Осы аптада Қазақстан теннисшілері өрелі өнерімен жанкүйерлерін қуантты. Бұған дейін біз Михаил Кукушкиннің Испаниядағы және Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирлерде топ жарғаны туралы жазған едік. Енді соңғы жаңалықтар жайында әңгімелейік.
Кеше Аргентинаның Тукуман қаласында «Челенджер» турнирі аяқталды. Айналдырған екі ай аралығында АҚШ-тың Санрайз, Палм-Коуст және Нейплсіндегі жарыстарда қарсылас шақ келтірмеген Дмитрий Попко Оңтүстік Америкада да өзін жақсы қырынан көрсетті. Бастапқы бәсекелерде корт қожайыны Гонсало Зейтуне, перулық Педро Ямачкин, боливиялық Хуан Карлос Прадо Анхелодан басым түскен ол жартылай финалда тағы бір жергілікті теннисші Федерико Агустин Гоместі жолынан ығыстырды. Ақтық сында отандасымыз бразилиялық Педро Сакамотомен сайысқа түсті.
Тағы бір қуанышты жаңалық, еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик осы аптада жаңартылған әлемдік рейтингте үш сатыға жоғарылап, 20-орынды иеленді. Қазақстанның ерлер құрамасының бірде-бір мүшесі дәл осындай дәрежеге жетпеген. Кезінде халықаралық аренада жап-жақсы өнер көрсеткен Андрей Голубев 2010 жылдың қоңыр күзінде 33 және Александр Кукушкин 2019 жылдың ақпанында 39-орынды еншіледі. Жеткен жеріміз осы ғана еді. Ақыры олардың барлығынан Александр Бублик озды. Күні кеше ғана ол өзінің спорттық мансабында тұңғыш рет ТОП-20 ойыншының қатарына қосылды.
Еліміздің ең үздік теннисшісі жайында қысқаша ақпарат берсек, Александр 1997 жылдың 17 шілдесінде Ресейдің Ленинград облысына қарасты Гатчина қаласында дүниеге келді. Алғашында Санкт-Петербург пен Мәскеуде шеберлігін шыңдап, жастар буыны арасында елеулі табыстарға қол жеткізді. Бірақ жергілікті теннис федерациясы тарапынан тиісті қолдау көрсетілмегендіктен, 2016 жылы Қазақстан азаматтығын алды. Сол кезден бері ол Монпельедегі АТР турнирінде екі мәрте (2022, 2024 жылдары) Галле (2023) мен Антверпендегі (2003) турнирлерде топ жарды. Ньюпорт (2019, 2022), Чэнду (2019), Анталья (2021), Сингапур (2021) және Мецте (2022) ұйымдастырылған дүбірлі додалардың финалында ойнады. Былтыр Уимблдонның төртінші кезеңіне дейін жетті. Бұл – Бубликтің «Үлкен дуылға» санатындағы жарыстардағы ең үздік көрсеткіші.