздарды марапат­та­ды. Жарыс боччадан алғаш­қы қазақ­стандық жаттық­тырушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналды.

Мәулен Әшімбаев сайысқа қатысушы­лар­ды турнирдің жоғары деңгейде өту­і­мен құттықтай келіп, Сұлтанбек Орын­ба­саровтың Қазақстанда бочча спортының қа­лыптасып, дамуына зор еңбек сіңіргенін атап өтті. Көшбасшылық, табандылық, спорт­қа адалдық сияқты қасиеттерімен та­ныл­ған ол көпке үлгі көрсетіп, жүздеген бала­ның жеңіске деген құштарлығын оятты.

Федерация президенті өткен үш жыл­дың ішінде елімізде аталған спортқа деген қызығушылардың қатары айтарлықтай артқанына назар аударды. Алғаш рет, яғни 2021 жылы сайысқа еліміздің алты өңірінен келген 30 спортшы қатысқан. Ал бұл жолы 10 өңірдің намысын қорғаған 70 спортшы бақ сынады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мұндай үрдіс инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстың маңыздылығын және мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы қауымдастықтың қаншалықты қажет екенін көрсетеді.

Сондай-ақ Сенат спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инклю­зивті қоғам құру мәселесіне үнемі баса мән беріп келе жатқанын айтты. Осыған байланысты елде кедергісіз орта қалыптастыру үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Берік институционалдық негіз қалыптасып, еліміздің ірі қалаларында бочча спортының үйірме-филиалдары ашылып жатыр.

«Жүйелі жаттығулар параспортшыны одан әрі шыңдап, олардың төзімділігін арттырып, намысын қайрайды. Әр адам өзінің бойындағы осындай қасиеттерді күнделікті жетілдіріп, дамытып отыруы қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету және кедергісіз орта қалыптастыру мәселелеріне әрдайым баса мән беріп келеді. Бұл – біздің мемлекетіміз бен қоғамның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Сондай-ақ осы мәселе Парламенттің де айрықша назарында», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата төрағасы Қазақстан бочча федерациясының алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. Бұл ретте Ұлттық құраманың кәсіби деңгейін арттыру, сол арқылы параспортшыларды қолдап, ынталандыру, елімізде аталған сайыс түрін одан әрі дәріптеу және «Баршаға арналған бочча» тұжырымдамасын іске асыру осы бағыттағы маңызды міндеттер ретінде белгіленгенін атап өткен жөн.

«Біз ерекше спортшыларды даярлау және жаттықтырушылар құрамын күшейту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз. Бұл істе өңірлерге басымдық берілетінін атап өткен жөн. Біз елімізде боччаны дамытудың негізгі екі бағытын белгілеп алдық. Біріншіден, әлеуеті жоғары параспортшыларды қолдаудың және олардың ірі халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етудің маңызы зор. Екінші перспективалық бағыт – «Баршаға арналған бочча» тұжырымдамасы. Мүгедектігі бар азаматтардың ортаға бейімделуіне ықпал ететін мұндай қадам спорттағы инклюзивті және интеграцияланған тәсілдің жарқын көрінісі екені анық. Федерацияның осы екі бағыт бойынша атқаратын жұмысы боччаны серік еткен азаматтардың мүддесін іске асыруа ықпал етеді деп сенеміз», деген Мәулен Әшімбаев жарыстың жоға­ры деңгейде өткізілгеніне және оған қатысу­шылардың шеберлігіне назар аударды.

Қазақстан бочча федерациясы маман­дары­ның айтуынша, Федерация жеке жарыс­тармен қатар, алғаш рет команда­лық және жұптық сайыстар өткізіп отыр. Бұл турнир еліміздің үздік боччашы­ларын анықтау, инклюзивті қоғам құру жолында атқарылып жатқан жұмыстар­ға жұртшылықтың назарын аудару және мүге­дектігі бар азаматтардың тең құқығы мен мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейді.

Айта кетейік, боччадан ашық респуб­ликалық турнир 4–6 наурыз күндері елордадағы «Аспан» спорт кешенінде өтті. Жарысқа еліміздің 10 өңірінен, нақты айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Атырау, Пав­лодар, Маңғыстау, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарынан келген 70 спортшы қатысты.