Кеше АҚШ-тың Майами қаласында аралас жекпе-жектен өткен UFC турнирінде Асу «Зұлпықар» Алмабаев өзінің екінші кездесуінде жеңіске жетті.
Майамиде қандасымыз жергілікті файтер Си Джей Вергарамен күш сынасты. 32 жастағы америкалық файтер осыған дейін 17 мәрте жекпе-жекке шығып, 12 рет жеңіске жетті. Бұл айқастардың жетеуін мерзімінен бұрын ақтады. Төрт рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді. Кездесу басынан аяғына дейін бір сарында өтті. Ара-тұра Си Джейдің сілтеген соққылары Асуға дәл тигенімен, басымдық толықтай біздің спортшы жағында болды. Ол жылдам қимылдап, жиі шабуылдады. Соққыларының көбін дәл дарытты. Нәтижесінде, соңына дейін созылған сайыста барлық төреші Алмабаевтың мықтылығын бірауыздан мойындады. Есеп – 30:27, 30:27, 30:27.
Бұл Асудың 21 кездесудегі 19-жеңісі! Бір кереметі, 2017 жылдан бері қазақтың ұлы 15 рет октагонға шығып, барлық бәсекеде басымдық танытты.