Соңғы онжылдықта кәсіпкерлік саласында әйелдердің табысты кейстерін көзіміз жиі шалатын болды. Әрине, табысқа жетудің сан түрі бар. Бірі өз бетінше дағдыланса, бірі қандай да бір ұйымдардың қолдауымен жетіліп жатыр. Осы орайда нәзік жандардың қарым-қабілетін дамытуға жол ашқан «TechnoWomen» қауымдастығын айырықша атап өтсек болады.
Қауымдастық президенті Азиза Шөжееваның айтуынша, былтырдан бері ІТ-Aiel жобасы іске асырылып, қолөнершілерді электрондық коммерцияға бейімдеу, әйелдердің IT-стартап қозғалысына қолдау көрсету шаралары қолға алынды. Кәсіпте табысқа жеткен жанның бірі – Дана Блиева. Корпоративтік сектордағы еңбек өтілі 30 жылдан асады. «Baiterek Venture Fund» АҚ-ның тәуелсіз директоры.
– Алғашқы инвестиция жылжымайтын мүліктен басталып еді, – деп еске түсіреді ол өткен шақты, – Лондондағы баламалы қор биржасында орналастырылған, ұңғымаларды қайта іске қосудан кейін акциялары 13 есе өскен шағын мұнай-газ компаниясының серіктесі болдым. Бұл өзінше стартап. Қаражатты жылжымайтын мүлікке және қор нарығына инвестицияладым.
Дана 2012 жылы Facebook IPO-сына және басқа да инвестициялық бастамаларға қатысып, өзінің технологиялық стартабын құруға әрекеттеген. 2014 жылы инвестициялық жобаларға жер қойнауын пайдаланушыларды тарту үшін Techgarden-де жұмыс істеп, жаңа технологиялар, нейрондық желілер, жасанды интеллект, блокчейн, криптовалюталар, баламалы энергия көзі туралы білімін жетілдірген. Компьютерлік ғылымдар (информатика) бойынша PhD-ге оқуға түсіп, күрделі физикалық үдерістердің математикалық модельдеуін зерттеген.
«Соңғы жылдары «TechnoWomen» қауымдастығында қыз-келіншектерге IT мен STEM-де өздерінің стартаптарын дамытуға, инвестицияларды тартуға көмектесіп келемін. Алдағы уақытта білімді, интеллектуалды ұлт ретінде болашағы жарқын ел боларымызға сенімдімін», дейді Дана Назарбайқызы.
«Acvee Finance» компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры, сонымен қатар «TechnoWomen» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Аяулым Аяғанова да табысты кәсіпкер. Ол басшылық ететін «AcveeFinance» компаниясы краудфакторингпен айналысады. Краудфакторинг – B2B секторындағы тауар жеткізушілердің немесе кассадағы қолма-қол ақшаның жетіспеушілігін қаржыландыратын ұйым.
«Компаниямды ашпай тұрып, Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасында жұмыс істедім. Онда мемлекеттік бюджет қаражатын облыс пен өзге аймақтарға бөлу жұмыстарын жүргіздім. Сол уақытта мемлекеттік сектор мен ұйымдарды қалай қаржыландыру керектігінен хабардар болғанмын. Аталған салада қызмет етпес бұрын өз бизнесіммен айналысып, құжаттама алу, PQS тапсыру, тендерге қатысу бойынша кеңес бердім. BI Group, Kazzink, геология және жер қойнауын пайдалану комитетінде қызмет атқарып, 10 жыл бойы жинақталған тәжірибемнің арқасында стартап пен жылжымайтын мүлікке қызығушылық таныта бастадым. Алға қойған мақсатым да айқын еді. Бірақ өкінішке қарай, 20 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған жағдайға тап болып, содан соң AR\VR саласында жеке стартап құруды шештім», дейді Аяулым.
Бүгінде шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің 30%-ы ғана көптеген нақты процедурадан өткеннен кейін ғана несие алады. Бірақ ШОБ-қа ақша дәл уақытында қажет. Осылайша, ақша беретін адамдар шағын орта бизнесті қаржыландыру арқылы пассивті кіріс алады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығына компанияны тіркедім. Ондағы қатынас ағылшын құқығымен реттеліп, жеке тұлғалардың заңды тұлғаларға инвестиция салуына жағдай жасап отыр. Біздің заңнамада мұндай бағыт қарастырылмаған. Тек банк ашқан жағдайда ғана қаржыландыра аласың. Ал банк ашу үшін үлкен жарғылық капитал, құжаттар мен лицензиялар қажет. Біздің кәсіп қарапайым жеке тұлғаның өз ақшасын 50 000 теңгеден бастап салуына мүмкіндік береді, ал пассивті кірісі – жылына 25-30 пайыз аралығында. Депозитпен салыстырғанда бұл 8-13 пайызға артық. Осылайша, серіктесім екеуміз краудфакторинг құруды шештік. Факторинг – жеткізушілердің тауары мен қызметін қаржыландыру. Нарықта біраздан бері бар, бірақ банктерде өте сирек қолданылады. Көптеген кәсіпорын бұл қызмет туралы білмейді. Өйткені банктерге жеке өнімді қаржыландырудан гөрі айналым қаражатына несие берген тиімдірек. Біздің компания тауарларды қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бұл ретте біз бизнеске тікелей қаражат бермейміз, бірақ тауарды тікелей сатушыға төлейміз, осылайша, тәуекелдерді минимумға дейін азайтамыз. Барлық скоринг процедураларынан өткеннен кейін жарты жылға бизнеске несие лимитін ашамыз. Бұл модельді толығымен өзіміз әзірледік және оны сәтті жүзеге асырып жатырмыз. Жеткізушінің өзінен, сатушыдан бастап соңғы сатып алушыға дейін мәміленің барлық қатысушыларын тексереміз. Қаржыны мақсатты пайдалануды, жоғары айналымды, сол арқылы тәуекелдерді азайтуды, жоғары табысты қамтамасыз етуді ұсынамыз», дейді.
Аяулым «TechnoWomen» қауымдастығын технологиялық индустрияны дамыту бойынша стратегиялық маңызды ұйым дейді.
«TechnoWoman-ға инвестиция салу – әлеуметтік жауапкершілік қана емес, сонымен қатар инвесторлар үшін жоғары білікті және талантты кәсіпкерлікке қол жеткізу мүмкіндігі. Мұндай бастамаларды қолдау табысты әрі инновациялық технология компанияларын құруға жағдай жасайды», дейді кәсіпкер.