Ақтау гарнизоны әскери қызметшілерінің балалары әскери ұшақпен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына аттанды.
Балалар Қонаев қаласындағы оқу-сауықтыру орталығына барып орналасып, орталықпен танысқан соң Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсеновпен, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиевпен кездесті.
Ерлік сабағында балаларға «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысы, «Айбын» жастардың әскери-патриоттық слеті, оның дәстүрлері және оған қатысу мүмкіндіктері туралы кеңінен айтылды. Ұйымдастырушылар балалардың мерекесін танымдық, қызықты етіп өткізуге тырысты. Олардың оқуында үзіліс болмайды.
Оқушыларға мектептегі пәндер бойынша сабақтар ұйымдастырылады. Қорғаныс және Білім министрліктерінің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру жөніндегі бірлескен жоспары осылайша жүзеге асуда. Биыл «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы мен оның қалалардағы филиалдарына әскери қызметкерлердің балаларына арналған мыңнан астам квота бөлінді.
Маңғыстау облысы