• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 08 Наурыз, 2024

Трансферттік баға тетіктері жетілдіріледі

135 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар трансферттік баға белгілеу мәселелері туралы заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Капиталды елден шығаруға бақылау күшейеді

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл заң Қазақстанның негізгі экспорттық позицияларының баға белгілеуіне бақылауды күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, заң салық салынатын кірісті ұлғайтуға мүмкіндік беретін интерквартильдік ауқымды және баға диапазонының медианалық мәнін қолдану арқылы экспорттық бағаны төмендетуге жол бермейді.

Сондай-ақ отырыс барысында атап өтілгендей, құжат нормалары салық төлеушілердің де, тексерушілердің де әкім­шілік шығындарын төмендетуге арнал­ған. «Мемлекет басшысы транс­ферттік баға белгілеу мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырғаны белгілі. Осы бағыт­тағы жұмыстың бірі ретінде транс­ферттік баға белгілеу тетіктерін жетіл­діруді көздейтін заң әзірленді. Заңда халықаралық іскерлік операциялар мен келісімшарттар жасау кезінде кіріс ысырабын болдырмауға бағытталған қосымша ережелер қарастырылған. Сондай-ақ капиталды елден шығаруға бақылауды күшейтуге арналған түзету­лер бар. Алдағы уақытта заң бұл сала­да мемлекет мүддесінің тиімді қорғ­а­луын қамтамасыз етеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Диссертация қорғауға кедергі көп

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Қайрат Тастекеев өзінің депутаттық сауалында PhD диссертация­сын қорғау барысында докторант­тар тап болатын проблемалар туралы айтып берді.

Депутаттың сөзінше, докторанттардың көпшілігі халықаралық Scopus дерек­қорында мақаласы жарияланған кезде қиындыққа кезігеді. Бұл олардың диссертациясын қорғауды қиындатады. Соның кесірінен 2011 жылдан 2022 жылға дейін 10 276 докторанттың 4 497-сі ғана қорғай алды. Олардың көпшілігі халықаралық ғылыми басылымдарда мақаласының болмауына байланысты қорғауға жете алмады. Бұл ретте докторанттардың 93,5%-ы мемлекет есебінен оқыған болатын.

Сенатор 2018 жылдан 2022 жылға дейін халықаралық деректер базасының қызметін төлеуге мемлекет бюджетінен 5,2 млрд теңге жұмсалғанын атап өтті. Бірақ Scopus деректер базасы бойынша қазақстандық ғалымдар мақаласының жаһандық ауқымдағы үлесі аз деңгейде қалып келеді.

«Ғылыми мақалаларды жариялауға байланысты негізгі проблемаға сіздердің назарларыңызды аударғым келеді. Ғылыми жұмыстарды жариялаудағы қиындық күшті бәсекелестік пен рецензияның қатаң талабына, сондай-ақ қаржы кедергісіне байланысты. Халықаралық базалар барлық ғылыми саланы бірдей қамти алмайды, бұл кейбір мамандықтағы зерттеушілерді қолайсыз, өзгеше жағдайға душар етеді. Біздің ғалымдардың өсіп-өркендеуі жалғыз бағалауға байланысты болуы мүмкін емес. Ол халықаралық базада мамандығы танымал емес немесе көпшілікті қызықтырмайтын адамдарға әділетсіз болып отыр. Бұл академиялық әділеттілік мәселесі», деді Қ. Тастекеев.

Сенатор осыған байланысты халық­аралық базалардағы мақаласымен шек­телмей, диссертациялық жұмыс­тардың сапасын бағалау өлшем-шарттарын қайта қарауды ұсынды. Депутат халықаралық деректер базасына енгізу үшін олардың деңгейін арттыруға ықпал ететін сапалы ұлттық ғылыми журналдарды дамыту мен қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Сенатор сонымен қатар жас ғалымдарды өз жұмыстарын халықаралық журналдарда жариялауға қолдау көрсету үшін арнайы гранттардың болуын маңызды деп санайды. Халықаралық ғылыми базаларға қол жеткізу және академиялық жазу бойынша тренингтерді қамтамасыз етумен қоса зерттеулердің сапасын арттыру жөнінде кешенді бағдарламалар әзірлеу керек.

 

Экологиямызға қатер төніп тұр

Еліміз кейінгі жылдары 180 мемле­кеттің арасында экологиялық тиімділік рейтингінде 93-орынға түсіп, Намибия, Габон және Зимбабве сияқты елдерден артта қалды. Жасыл желекке бөлену рейтингінде 78 елдің ішінде 72-орында тұр. Сенатор Советбек Медебаев өзінің депутаттық сауалында ауаның, судың және топырақтың шамадан тыс ластану проблемаларын жария етті.

Депутаттың айтуынша, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған және Теміртаудағы ауа сапасы жоғары деңгейде ластанғаны байқалады. Оның бәрі адамдардың өмірі мен денсаулығына теріс әсер етеді. «Ұлытау облысының Жезқазған және Сәтбаев қалаларында аймақтағы өндіріс орындарында зиянды газдарды сүзуге арналған қондырғылар­ды жаңарту жұмыстарын дер кезін­де жүргізбесе, өңірдің экологиялық жағ­дайы күрт нашарлауы мүмкін. Қазіргі уақытта Жезқазған өңірінде негізгі су көзі – Кеңгір су қоймасы. Ал судың сапасы онда қанағаттанарлық емес, су класы бо­йын­ша IV класс ретінде анықталған. Оны жақсарту үшін гидрологиялық жұмыс­тарды жүргізумен қатар, Үйтас-Айдос жерасты су құбырының құрылысын да жеделдету қажет», деді сенатор.

Сонымен қатар ол өндіріс орындары­ның қалдықтары ашық жерлерде сақта­луына алаңдаушылық білдірді. Қатты тұрмыстық қалдықтардың көп бөлігі еш сұрыптаусыз шығарылып, ашық полигондар мен қалалық полигондарда жиналып жатыр. Депутат осыған байланысты жағдайдың ауқымы мен отандастарымыздың денсаулығына елеулі қатер төнуі мүмкіндігін ескере отырып, өзекті мәселелерді шешу жөнінде бірқатар шараларды ұсынды.

«Қауіпті қалдықтар мен қоқыстардың мөлшерін азайту мақсатында әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес экожүйе енгізу жолдарын қарастыру қажет. Қалдықтарды, оның ішінде құры­лыс қалдықтарын жинауға арналмаған жерлерде заңсыз тасымалдау және шығару фактілерін анықтау мақсатында тексеру және өзге де шаралар жүргізу арқылы мемлекеттік бақылауды күшейту қажет. Жергілікті және орталық атқарушы органдар бірлесіп аудандық, қалалық және ауылдық елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, тамақ және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу жөнінде инфрақұрылым құру мәселесін қарастыру маңызды», деп атап өтті депутат.

 

Ауыл мектебінде психолог жетіспейді

Еліміздің ауылдық жерлерінде психологиялық көмек көрсету жүйесі нашар дамыған. Сондықтан нақты проб­лемалар уақтылы анықталмайды және жас­тарға психологиялық көмек көр­сетіл­мейді. Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депу­таттық сауалында осы мәселені көтерді.

Сенатордың пікірінше, балалардың психологиялық жағдайы мен мінез-құлқындағы алғашқы проблемалар мектепке дейін және мектеп жасында анықталады. Сондықтан педагог-психологтердің оқушыларға жеке дара қолдау жасауға қол жеткізу мүмкіндігі және оның сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Алайда бұл салада бірқатар проблема бар.

«Орта есеппен 1,5 мың бала оқитын мектептерде 60, ал 4 500 және одан да көп оқушысы бар білім ошақтарында 170-тен аса сынып бар. Яғни, бір психолог 2 000 оқушыға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсетеді. Үлкен жүктемесі болуына байланысты нақты мұқтаж адамға көмек берілмей жатады», деді сенатор.

Сенатор мәселені шешу үшін мектеп психологтерінің саны жөніндегі нормативті есептеуді қайта қарауды және оған сынып санына түзетулер енгізуді ұсынады. «Ресми түрде 1987 жылы психолог штаттары мектептерге енгізілгенімен олардың заңды мәртебесі анықталмаған. Еңбекақы төлеу жүйесінде олар қосымша мамандық ретінде тіркеледі. Психолог ерекше мамандық екенін ескере отырып, негізгі мамандар тізбесіне енгізуді ойлас­тыру қажет», деді депутат.

 

Жемқорлық жайлаған сала

2020-2024 жылдары білім беру саласында 511 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Сенатор Айгүл Қапбарова өзінің депутаттық сауалында білім беру жүйесіндегі бюджет қаржысын жаппай ұрлау мәселесі туралы айтып берді.

Сенатордың сөзінше, білім беру саласы әлеуметтік қолдау жөніндегі кешенді шараларға қарамастан жемқорлар жиналған ортаның бірі болып отыр. 2023 жылы сыбайлас жемқорлық пен ұрлықтың 12,5 млрд теңге болатын ірі фактісі анықталды.

«Қазіргі қолданыстағы тетіктер жалпы білім беретін ұйымдарда еңбекақы қорынан бюджет қаражатын жымқыруға, бюджеттік өтінімдерді жоспарлау мен қалып­тастыру кезінде жалақыға жұм­сала­тын шығындарды қолдан артты­руға мүм­кіндік беріп отыр. Яғни оқу-ағарту аға­рту саласында бюджетті жоспар­лау ісі ақсап тұр. Мемлекеттен ең көп қар­жыландыратын салаға бюджет­тік параметрлерді шектейтін нақты қа­ғи­далар жүйесі қажет. Бүгінгі таңда ел­і­міз бойынша жалпы білім беру ұйым­дарында бес мыңға жуық педагог тапшы. Мұғалімдерге деген қажеттілік артып тұрған кезеңде мектеп директорлары өз таныстарын жалған бұйрықпен жұмысқа алып, мектепте жұмыс істемейтін бөгде адам­дарға заңсыз жалақы мен түрлі жәр­демақылар төлеген», деді А. Қапбарова.

Сенатор сыбайлас жемқорлықтың таралуына ықпал ететін бухгалтерлік есеп жүйесін, Оқу-ағарту министрлігі мен Қазынашылық базаларын интеграциялау мәселесіне назар аударды. Мектеп бюджеттерін қалыптастыру тура­лы өтінімдер, әсіресе өңірлер мен ауылдарда әлі де қағаз түрінде беріледі. Бюджетті қалыптастыру үдерісі әлі ав­томаттандырылмаған, дегенмен цифр­ландыру сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің маңызды құралы болып отыр.

«Елімізде цифрландыру мен бюд­жеттік үдерісті интеграциялаудың жоғары деңгейіне көшу мәселесін шұғыл түрде қолға алу керек деп есептеймін. Мемлекеттік қаржыны басқарудың бірыңғай интеграцияланған жүйесін құру, барлық деңгейдегі бюджеттік үдерістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда бұл бағыттағы бірқатар іс-шара баяу жүріп жатыр. Мәселен қазынашылықтың ақпараттық жүйесін білім беру ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерімен интеграциялау үшін API-сервис әзірлеу жоспарланған. Бірақ оның қашан жүзеге асатыны белгісіз», деді А. Қапбарова.

Сенат отырысын қорытындылаған Мәулен Әшімбаев барша аруларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.