Бекзада өнердің ұлығы саналған құсбегіліктің шыққан тегі, түп-тамыры турасында талас тоқтаған емес. Тарихтан ескен аңыздың желісі Жошы ханның 3 мың, хан Абылайдың 500 бүркіті мен 300 қаршығасы, сұңқары болғанын баян етеді. Құбылай ханның саятшылыққа салатын қырандарын баптайтын 10 мың құсбегісі болғаны айтылады. Құсбегілік өнер қазақ қыздарына да қонғанын әйгілеп жүрген арулар шоғыры қалыңдап келе жатқаны қуантады. Құсбегі қазақ қызының ескерткіші құмнан қашалып Еуропа құрлығында қасқайып тұр.
Түйенің қомындағы өнер
Көне түркі тілінде ямбу аталған, құйылмалы алтын, болмаса күміс деген мағына үстейтін жамбы ату ойынының тарихын зерттеушілер тым тереңге тірейді. Көшпелілердің жауынгерлік рухын сынайтын сайыпқыран өнерді бүгінде қазақтың қалақтай ғана қызы атпен емес, түйе үстінде меңгеріп, рекорд та орнатты. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 2-курс студенті Аружан Амангелдіқызын оқудан тыс уақытта іздейтіндер Алматыдағы «Топжарған» этно орталығынан табады.
«Жылқыға бала күнімнен ерекше жақын болдым. Бұған ауылда есейгеніміз, көзімізді ашқаннан әкем мен шешемнің төрт түлікті өргізгені әсер еткен де шығар. Жеткіншек шағымнан жылқының жалына жармасып, шоқтығына қонақтағанша тыным таппайтын едім. Бұғанам қатқаннан асау тайды өзім үйретіп бастықтырып алатынмын. Міністің атынан гөрі осқырынып жер тарпыған шу асау тайдың шадыр мінезін жуасыту үшін жүректілік керек. Менде қорқу, тайсалу деген болмапты. Мүмкін балалық аңғалдық шығар. Жалынан сипатпайтын, тоқым ұшы тимеген тайды шалма ұрып ұстап, құлағынан басып тұрғанда қарғып мінемін. Асау «күтпеген қонағын» төңкеріп тастауға талпынып тіке шапшып қарғиды, мойнын ішіне алып мөңкиді. Қамшымен сабап одан бетер ашуына тием. Ауыздығы езуін тіліп қанатқан шу асауды жуасытқанымды құрбыларыма айтып мақтанғым келетін.
Түйе үстінде жамбы ату да оңайға соққан жоқ. Былтыр жазда этноорталықтың жетекшісі Ғабит Бердібайұлы асау түйелерді әкелді. Шудасынан ұстатпайтын түйелерді міну үшін асау үйрететін шабандоздарды шақырттық. Олардан кейін ғана біз мініп, жамбы атуға баулыдық. Айтуға жеңіл болғанымен, үйретуге аз күш кеткен жоқ. Қайта атпен шауып келе жатып жамбы ату әлдеқайда оңай секілді. Түйеміз алғашында садақтан үрікті, жамбыға жуымай сырттап қашатын еді, бастықтырамыз деп жүріп құладым да. Түйе үстінде садақты оқтау мен көздеу қиындық тудырады. Себебі желісі қарадүрсін, шоқырақтап шайқап жібереді. Жамбы атудан қазақ, кәріс стилі бойынша додада жүлде иелендім. Қазір атқа мініп қыз қууға, түйемен жамбы ату сайысына да қатысып жүрмін», дейді Аружан Амангелдіқызы.
Шабандоз қыздың тағы бір өнері – құсбегілік. Шырға тартып, түлекке отырғызып баптап жүрген бүркіті де бар.
Аружанның атқа қонғаны қатар құрбыларына да үлгі. Жамбы атуды түйе үстінде үйренген қызға ілесіп этноорталыққа келушілердің де қатары артқан. Ол қыздардың атқа жақындауы ермек үшін, ал Аружан бұған өнер ретінде қарайды. Жылқының мінер жағы мен қамшылар жағын айыра алмайтын қалада өскен қыздарға қамшының бүлдіргісін қай қолдың білегіне ілу керегін де үйретеді. Қыз қуу сайысына да қатысады. Түйе үстінде жамбы атудан Қазақстанның рекордтар кітабына енді.
«Бірде қыз қууға қатыстым. Қуғыншы жігіт атын борбайлатып сабалағанымен де шабан екен, қуып жете алмады. Көрермен қиқуға басқанда қызарақтап қалды. «Ұялған тек тұрмас» деп төрешіден тағы да бір мүмкіндік сұрады. Атымның жүйріктігіне сенген мен де келісім бердім. Бірақ ер азамат қой, екінші рет тізгінімді тежеп, қуып жетуіне орай туғыздым», дейді мерген қыз.
Жанарында – жебесі
Биыл күзде Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында садақ атушыларға зор сенім артылып отыр. Екі жыл бұрын Түркияда өткен Көшпелілер ойынында садақ атудан мергендерге алтын медаль бұйырмады. Ерлер арасындағы сынға 32 елден 95 спортшы қатысып, Қасымхан Қанат күміс медальді місе тұтты. 2022 жылы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қыздар арасында жүлде иеленеді деп Айым Тілепбергеннен де мол үміт күттік. Себебі 70-тен аса мергеннің арасынан суырылып 16 үздіктің қатарында негізгі сайысқа өткен еді. Бірақ шешуші сәтте талай додада топ жарған қырғыз қызының ұпайы қомақты болды да, финалдық сынға жете алмады. Биыл Көшпелілер ойынына еліміздің садақшылары екінші мәрте қатысады. Айымды бұл спортқа қызықтырған – Рио жазғы Олимпиадасы. Әйтпесе негізгі мамандығы бойынша археология-этнология маманы.
«2016 жылы Бразилияда өткен жазғы Олимпия ойындарында садақшылардың сайысын тамашаладым. Әйелдер арасындағы жекелей сында Оңтүстік Корея спортшысы Чхан Хе Джин Олимпиада чемпионы атанды. Өзі жазғы Олимпиада додасына алғаш қатысып, алтын медаль иеленді. Командалық сайыста да Оңтүстік Корея командасы жеңіске жетті. Спорттық жылнамасына зер салсаңыз, соңғы 40 жылдың бедерінде садақ атудан Оңтүстік Корея мергендерінің мерейі үстем түсіп жүр. Бұл елде садақ ату спортына деген құрмет те, халықтың қызығушылығы да жоғары екені осыдан-ақ аңғарылады. Жазғы Олимпия ойындарындағы садақшы қыздардың өнеріне тәнті болып, әуестігім артқаны сондай, бірден мәлімет, дерек іздедім. Дүние жүзіне әйгілі мергендердің көпшілігі жасамыс тарта бастаған екен. Сонда да саптан қалмай шеберлігімен әйгілі. Демек, бұл спорт түрін игеру маған да кеш емес екенін білдім», дейді садақшы қыз.
Спортшының басты межесі – күзде Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойыны. Қазақ жерін думанға бөлейтін ұлық додада жанкүйер мерейін асыруға барын салып әзірленіп жүр. Жақында садақ атудан бірнеше спортшыға еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілді. Ішінде Айым Тілепберген де бар.
Еуропа оның ескерткішін соқты
Айшолпан Нұрғайыпқызы 6 жасында ат жалын тартып мініп, 8 жасынан қыран ұшырып, 13 жасында жер жүзіне жас бүркітші қыз ретінде танылды. Алғашқы мүшелінен асқан шағында 79 бүркітшінің арасында жалғыз қыз баласы ретінде сайысқа қатысып, қырағы қыранының әбжілдігімен дараланды. 13 жастағы қызды әлемге әйгілі еткен – израильдік фотограф Ашер Свиденский. Аппаратын асынған саяхатшы Моңғолияда бүркітшілік неге тек ер азаматтарға қонған, қыз баласы шұғылданбай ма дегенді індете зерттейді. Сұрай-сұрай Нұрғайыптың үйінде 13 жастағы қыздың бүркітін түлетіп жүргенін естіп ат басын бұрады. Ашердің армансыз түсірген сан қырлы фотолары көп өтпей әлеуметтік желіде жариялануы Әлем режиссерлерін елең еткізіп, дүрк көтерді. Алдымен британдық режиссер Отто Белл «Бүркітші» деректі фильмін түсірді. Фильмді таспалау үшін режиссерді Моңғолияға матап қойғандай маусым аралатып бірнеше мәрте әкелген де осы құсбегілік өнердің қыз баласына қонуы еді. Қаршадай Айшолпанның қолат-қолат құзарт шың биігінен беліне байлаған арқанды саумалай отырып, жақпардағы ұядан балапан алу сәтін де таспалады. Сол шақта әскерге кеткен ағасының бүркітіне қарап қалған қалақтай ғана қыз аз уақытта дүниенің назарын өзіне аударатынын ешкім болжап білген жоқ. Әлемнің 30-дан аса еліне табаны тиген Нұрғайыптың бүркітші қызы жайында деректі фильм, бейнебаян түсіріліп, тіпті Португалия елінде құмнан ескерткіш те соғылды.
Ұлттық өнерге насихат деген осы, Айшолпанның артынан ерген 15 бүркітші қыз қазір Моңғолияда бүркіті мен қаршығасын, ителгі мен сұңқарын баптайды. Айшолпан 2019 жылы Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударды. С.Демирел университетінің студенті, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқиды. Келешекте Өскемен қаласынан құсбегілік мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алмақ.
Қолына қыран қондырып...
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Сөгеті ауылында «Жеті қазына» орталығы бар. Құсбегілікті өрістетіп, тазы тұқымын сақтап қалу жолында бүтіндей бір институт атқаратын шаруаны арқалап отырған – осы қарлығаштың ұясындай ғана шағын мұражай.
Орталықта құс ұшырып, қансонарда қанжығасын майлап жүрген жас құсбегінің бірі Әйгерім Жанқылышбай бүркітшілер отбасында дүниеге келген. Әкесі мен ағаларына ілесіп, алғашында көгершін асырапты. Есейген шағында ителгі, қаршығаны қолға үйретіпті. 10 жасынан бастап бүркітке жақындап, қыран құс өзіне тарта түскен. Қарашолақ аталатын бүркіті – 13-ке шыққан қутүлек. Ұядан ұстаған балапан шағынан өзі баптап, хантүлек кезінен шырға тартып, түлекке отырғызып келеді. Қарашолағы қасқырға түспегенімен де қоян, қарсақ, түлкіге түйілгенде құтқармайды. Әйгерім үшін бүркіт баптап, құс ұшыру – сайысқа қатысудың жолы емес. Ол үшін ұлттық өнерді дәріптеу маңызды. Түрлі фестивальдерге өзінің өнерін, бүркітінің қырағылығын паш ету мақсатында қатысады.
Бұл күнде бүркіт ұстау – қып-қызыл шығын. Себебі күндік асына кемінде 1 килодай шикі ет қажет. Ет болғанда да тұздалмаған, жаңа сойылған ет болуы керек. Аңшылық маусым ашылғанда уайым емес, өзі түскен аңның еті өзіне бұйырады. Ал қолға қарап қалған шақта бір адамның тамағын азық етеді. Аңшылық маусымға әзірлік алдындағы түлекке отырғызу кезіндегі кіділігі мен кірпияздығын да көтеру оңай емес. Қанат, құйрығы сынып, түлекке отырған қыранның жемін тауып беруге екінің бірі шыдамайды. Ал Әйгерім осындай ауыр еңбекті арқалап келе жатыр.
Бірақ ақжемдеп берген жеңсік асын сығымдап асату арқылы зар күйіне енген бүркітінің қансонарда аңға шүйіліп, қағып түскен сәтін көргенде арқадағы батпандай ауырлықтың бәрі сылынып түседі. Қиқу салып, атыңа қамшы басып ізінен қуғанда жан-дүниеңнің жанталасы ақтарылып лықси шығады. Өйткені іштегі арпалысқан тебіреніс пен тынымсыз еңбектің өтеуі көз алдыңда көлбеп тұр. Әйгерімді құсбегіліктен ұзатпай ұстап тұрған да осы күш.
Құсбегілер қыран бүркіті 10 жасқа дейін қолға ұстайды да, кәрі түлек, оба шағында еркіндікке ұшырып жібереді. Балапан кезінен бауыр басып қалған қыранын бүркітші қыз қанша қимаса да еркіндікке жібермек. Ұрпақ өсіру бәрінен маңызды.