«Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, қазақ ұғымында ұстаздың орны бөлек. Бүгінде мәртебелі мамандық иелеріне жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр. Әсіресе мектеп директорының жұмысы қиын. Әр оқушының жүрегіне жол тауып, ата-аналардың көңілінен шығу, тұтас ұжымды басқару оңай емес.
Сол себептен қазір ұстаздардың дені басшылық қызметтен қашады. Шынын айтқанда, бұл өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан заман талабына сай білім жүйесін енгізу үшін Оқу-ағарту министрлігі жаңа жоба әзірледі «Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» деп аталған бағдарлама бүгінде өз мәресіне жетіп, алғашқы нәтижесін көрсетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан жоба Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде дайындалған. Білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшысын іріктеу, даярлау тетігін әзірлеу және бекітудегі бастама қанатқақты режімде іске қосылды. Бес кезеңнен тұратын сайысқа білім беру ұйымдарындағы мектеп директорларының орынбасарлары қатысқан.
– Алғашқыда 8068 адам тіркеліп, бірінші кезең тестілеуден оның 2858-і топ жарды. Одан кейін деңгейлі курс оқыды. Үшінші кезеңде еліміздегі жетекші мектептерінен тағылымдамадан өтті. Төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізіліп, соңғы сынақта министрлік жанынан құрылған комиссия мүшелерімен әңгімелесті. Соның нәтижесінде, 207 үміткер республикалық кадрлық резерв құрамына кірді. Бүгінде 73 көшбасшы жаңа қызметке тағайындалды. Қалған үміткерлер оқу жылы барысында тағайындалмақ. Атап өту керек, барлық кезеңнен сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі. Жоба әлі жалғасады. Осы жылға он екі мың үміткер тіркелді, соның ішінен үш мың үміткерді оқыту жоспарланып отыр, – деді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Айман Дүйсенбаева.
Бұл жоба «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа оқу ордаларын білікті басшылармен қамтуға, бастысы, жаңа үлгідегі көшбасшылардың кадрлық резервін қалыптастыруға ықпал етеді. Топ ішінен оза шауып, кадрлық резервке лайық деп танылғанның бірі – Орынкүл Махметова. Ол бұған дейін өзінің біліктілігімен көзге түскен ұстаз. Алғашқылардың бірі болып жеңімпаз атанған маман қазір Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп директоры болып тағайындалды. Бұған дейін директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған Орынкүл Думанбекқызы жобаға іріктеуде өзін кәсіби тұрғыдан жаңа сатыға көтерілгенін айтты.
– Бұл жобаға қатысуға мектеп басшысы Аманкүл Тілемісова ұсынды. Сөйтіп, бағымды сынап көрдім. Барлық кезеңді сәтті аяқтап, кадрлық резервке қабылдандым. Жоба аясында көшбасшы бойында болуға тиіс дағдыларды меңгердім. Бағдарлама барысында құрылған кәсіби орта сенімді және өзара тиімді іс-әрекеттің жемісі болды. Бүгінгі таңда осы қоғамдастықтың мүшесі ретінде бірін-бірі қолдайтын, білім саласына қатысты сұрақтарды шешуге көмегін тигізетін серіктестерім бар деп айта аламын, – деді ол жоба барысында танысқан әріптестерін ерекше бағалап.
Кадр тапшылығын жойып, оқу ордаларында кәсібилігі жоғары көшбасшыларды дайындауды мақсат еткен жоба туралы Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Өмір Шыныбекұлы бұл жобаның бір артықшылығы – басшылық құрамына кіру жолдарының ашық болуы екенін жеткізді.
– Шыны керек, директорлық қызметке қазір сауатты педагогтердің қызығушылығы кеміп барады. Себебі жұмысы өте ауыр, жауапкершілігі жоғары. Әр баланың қауіпсіздігі үшін күні-түні алаңдау, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін көтеру жұмыстары, одан өзге мектептің шаруашылық проблемаларын шешу, жалақыдан бірнеше есе көп айыппұлды төлеу кімді қызықтырады дейсіз? Министрлік бірнеше айлық курстан өткізіп, басшы дайындай салмақ. Абырой мен беделді ешқандай курс та, оқу орны да бере алмайды. «Көшбасшы» деген министрдің мөрімен бекітілетін қызмет емес. Ол білім-білігі, тәжірибесі, мінез-құлқы сан түрлі мамандарды бір іске жұмылдыратын тұлға болу керек, – деді тәжірибелі ұстаз.
Бір жағынан, Ө.Шыныбекұлының айтқан сөзінің жаны бар. Білім беру саласында кемел ақылымен, парасаттылығымен, тұлғалық қасиетімен бір өңірге ғана емес, тұтас елімізге танымал педагогтер бар. Мәселен, сондай құрметке лайық тұлғаның бірі, ардақты ұстаз Орынша Қарабалина апамызды айтуға болады. Ол өзінің «Ұстаз бақыты» аты кітабында: «Диплом алғанның бәрі педагог емес. Ұстаз болуға туа жаратылу керек. Мұғалімдікке жалақы алу үшін, күн көру үшін барғаннан асқан сор жоқ. Ол – балалардың соры, ұрпақтың соры. Шаруашылықта, саясатта, тіпті соғыста жіберген қатені түзеу қиын. Бала сені мойындамаса, сен педагог емессің. Ол мойындау жақсы сабақ берумен ғана келмейді. Шашыңды қоюыңнан бастап, киінуіңе дейін, сөйлеу мәнерің, ой-өрісің, дене бітімің бәрі көзге көрінбей, балаға құр алақан болсаң, ұстаздық тұлғаңа мін...», деп анық көрсеткен.
Тұжырымдап айтқанда, мұғалімдердің көшбасшылық қабілетін, кәсіби дағдыларын дамытатын жобалар білім саласына қажет. Аталған бастамадан алда жақсы нәтиже күтеміз. Дегенмен ұжым басқару екінің бірінің қолынан келмейтіні аян. Осындай қажырлы қайратты талап ететін қызметке үміткерлерді тағайындауда «бармақ басты, көз қысты» мінез орын алмаса болды.
Еркеназ ҚОРДАБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті