Бұл мереке – мейірім мерекесі, әйел қауымына деген құрметтің еселенер шағы. Қараңызшы, Сарқан ауданының Лепсі ауылдық округіне қарасты Көкжиде аулының қазыналы қарт әжесі Шәпен Қыдырбекова 101-көктемін қарсы алды. Қаумалаған ұрпақтарының ортасында ғұмыр кешіп отырған әжей – бүгінде ең бақытты жанның бірі.
Шәпен әжей осы жасына дейін небір қиындықты да, қуанышты күндерді де басынан өткізді. Ол 1923 жылы Сарқан ауданы Қарабөгет аулында дүние есігін ашты. 1940 жылы Бөрлітөбе ауданындағы Ерікті ұжымшарында еңбек жолын бастап, содан зейнетке шыққанша бел жазбай еңбек еткен. Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыртпалығын қара нардай көтерген тыл еңбеккерлерінің сапында болып, қиындыққа қайыспай көтеріп, бейбіт күннің шапағатын көргенін әңгімесіне арқау ететін әз ананың кейінгілерге айтары көп.
Шәпен апа 1947 жылы Әнуарбек Қыдырбековпен көңілі жарасып, тұрмыс құрады. Бас қосқан екі жас Ерікті ұжымшарында зейнетке шыққанша мал бақты. Абыройсыз болған жоқ, еңбектері еленіп, зор құрметке бөленді. Шәпен әжей он баланы дүниеге әкеліп, кеудесіне «Алтын алқа» белгісін де тақты.
«Өмірлік қосағым Әнуарбек 85 жас жасап, өмірден озды. Он баламнан, атап айтқанда 7 қыз, 3 ұлдан өрбіген ұрпақтарым алыс-жақында жүрсе де, үнемі хал-жағдайымды біліп тұрады. Немере, жиен, шөберелерім көңілімді табуға тырысады. Бұдан артық ата-анаға марапат керек емес. Біздің көрген қиыншылығымызды кейінгі ұрпақ көрмесін. Еліміз тыныш, ұрпағымыз саналы болсын», деп аналық ақ батасын берді.
Шәпен әжей бүгінде өмірден өз орнын тапқан он баласынан 29 немере, 68 шөбере көріп отыр.
Жетісу облысы