• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Наурыз, 2024

Құрама – қазақтікі, ұшақ – өзбектікі

93 рет
көрсетілді

Еліміз футболдан қарт құрлықтағы кез келген командамен бәсекелесе алатын қуатты құрамаға айналды. Демек, ұлттық беделімізге нұқсан келтіріп келген келең­сіз жағдайды да реттейтін уақыт жетті. Әңгіме – ұлттық құраманың сырттағы матчтарға өзіміздің емес, «Өзбек­стан әуе жолдары» әуе компаниясы­мен ұшуы туралы.

Әлеуметтік желілерде «O‛zbekiston havo yo‛llari» деген жазуы бар һәм Өзбекстанның туы бейнеленген ұшақтан Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары түсіп келе жататын бейне бар. Құрама – қазақтікі, ұшақ – өзбектікі. «Мұнысы қалай?» дерсіз. Сөйтсек, ұлттық құрамаға ұшақ ұсынатын отандық компаниялардың бағасы бас айналдырады екен. Ал Өзбекстанның ұлттық әуе тасымалдау­шысы біздің компаниялармен салыстырғанда әлдеқайда арзан бағаны қояды. Қалтасына қарап көсілетін команда соңғысын таңдайды, әлбетте. Өйткені нарықтық экономиканың заңы солай. Бәсекелестік бар жерде таңдау жасауға да мүмкіндік бар. Алайда...

Алайда ақшадан да артық дүниелер бар екенін бір сәт естен шығаруға болмайды. Айталық, ұлттық беделіміз. Бәлкім, Қазақстан футбол федерациясының отандық «Air Astana» секілді алпауыттың ұшақтарын жалдауға қаржысы жетпейтін шығар. Бірақ ұлттық әуе компаниясының елдің абыройын Еуропада асқақтатып жүрген бас командаға жеңілдік жасап, бір жағына шығысатындай жөні бар. Даңқты Данияны түзде тізе бүктіріп, азулы Финляндияны топтан шығар тұста тобықтан қаққан құрама жігіттерінің Қазақстан туы бейнеленген отандық компанияның ұшағынан түсіп келе жатқаны қандай жарасымды.

Демек, ұлттық бедел мен ақша таразыға тартылғанда алғашқысының салмағы басым болуға тиіс. Құрама капитаны Асхат Тағыбергеннің «Негізі ұлттық құрамаға бір ұшақты арнайы бекіткені жақсы болар еді. Оның сыртына еліміздің туын, бас команданың белгісін бейнелесе тіпті керемет. Бұл да елімізді, футболды насихаттаудың бір жолы. Басқа мемлекеттерге отандық әуе компаниясының ұшағымен барғанымыз ғанибет емес пе?» деген сөзінде жан бар. Әрі-беріден кейін бұл аяқдопшыларға сенімділік сыйлайтын бірден-бір маңызды фактор екенін де ұмытпайық.

– Елдің намысын қорғайтын футболшыла­ры­мыздың өзге мемлекеттің ұшағымен ұшуы көрер көзге ерсілеу, әлбетте. Сөйтсек, «Air Astana» секілді компаниялардың ұсынатын бағасы «Өзбекстан әуе жолдарынан» екі есе қымбат екен. Мәселен, ұлттық құрама Еуропа чемпионатының іріктеу додасындағы соңғы матчқа – Словенияға қарсы ойынға Өзбекстан ұшағымен ұшып барды. Любляна әуежайынан өзге елдің туы жапсырылған ұшақтан түсіп келе жатқан жігіттерімізді көріп жүрегіміз ауырды. Меніңше, ерекше назар аударылуға тиіс мәселенің бірі – осы, – дейді футбол жанкүйері, белгілі тележурналист Нұрсұлтан Құрман.

Жалпы, бұл мәселе 2017 жылдан бері дүркін-дүркін көтеріліп келеді. Тіпті Қазақстан футбол федерациясының арнайы мәлімдеме жасағаны да есімізде. Онда «Air Astana» компа­ния­сының чартерлік рейстерді орындауға ұшақ ұсыну мүмкіндігі жоқ екені айтылған еді. Сол себепті федерация Өзбекстан, Ресей, Армения, Грузия секілді елдердің әуе компанияларына жүгінетінін жеткізген болатын. Содан бері де бес жылдан аса уақыт өтті. Бірақ жағдай өзгерген жоқ. Футболшыларымыз әлі күнге дейін басқа мемлекеттің әуе компанияларына иек артып жүр.

– «Air Astana» өзін ұлттық әуе компаниясы деп санағанымен, кейбір әрекеттері ұлттық деңгейге сай емес. Оған мысал ретінде футболшыларымыз бетпе-бет келіп жүрген жағдайды айтсақ та жеткілікті. Компания кейде респуб­лика үшін маңызы шамалы іс-шараларға ұшақ қарастырады да, елдің абыройы сынға түсетін шақта тартынып қалады. «Air Astana» өздерін «ұлттық әуе компаниясы» деп атаған соң ұлтқа, елге қатысты жағдайдың бәріне дайын болуы керек, қандай жағдай болсын Қазақстанның мүддесіне жұмыс істеуге тиіс. «Air Astana» осыны ескере бермейді. Басқа елдерде мұндай мәселе жоқ. Сондықтан Еуропаға ұша алатын әуе компанияларының қатарын көбейту керек. Сонда бұл мәселе өздігінен шешіледі, – дейді авиация саласының маманы Абыл Кекілбаев.

Қалай десек те, елдің намысы үшін сынға түсетін ұлттық құраманы ендігі жерде өзге мемлекеттің әуе компаниясына телміртіп қойған жөн емес. Бұл – елдігімізге сын. Айтпақшы, жақында ұлттық құрамамыз Грекия футболшыларымен сырт алаңда шеберлік байқасады. Сондай қайтер екен? Көреміз...

 

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

журналист