• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Наурыз, 2024

Көлік дәлізінің келешегі

75 рет
көрсетілді

Қазақстан үшін транзиттік әлеуетті арттыру – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Транзит дегеніңіздің өзі бірнеше елдің қатысуы арқылы реттелетін шаруа болғандықтан, жақын маңдағы көршілермен «Күлтөбенің басында» күнде кездеседі. Сондағы талқы ететіндері – көлік-логистикалық әлеуетті арттыру жолдарын іздеу. Тараптар үшін тиімді келісімге қолжеткізу.

Таяуда Маңғыстауда Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ) дәліздерін дамыту бойынша кеңес өтті. Онда Қазақстан, Ресей, Түрікменстанның бірлескен кәсіпорын құратыны жарияланды. Ақтау порты мен Иранның солтүстік порттары арасында жүк тасымалын жүзеге асыратын Солтүстік-Оңтүстік дәлізі – балама сауда маршруттарын дамыту тұрғысынан өте болашағы бар бағыт. Маңғыстау облысы арқылы Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс тармағы өтеді.

«Сервисті жақсарту, жүктерді жеткізу уақытын қысқарту және аталған көлік дәлізінде «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету үшін Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның теміржол әкімшіліктері бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік-Оңтүс­тік дәлізі бойынша теміржол көлігімен тасымалданған  жүктердің көлемі 2,1 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4%-ға артық. 2027 жылға қарай дәліздің көлік әлеуеті жылына 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғай­тылатын болады», деді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров. 

Айта кетейік, Солтүстік-Оңтүстік дә­лізі Скандинавия елдері мен ЕАЭО-ның солтүстік-батыс бөлігін Кавказ, Орта Азия арқылы Парсы шығанағы мемлекеттері­мен, Үнді мұхитымен байланыстырады. Аталған бағдар бойынша тасымалдың әлеуетті көлемі 20 млн тоннаға жуық. Дәлізге үш бағыт кіреді. Астрахан және Махачкала порттары арқылы Транскаспий бағдары, оның өткізгіштік қабілеті жылына – 5 млн тонна. Әзербайжан арқылы Астара шекаралық стансасына дейінгі аралықтағы Батыс бағдарының өткізу қабілеті – 1 млн тонна. Үшіншісі – Шығыс бағдары Қазақстан мен Түрікменстан арқылы өтіп, жылына 6 млн тонна жүк өткізе алады.

TХКМ – Шығыс-Батыс бағыттарына маңызды балама. Оның өткізу қабілеті – 6 млн тонна. Былтыр тасымалдау көлемі 2,76 млн тоннаға жетті. Бұл бұрнағы жылдан 65%-ға жоғары. Биыл жыл басынан бері тасымалдау 274,2 мың тоннаны құрап, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 147%-ға арта түскен. ТХКМ-де инфрақұрылымды және терми­налдық қуатты жақсарту, порттарды кеңейту, жылжымалы құрамды ұлғайту, әкімшілік кедергілерді алып тастау және тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мұның бәрі 2027 жылға қарай аталған көлік маршрутының өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ең ірі жұмыстардың қатарында «Достық-Мойынты» теміржол телімінің екінші жолдарын және «Алматы» айналма теміржол желісін, Ақтау теңіз портындағы контейнерлік хабты, Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды терминалын салу, екі портты да тереңдету шаралары бар.

Жалпы, жоғарыда айтылған екі бағыт­тан бөлек, ел аумағы арқылы Қытай – Еуропа, Қытай – Ресей, Қытай – Орталық Азия, Қытай – Иран транзиттік дәліздері де өтеді. 2022 жылы туындап, қазірге дейін жалғасып келе жатқан геосаяси жағ­дай мен санкциялық шектеулер тран­зит­тік тасымал динамикасын әлсіретіп жібер­ді. Мысалы, Қытай – Еуропа – Қытай бағдарында былтыр 6 айда контейнерлік тасымал көлемі 218 мың жиырма футтық эквивалентті (ЖФЭ) құрап, 2022 жылдың әдепкі жарты жылымен салыстырғанда 8,5 пайызға дейін төмендеп кеткені мәлім. Дегенмен бұл бәсеңдеу басқа ба­ғыт­тарды ішінара дамы­ту­ға ықпал етті. Сөй­тіп, логистиканы да­мы­ту бағытында клиенттерге жаңа бағ­дар­лар ұсынылды. Мәселен, Қытай – Ресей бағ­дары бойынша былтыр алғашқы жарты­жылдықта 1500 контейнерлік пойыз жө­нелтілген. Бұл көрсеткіш те одан алдыңғы жылдан 22 есе жоғары. Бұрын Беларусь елінен Қытайға контейнерлік пойыздар сер­висі Ресей арқылы өтсе, енді бұл тасымал Қазақстан арқылы ұйымдастырылып жатыр. 

Ел Үкіметінің хабарлауынша, жақын келешекте Транскаспий арқылы мұнай жеткізуді 3 млн тоннаға жеткізу көзделеді. Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдаудың тәуекелі артқаннан кейін еліміздің Ресейді айналып өтетін маршруттарды дамытуға ден қойғаны белгілі. Біз үшін ұзақмерзімді келешекте ұтымды амал болып саналатын Транскаспий бағыты аясында мұнай алдымен Ақтау теңіз портына жеткізіліп, сол жерден танкерге тиеліп Бакуге жөнелтіледі. Әрі қарай «Баку – Тбилиси – Жейхан» мұнай құбыры арқылы Жерорта теңізіне шығады. 

Жалпы, бұл бағдарды пайдаланушылар жол жүру бойынша уақыттан ұтатынын жақсы біледі. Өткен айдан бас­тап «KTZ Express» АҚ Қытайдың Сиань қаласынан Әзербайжан елінің Апшерон стансасы мен Грузия астанасындағы Поти стансасына үш контейнерлік пойыз жөнелтті. Бұл ретте, компания сервисінің артықшылықтарының бірі жеткізу мерзімі екені мәлім. Атап айт­қанда, Қазақстан аумағы арқылы Қытай­дан Әзербайжан, Грузия, Түркия және басқа да елдерге транзитпен 12-15 күн ара­лығында жетіп баруға болады. Жүк жөнел­тушілер «KTZ Express» АҚ ТХКБ бойынша жүктерді сапалы және уақтылы жеткізуді қамтамасыз ете алатынына сенімді. Жыл басынан бері аталған бағыттағы маршрут бойынша жүктердің кең номенклатурасы бар 13 контейнерлік пойыз жүрді.

Компания қызмет көрсету сапасын жақсарту мен тапсырыс берушінің қанағаттану деңгейін көтере беруге баса назар аударып отырады. Оған қоса бизнес-үдерістердің тиімділігін арттыруға және оңтайландыруға бағытталған цифрлық шешімдері тыс елдердегі әріптестердің ойын дөп басып тұр. 2024 жылдың алғашқы айында Ақтау теңіз порты арқылы жүктерді ауыстырып тиеудің жалпы көлемі 360 мың тоннадан асыпты. Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңнің көрсеткішінен 12,7%-ға жоғары көрінеді. Атап айтқанда, порт 3 мың тонна астық, 310 мың тонна мұнай мен мұнай өнімдерін ауыстырып тиеуді қамтамасыз еткен.

Теңіз айлағы 2,3 мыңнан астам контей­нерді жиырма футтық эквивалентте өңде­ген. Бұл өткен жылдың қаңтарындағы көрсет­кішпен салыстырғанда 30%-ға көп. Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2 мыңнан астам ЖФЭ (жиырма фунттық эквавалент) бар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың деңгейіне қарағанда 2 есе өсіпті. Жалпы, былтыр теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемі 23,2 млн тоннаны құрады. Сөйтіп, жылдық тасымал көрсеткіші 10 пайызға жеделдеді. Контейнерлік тасымал көлемі 1,1 млн доллар ЖФЭ-ге жетіп, ол да бұр­нағы жылдан 6 пайызға артты. 

Сонымен қатар ТХКБ бойынша транзиттік тасымал көлемі 1,3 млн тоннаны құрағаны мағлұм. Негізі бұл бағыт бойынша өтетін негізгі ағын контейнерлік емес жүктермен байланысты. Бірақ контейнерлік тасымал жоғары бәсекелестік саласы болғандықтан оны дамытуға басымдық беріледі. Контейнерлік тасымалда көбіне теміржол теңіз бағдарымен бәсекеге түсіп жататыны бесенеден белгілі. 

Осыдан біраз уақыт бұрын «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) Әзербайжан және Грузия теміржолдарымен бірге ТХКБ-ны дамыту аясында диспетчерлік орталық құрды. Бұл сервисті жақсартуға, жылдамдықты арттыруға септігін тигізді. Сонымен қатар ол пойыздар қозғалысын үйлестіріп, ақпаратты жылдам беруге әсер етіп жатыр. Осы бағдардың тартымдылығын күшейту мақсатында контейнерлік тасымал жылдамдығын арттыру үшін Алтынкөл мен Ақтау порты арасында Шаттл пойыздар сервисі де іске қосылды.