Әскери өмірдің айнасына айналған аймаңдай арулар аз емес. Темірдей тәртіп орнаған мекемеге жып-жылы шуақ сыйлап жүретін де солар. Көрікті жүзіне сабыр мен сенім ұялаған майор Мақсат Тілеуқабыловамен жұмыс бабында таныстық.
Оны алғаш рет ақ желең киген қыз-жігіттермен бірге әскер қатарына жаңадан алынып, шекара басқармасының табалдырығынан енді аттаған жас сарбаздарды медициналық тексеруден өткізіп жатқан сәтінде көрдік. Жұмысына жанымен берілген білікті маманға әскери салаға қалам тербейтін тілшілердің де, өз әріптестерінің де құрметі ерек.
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облыстық департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының медициналық қамтамасыз ету бөлімшесінің басшысы, майор Мақсат Тілеуғабылованы айналасы өз ісінің білгірі ретінде біледі. Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген кейіпкеріміздің өмірі әскери саламен өрілген. Өмірлік серігі Ербол да – шекарашы офицер.
Семей қаласындағы мемлекеттік медицина академиясы табыстырған ерлі-зайыптылар арманға бірге қанат қағып, өздері білім алған оқу ордасында оқытушы болып еңбек жолын бастаған. Бұл – елімізде мемлекеттік тілге ерекше назар аударылып, оқу орындарында қазақ бөлімдері көптеп ашылып жатқан 2000 жылдардың басы болса керек. Сондықтан Шекара қызметінің сапына шақырылғанға дейін азаматтық білім ошақтарында өзінің мамандығына сай жұмыс істеген Мақсат Серікбайқызының ғылыми-педагогика өтілі 14 жылды құрайды. Екі оқу құралының, 10 ғылыми еңбектің тең авторы.
Ол анасына қарап бой түзепті. Анасы Күләш Майданбайқызы Арал қаласында ұзақ жылдар бойы медбике болып жұмыс істеген. Бұл туралы Мақсаттың өзі бізге берген сұхбатында былай деп ағынан жарылған: «Мен сабақтан кейін көбіне анамның жұмыс орнына баратынмын. Сонда анам секілді медбикелер мен дәрігерлердің алдарына келген адамдарды қалай емдегендері, олардың науқастарға көрсеткен ерекше ықыласы мен қамқорлығы жадымда жаңғыра берді. Осыдан кейін мен де әскери дәрігер болуды ұйғардым».
2008 жылы жолдасы Ербол Тілеуғабылов шекарашылар қатарына қабылданып, қазақ-қытай шекарасының бойында орналасқан Жаркент шекара жасағына жіберіледі. Осылайша, Мақсат үшін гарнизоннан-гарнизонға көшу басталады. Жаңа ортаға келе салып, өзінің мамандығына сай осындағы «Диана» медициналық колледжіне жұмысқа қабылданып, студенттерге сабақ беруге кіріседі. Бұл қызметі шекарашы жолдасының лауазымы өсіп, Шонжы шекара жасағына медицина қызметінің басшысы болып тағайындалғанға дейін жалғасады. Мақсат мұнда да жұмыссыз отырмайды. Шонжы медициналық колледжіне оқытушы болып кіреді. Ал бір жылдан кейін өзі де иығына қос жұлдыз тағып, Алматы іргесіндегі Қарасай шекара жасағына қызметке алынады. Осыдан кейін әскери тәртіпке сай жолдасы да осындағы әскери бөлімдердің біріне ауыстырылады.
Қазір бұл әскери ұжым Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы деп аталады. Мамандығына адал Мақсат Серікбайқызының лауазымына қоса, иығындағы кішкентай жұлдыздары үлкейіп, майор дәрежесіне жеткен. Өзі 2021 жылдан бері медициналық қамтамасыз ету бөлімшесін басқарады.
Біздің кейіпкеріміздің ұстанымы – кәсіби шеберлік һәм сарбаз саулығына сапалы қызмет жасау. Бүгінге дейін талай шекарашы Мақсат ханымның ем-домын алып, денесін дендеген дертіне қош айтқан. Осындай ерлікке пара-пар еңбегі үшін ол – «Медицина саласының үздігі» атануға әбден лайық жан. Бұдан өзге, құралайды көзге атқан мергендігі бар. Аңға шықпайды, әрине. Департаменттің қала іргесіндегі полигонына барып, нысана көздеуден сынақ тапсырған кезде арулар ішінен офицерге тең келетін жан табылмаған.
Көпбалалы ана. Қыздары – Жанерке, Аружан, ұлдары – Бейбарыс, Бексұлтан. Шекарашы офицерлердің тұла бойы тұңғыштары жоғары білімді, өз мамандығымен жұмыс істейді. Аружан – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті. Бейбарыс 8-сыныпта оқиды. Ал үйдегі ең кішілері Бексұлтан 5 жаста.
Әу баста өзі білім алған оқу ордасында оқытушы болып еңбекке араласқан Мақсаттың шәкірттерін бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен кездестіруге болады. Олардың дені шекара қызметінде. Майор ханымнан дәріс алған Әлімхан Кәрімбаев деген сарбаз бүгінде Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы бірнеше ғасырлық тарихы бар әскери-медициналық академияның екінші курсында оқиды.
Біз майор Мақсат Тілеуғабылованы «Медицина саласының үздігі» атануға әбден лайық деп бекер айтып отырған жоқпыз. Көктем мен күз айларында жастарды әскерге шақыру науқаны басталған бойда Мақсат бастаған әскери медицина қызметкерлерінің толассыз жұмысы қыза түседі. Бұған ел шебіндегі шекара бөлімшелерін қосыңыз. Әлбетте, шекара шебін кірпік қақпай күзететін әскери қызметшілер темірден жаралмаған. Олар да аяқ асты ауырып қалуы мүмкін. Осындайда, бірінші болып шешім қабылдайтын Мақсат Серікбайқызы. Сарбаз шекара басқармасының медициналық лазаретіне жеткізіліп, тиісті ем-домын қабылдауға кіріскенге дейін дамыл таппайды. Жағдайды өзінің бақылауында ұстап отырады. «Босаңсу – бізге жат» дейтіні сондықтан.
АЛМАТЫ