8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің әр өңірінен елордаға келген көпбалалы ұстаздарды құттықтады.
Ғани Бейсембаев құттықтау сөзінде қоғамда әйелдердің ерен еңбегінсіз даму мүмкін емес екенін атап өтті. Олардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды рөлін ешкім жоққа шығара алмайтынын жеткізді.
«Сіздер тәуелсіз еліміздің болашағы – жас жеткіншектерімізді тәрбиелеп, бүкіл елдің игілігі жолында еңбек етіп келесіздер. Сол үшін Халықаралық әйелдер күні мерекесі аясында шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер кәсіби шеберліктеріңіз бен қажыр-қайраттарыңыздың арқасында ана мен ұстаз міндетін қатар алып жүрсіздер. Осы жолда зор денсаулық, сарқылмас сабыр тілеймін. Өмірлеріңіздің әрбір сәті бақытты кезеңдерге толы болсын», деді министр.
Мереке қарсаңында еліміздің бас ұстазы педагогтерді «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапаттады. Марапат алғандардың қатарында елордадағы №96 мектеп-гимназия директоры Сәуле Теменова, физика пәнінің мұғалімі Дәмелі Қошқарбаева, сондай-ақ бастауыш сынып мұғалімдері Ақшагүл Ақмағамбетова, Меруерт Қабиева, Апидаш Рахымжанова, Гүлнар Ишанбай, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Майра Шайхиева, Лаура Семеева, Светлана Жұманова, Алтынгүл Шаймағанбетова, Әсел Ерментаева, орыс тілі және әдебиетінің мұғалімдері Нұргүл Оспанова, Әлия Нұрахметова, математика пәнінің ұстаздары Маржангүл Әбдікәрімова, Бағлан Құсманова, тарих пәнінің мұғалімі Жанат Айдағараева және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақмарал Сайфутдинова бар. Айта кетейік, бүгінде еліміздегі білім беру ұйымдарында 470 мыңға жуық әйел педагог еңбек етеді.