Әдемілік әйелге тән. Көктемнің қызғалдағындай құлпырып кететін қыз-келіншектердің ажарын ашатын алқа, жүзік, сыңғырлы сырғасын жасауда өзіндік өрнегін қалыптастырып, бәсекелестікте бәсі жоғары тұратын қолөнер шебері Меруерт Ермекованың есімі елге таныс. Қолөнер шеберінің «Алтын тас» аталатын брендтік бұйымдары әрдайым сұранысқа ие. Табиғаты көркем Талғар қаласында тұратын Меруерттің көрер көз қызығарлық сәукеледен бастап, білезік, шекелік, өңіржиек, алқа, шашбау сынды әшекей бұйымдары еліміздің әр түкпіріне жөнелтіледі. Қолөнер шеберінің осы жылдар ішінде жасаған жүздеген бұйымдары өз тұтынушыларын тапқан.
Сондай-ақ моншақтан жасалған әдемі әшекейлері жыл сайын кітапханалар мен жоғары оқу орындарында, мектептер мен музейлерде ұйымдастырылатын қолөнер шеберлерінің көрмелеріне қатысып, көрермен ықыласына бөленуде.
«Әйелдердің әшекей бұйымдарын жасаумен айналысқаныма он жылға жуықтапты. Саусақ бірікпей – ине ілікпейді. Шеберқол аналарымыздың игі мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтып келемін. Бұрымдыларымыз уақытты бекер өткізбей, көненің көзіндей кәсіпті заманауи үлгіде жаңғыртып, жалғастыруға ниеттенсе неге қуанбасқа?! Көп болмағанмен ара-тұра қызыққан қыздар келіп, тастарды тізіп, моншақ, білезік, басқа да бұйымдарды жасаудың жолдарын үйренуде. Мұдай да «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» дейтін аналарымыздың ақылы еске түседі», деп жылы жымиған Меруерт Ермекова жалпы тастардың қасиетіне сенетін ырымшыл халық екенімізді еске салды.
Тастардан түзілетін тәспі, білезік, тұмарға сұраныс артқанын, әсіресе, емдік қасиетке ие нефрит, шунгит, кәріптас, маржан сынды тастарды жиі пайдаланатындығын алға тартты.
«Нефриттің түсі жасыл болғандықтан «мұсылман тасы» деп аталады. Мысалы, кәріптасты зоб ауруына пайдалы деп есептейді. Ал шунгитке ер адамдардың қызығушылығы жоғары», дейді өз ісінің шебері.
Моншақ тізуге епті Меруерттің мөлдір тастармен көмкерілген үкілі сәукелелеріне қызығушылық басым. Нәзік саусақтарына ілінген әр тасты жоғары талғаммен үйлестіре отырып тізіп, бүтін бір бұйым құрап шығаруға аса төзімділік пен ептілік қажет. Ал бұл өз ісін айрықша сүйетін қолөнер шеберінің ең асыл қасиеттері десек асыра айтқандық емес.
Отандық өнімдері жоғары бағасын алып қана қоймай, еңбегі ерекше құрметке бөленген М.Үсенбекқызы өткен жылы республикалық «Үздік кәсіпкер» байқауына қатысып, «Үздік кәсіпкер» атанса, жуырда ғана «Үздік іскер әйел» төсбелгісін кеудесіне жарқырата тақты.
Алматы облысы