Көгілдір Көкшеге көктем лебі жетті. Зәу биіктен себезгілей құйылған шуақпен мерекеге орай көкіректерде бүр жарған аялы сезім астасып, төрткүл төңіректің бәрі жадырай жайнап кеткендей.
Облыс орталығындағы Достық үйінде өткізілген «Шуақ шашқан мереке» атты концерттік бағдарлама өзінің мән-маңызымен көрермен көңілін баурап, сан санаға ой салғандай. Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Ермек Нұғыман нәзік жандылардың бүгінгі қоғамдағы өзіндік орны туралы тереңнен толғай айтып берді. Әр отбасының алтын діңгегіне айналып отырған асыл аналардың төл мерекесі көңілдерді көктем етер ән-жырсыз өткізілмейтіндігі белгілі. Бұл күні қыз-келіншектерге алаулаған құшақ-құшақ гүл сыйланып, жүрек жадыратар құттықтау сөздер айтылды. Ең бастысы, мерекелік шараға жиналғандар ондаған ұлттар мен ұлыстардың өкілдері еді. Олардың бір-біріне деген ақжарма сөзінен-ақ сүттей ұйыған татулық пен бекем бірлікті айқын аңғаруға болады. Облыстық славян, орыс және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы Геннадий Осиненконың да құттықтау сөзі көпке ой салғандай. Ол өз сөзінде ұлы өнердің ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықтың алтын арқауын бекіте түсетін күш екендігін айтып берді.
Этномәдени орталықтардың өнерпаздары әр тілде әсем әндерін орындап, мың бұралған билерін жиналған қауымның назарына ұсынды. Әр тілде айтылғанымен, мазмұн-мағынасы жарқын дүниенің жарастығын бірге бөлісіп, ел тарихын бірге өрісіп жатудың өзі бір бақыт екендігін меңзеп тұрғандай. Қыс бойы қабағы түксиіп тұратын Көкше аспаны дәл осы күні жадырап, бауырындағы тағдыр табыстырған тәмам жұрттың қуанышына өз шаттығын еселеп, көңіл тостағанын шүпілдете толтырып тұрғандай еді.
Татулыққа, бір-бірін ұға білгенге не жетсін, шіркін!
Көкшетау