Алматыда Достық үйінде Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен еліміздің ғылым саласын жаңғырту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Оған салалық және қоғамдық академия басшылары қатысты.
Алқалы жиынды жүргізген Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Мемлекет басшысының Ұлттық ғылым академиясын реформалап, оның бүгінгі заман талабына сай мақсаты мен міндетін қайта айқындауды қолдап отырғанына баса назар аударды.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ғылым саласын дамытуға аса зор көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде жаңадан Ғылым және жоғары білім министрлігі, Президент жанындағы Ғылым мен технологиялар кеңесі құрылды. Ұлттық ғылым академиясына жаңа мәртебе беріліп, ғылым саласын қаржыландыру 3 есеге артты. Ғылым саласына көрсетілген қолдау ғалымдар қауымдастығына үлкен міндет жүктейді. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясын тәуелсіз, әкімшілік емес, министрліктердің міндеттерін қайталамайтын, Үкіметке сараптамалық тұжырымдар беретін және форсайттық ізденістер және де технологиялық болжамдар негізінде отандық ғылымның стратегиялық даму бағыттарын анықтайтын органға айналдыру міндеті тұр. Сондай-ақ ғылыми ізденістердің әлемдегі алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтары мен мектептерінің тәжірибесіне негізделген жаңа форматын ұсынатын боламыз. Ұлттық ғылым академиясы ел ғылымының интеграцияланған жүйесін жасап, мемлекетіміздегі ғылым әлеуетінің қорын құратын болады. Сонымен қатар ғылым саласына талантты жастарды тартуға мейлінше ықпал етеміз», деді ол.
Жиын барысында Қазақстан ғалымдары одағының президенті Оразалы Сәбден, Қазақстан Экономикалық ғалымдар академиясының президенті Рахман Алшанов, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғалымдар академиясының бірінші вице-президенті Владимир Школьник, Ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының президенті Тілектес Есполов, Халықаралық Репродуктология академиясының президенті Вячеслав Локшин сөз алып, Ұлттық ғылым академиясының жаңаша қадамына қолдау білдіріп, өздерінің нақты ұсыныстарын айтты.
Сондай-ақ ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін көтерген ғалымдар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын жетілдіру, ғылыми жобаларды, өнертабыстарды өндіріске енгізу, ғалымдардың мәртебесін көтеру мен қаржыландыруға қатысты тұшымды ойларын ортаға салды.
Жиын соңында Ұлттық ғылым академиясы мен салалық және қоғамдық академиялар ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
АЛМАТЫ