Бұл күндері теннистен АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Индиан-Уэллс қаласында аса ірі халықаралық турнир өтіп жатыр. Жүлде қоры 8 995 555 долларды құраған дүбірлі додада Қазақстанның төрт ойыншысы өнер көрсетуде.
Индиан-Уэллстегі жарыс өзінің мәні мен маңызы, мәртебесі мен дәрежесі және жүлде қорының мөлшері жағынан «Үлкен дулыға» санатындағы сайыстардан ғана қалып қояды. 1974 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан осы турнирде әлемнің ең үздік теннисшілері үнемі өнер көрсетуде. Жарты ғасыр уақыт аралығында ерлер арасындағы бәсекеде ең көп олжаға кенелген Швейцарияның мақтанышы Роджер Федерер (2004-2006, 2013-2014, 2017 жылдары) мен Сербияның саңлағы Новак Джокович (2008, 2011, 2014-2016). Олар бес реттен топ жарды. Әйелдер сайысында бірде-бір ойыншыға үш мәрте топ жару бақыты бұйырмады. Атақтары алысқа жайылған Мартина Навратилова (1990–1991), Мэри Джо Фернандес (1993, 1995), Линдас Дэвенпорт (1997, 2000), Серена Уильямс (1999, 2001), Ким Клейстерс (2003, 2005), Даниэла Гантухова (2002, 2007), Мария Шарапова (2006, 2013) және Виктория Азаренко (2012, 2016) сынды бұрымдылар бас жүлдені екі реттен ғана олжалады.
Былтырғы жарыста күллі әлем жұртшылығы Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның асқан шеберлігіне тәнті болды. Америкалық София Кенин, испаниялық Паула Бадоса, ресейлік Варвара Грачева, чехиялық Каролина Мухова, польшалық Игва Свентек және беларусьтік Арина Соболенкоға сан соқтырған жерлесіміз теңдессіз деп танылды. Ерлердің айқасы Карлос Алькарастың жеңісімен аяқталды. Испанияның аса дарынды теннисшісі ақтық сында ресейлік Даниил Медведевті ұтты.
Биылғы жарыстың алғашқы айналымында бос болған Елена Рыбакина (№4) екінші кезеңде Надя Подороскамен (№84) кездесуге тиіс еді. Алайда дәл ойын болатын күні Еленаның денсаулығы сыр беріп, ол кортқа шықпады. Юлия Путинцева (№79) тұсаукесер кездесуін германиялық Тамара Корпачқа (№76) қарсы өткізді. Бұл ойында отандасымыз неміс қызын оңай ұтты – 6:2, 6:3. Келесі кезеңде отандасымыз WTA рейтингінде өзінен әлдеқайда жоғары тұрған ресейлік Екатерина Александровадан (№16) айласын асырды – 7:6, 6:1. Юлия енді америкалық Мэдисон Кизпен (№18) күш сынасады.
Ерлердің турнирінде де жағдай дәл солай. Александр Бублик (№20) жарысты екінші кезеңнен бастап, қытайлық Цзюнчэн Шанға (№139) шаң қаптырды – 6:4, 6:1. Үшінші айналымда жерлесіміз ТОП-10 ойыншының қатарына енген Аустралияның өкілі Алекс де Минормен айқасады. Ал Александр Шевченко (№45) үшін бұл турнир аяқталды. Германияның теннисшісі Доминик Кепферді (№49) қапы қалдырды – 6:3, 1:6, 7:6. Бірақ көп ұзамай ол Аргентинаның ойыншысы Франсиско Серундолоға (№22) жол берді. Екінші сетте есеп 1:3-ке жеткенде Шевченко бәсекені жалғастырудан бас тартты. Сөйтіп, жарыс жолында екі жерлесіміз ғана қалды.