Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада «Қазақ руханияты және Жүсіпбек Аймауытұлының көркемдік әлемі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми жиынды осы кітапхана мен «Қазақ газеттері» серіктестігі, Жазушылар одағы Астана филиалы бірігіп ұйымдастырды. Іс-шараға филология ғылымдарының докторы, профессорлар Тұрсын Жұртбай, Рақымжан Тұрысбек, Айгүл Ісмақова, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар мен Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлы қатысты. Мәдени мәжілісті «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізді.
ХХ ғасыр басындағы қоғамдық қопарылыс пен саяси сапырылыс уақытында өмір сүріп, заман сұмдығы мен адам шындығын әдебиет тілінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі – Жүсіпбек Аймауытұлы. Ол – бір өзі бірнеше жанрдың жүгін арқалаған талантты жазушы һәм қазақ халқының отаршылдық пен ішкі ауқатты топтың екіжақты езгісіне қарсы күрескен азаткер азамат. Оның рухани мұрасын дәріптеп, өміріне қатысты нақты деректерді бір ізге түсіру – тарих алдындағы борыш. Осы тақырыпта баяндама жасаған ғалымдар Жүсіпбектің әдеби әлемі, педагогикадағы еңбегі және қайраткерлік тұлғасы төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салып, елорда студенттерімен тағылымды кездесу өткізді.
Ең әуелі Дихан Қамзабекұлы Жүсіпбек Аймауытұлы шығармашылығының өзектілігіне тоқталып, бүгінгі қоғамның тәрбиеге мұқтаждығын атап өтті. «Педагогиканың басты мақсаты – ұлтқа пайдалы жақсы адам қалыптастыру. Жүсіпбек Аймауытұлы – осы ұстанымды шығармашылық ұстынына айналдыра білген тұлға», деді ол. Жазушы Нұржан Қуантайұлы «Жүсіпбек және «Абай» журналы» тақырыбында баяндама жасады. «Жазушы Семейдегі оқытушылар семинариясында оқып жүрген кезінде Қаныш Сәтбаевпен, Мұхтар Әуезовпен танысады. Қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар басылымдардың бірі қоғамдық-саяси және әдеби «Абай» журналын шығаруды қолға алады. 1918 жылдың 4 ақпанынан Семей қаласынан журналдың алғашқы саны шыға бастаған. Журналдың негізін салып, шығарушы редакторы болған – қазақтың қос талантты азаматы Жүсіпбек Аймауытұлы пен Мұхтар Әуезов», деп ақпарат берді.
Тұрсын Жұртбай «Қазақ тілінің көркем сұлулығын қағаз бетіне шұрайлы һәм шұғылалы қылып түсірген бірден-бір қаламгер болса, ол – Жүсіпбек Аймауытұлы», деп жазушының көркемдік кеңістігін баяндай келе, балалары Жанақ, Бектұр мен Мәруа туралы естеліктерді айтты. «Отызыншы жылы арнайы жасақ вокзалды түгелдей қоршап, Жүсіпбекті пойызбен алып кетіп бара жатты. Сонда пойыздың артынан ағалап жүгірген екі баланың даусы күллі халықтың жан жүрегін тебірентті. Ол – Жүсіпбектің қос оғланы Бектұр мен Жанақтың жан даусы еді...», деп тебіренді Т.Жұртбай.
Әлібек Асқар қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының Жүсіпбек Аймауытұлынан дәріс алғаны төңірегінде біраз мағлұмат берді. «Жүсекең өте мәдениетті, өнерлі, кішіпейіл адам еді. Музыка аспабының бәрінде ойнайды, жақсы даусы бар еді», деген жас шәкірттің ұлағатты ұстазы туралы жылы лебізін жеткізді. Алаштанушы Айгүл Ісмақова жазушының қоғамдық саяси қызметіне тоқталып, ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік өзгерістердің қазақ халқына қалай әсер еткенін баса айтты.
Жүсіпбектанушы Рақымжан Тұрысбек «Алаштың ардағы, сара сөздің саңлағы» атты баяндамасында жазушының көркемдік арналары мен айқын көзқарас, бедерлі қолтаңбасы жөнінде ой сабақтады. «Ол ел әдебиетін дамытумен бірге, тақырыптық тұрғыдан байытты, жанр жүйесін қалыптастырды. Ізденіс мұраттарынан, адам әлемі мен өмір өрімінен, еңбек мәні мен тұрмыс суреттерінен, ой-сөз жүйесінен, тіл-стиль сипаттарынан мол тәжірибесі, дәстүр сабақтастығы, тарих пен таным арналары кеңінен көрініс береді. Тұтастай алғанда, Алаштың қайраткер-қаламгері, дара дарын иесі, сөз зергері Ж.Аймауытұлының шығармашылық мұрасы азат елмен бірге жасап, жаңа уақыт рухымен қанаттасып, қатар дамып, кең өріс алып, сабақтастық сипат аясында тың серпін, соны бағыт алары хақ», деп түйіндеді ғалым.
Іс-шара соңында студенттер ғалымдарға сұрақтарын қойып, ғалымдар мен зиялыларға ізгі ілтипатын жеткізді. Жаны мен жүрегін ағартушылыққа арнаған Жүсіпбектің барлық мұрасы – ұлтымыздың өшпес сәулесі. Ол: «Оқығандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр», деген еді. Расында да, солай.