Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан Олимпия ойындарының лицензиялық турнирін өте жақсы бастаған жерлестеріміз қатарынан 10 жекпе-жекте жеңіске жетіп, өз жанкүйелерін бір желпіндіріп тастаған еді. Бірақ көп кешікпей былғары қолғап шеберлеріміз сүріне бастады.
Бірінші болып Жайна Шекербекова (54 кг) жеңілістің кермек дәмін татты. Әлем біріншілігінің үш дүркін жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының финалисі деген дардай атағы бар Жайна есімі көпшілікке беймәлім нигериялық Шухра Кәрімнің алдында дәрменсіздік танытты. Көп кешікпей Римма Волосенко (60 кг) көрермендер қатарына қосылды. Осыған дейін үш қарсыласын жолынына ығыстырған жерлесіміз ширек финалда словакиялық Мирослава Единаковаға есе жіберді.
Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) екінші айналымда болгариялық Радослав Росеновпен күш сынасты. Үшінші раундта қарсыласының қабағы жарылды. Ондай жағдайда ереже бойынша сол сәтке дейін қай боксшы алда тұрса, жеңіс соның еншісіне жазылады. Бұл ретте Болгария боксшысының бағы жанды. Ал Асланбек Шымбергенов (71 кг) польшалық Дамиан Дуркачқа шаң қаптырса, Айбек Оралбай (92 кг) Оңтүстік Кореяның өкілі Юнг Ха Ныльдан басым түсті.
Келесі тәулікте тағы төрт былғары қолғап шеберіміз рингке көтерілді. Наталья Богданова (66 кг) аргентиналық Лорена Соледад Балбуэннен айласын асырса, Нұрбек Оралбай (80 кг) Тогоның дене бітімі келіскен төртпақ жігіті Превой Падабадиі ұтты. Алуа Балқыбекова (50 кг) чехиялық Клавдия Тотованы тізе бүктірсе, Махмұд Сабырхан (57 кг) таиландтық Сарават Суктетке сан соқтырды.
Сенбі күні үш отандасымыздың өнерін тамашаладық. Валентина Хальзова (75 кг) жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, түркиялық Бюшра Ишилдардан басым түсті. Наталья Богданова (66 кг) польшалық Анета Рыгельскадан ұтылды. Айбек Оралбай (92 кг) 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, эквадорлық Хулио Сесар Кастильо Торресті қапы қалдырды.