Орал қаласында тұңғыш рет тәтті тағамдар көрмесі өтті. Көрмеге 40-тан астам жергілікті кәсіпкер қатысып, келушілерге өз өнімін ұсынды.
– Осынау ерекше фестивальды біз халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында әрі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғанына 25 жыл толуына орай арнайы ұйымдастырып отырмыз, – дейді Батыс Қазақстан облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова.
Көрмеде талғампаз тәттіқұмардың да көңілінен шығатын неше түрлі өнім қойылған екен. Әртүрлі шоколад-кәмпиттер, торттар мен тәтті печеньелер, жент, құрт, ірімшік секілді ұлттық тағамдар да көп болды. Әр кәсіпкер өз өнімінің қалай жасағанын, құрамында не бар екенін өзі айтып беріп, сауданы қыздырып жатты.
– Біздің қаламызда тәтті өнім дайындайтын қыз-келіншек өте көп. Бүгінгі көрмеде жент, құрт секілді ұлттық тағамдарды жаңа форматта ұсынып отырған шеберлерге ерекше риза болдық. Бұл да жақсы үрдіс. Осындай кәсіпкерлер бір-бірімен танысып, өзара тәжірибе алмасып тұруы үшін, өнімдерді насихатау үшін мұндай көрмелер жиі өтіп тұруы аса қажет, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев.
Көрмеге қойылған өнімдер кез келген дастарқанның көркін арттырып қана қоймай, таза табиғи шикізаттан жасалғандықтан, денсаулыққа да пайдалы болып шықты. Мысалы, Теректі ауданынан келген «Темірғалиева» ЖК-ның жетекшісі Аякөз Темірғалиева кондитерлік өнім шығарумен 5 жылдан бері айналысады екен. 2022 жылы 1 млн 225 мың теңге грант ұтып, ол қаржыға тоңазытқыш және басқа да құрал-жабдық сатып алған кәсіпкер шоколадқа малынған құлпынай, анар және макаронстар жасайды. Бұл үшін тек табиғи өнімдерді пайдаланады. «Бұған дейін аудандық көрмелерге қатыстым. Облыстық іс-шараға алғаш рет келіп отырмын. Мұндай көрмелер өзіміз секілді кәсіпкерлермен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді» дейді кәсіпкер.
Батыс Қазақстан облысы