«Майқайыңалтын» АҚ кенішіндегі қайғылы оқиғаның болғанына екі айдан аса уақыт өтті. Құтқарушылар алғашқы күні екі құтқарушының мүрдесін жер бетіне көтеріп алып шыққан еді. Алайда өзге екі азамат сол күйі табылмай жатыр.
Бұған дейін құтқарушылар кеніш ойығына құлаған автобусты іздеу жұмыстарын ақпан айының басында тоқтатып, «Майқайыңалтын» АҚ шұңқыр түбіне ауыр техника өздігінен жүріп баратындай жол сала бастаған. Алайда жуықта Майқайың кенішіндегі жер қазу жұмыстары толықтай доғарылып қалғаны жайында ақпарат тарады. Құрдымға құлаған автобусты іздеу жұмыстары не себепті тоқтатылғаны туралы «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин бізге былай деп түсіндірді:
– Ақпан айының басында құтқарушылар барлық керек-жарағын жинап, іздеу жұмыстарын тоқтатқаны мәлім. Біз жер астында жатқан қос азаматтың туыстарының өтінішін ескеріп, жер қазу жұмыстарын өз күшімізбен жалғастырамыз деп шештік. Ауыр техниканың көмегімен бүйірлік траншеялар кеңейтіліп, ойықтың түбіне дейінгі аппарелі тереңдетіле бастады. Бұл жұмысты үш аптадан аса жүргіздік. Алайда мұндай іс-шараларды жүргізу үшін әуелі жер қазу жұмыстарының жобасы әзірленуі керек еді. Оны бізбен тұрақты байланыс орнатқан бір фирма бастапқыда жасап береміз деген. Олар мәселені зерделей келгенде, жағдайдың аса күрделі екенін ескеріп, жауапкершіліктен бас тартты. Фирма өкілдерінің айтуынша, жер қазу жұмыстары барысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету өте қиын. Ал жобаны әзірлеуші компания ол жауапкершілікті арқалағысы келмейді. Сәйкесінше, біз жұмысты одан әрі жалғастыра алмадық. Болмаған соң сырттан мамандарды шақырып, ойықты көрсеттік. Олар осы бетпен қаза берсеңіздер, ойықтың айналасындағы топырақты босатып, жағдайды мүлде ушықтырасыңдар деп ескертті. Босаңсыған топырақ кез келген сәтте жарылып, жер астына түсіп кетуі мүмкін. Бұған дейін құтқарушылар автобус құлаған жерде, яғни шұңқыр астында терең құрдымдар пайда болғанын ескерткен. Ауыр техника шұңқыр түбіне түссе онсыз да қопсып тұрған кен жыныстары оның салмағын көтере алмай, опырылып түсуі мүмкін. Бұдан адам шығыны болуы да ықтимал. Осы жағдайлардың барлығын ескере келіп, ақпан айының соңғы аптасында біз бастапқы шешімімізді өзгерттік. Ал іздестіру жұмыстары алдағы уақытта жалғаса ма, жоқ па, оны айта алмаймын. Себебі бұл біздің құзырымыздағы мәселе емес, дейді кәсіпорын басшысы.
Бұған қоса ол қазіргі күні өндіріс орны Қонаев атындағы тау-кен ісі институтымен байланыс орнатып отырғанын мәлімдеді. «Оқу орнында тау-кен ісін жетік білетін мықты ғалымдар бар. Олардың көмегімен алтын кенішін толық тексеріп жатырмыз. Шахтамыздағы кен өндіру ісі 4 қаңтардан бері толық тоқтап тұрғаны мәлім. «Алдағы уақытта кеніштегі жұмыстарды қайта жалғастырсақ, жер астындағы шахталар қаншалықты қауіпсіз болады, қызметкерлеріміздің өміріне қауіп төнбеуі үшін не істей аламыз» деген сұрақтарға ғалымдармен бірге жауап іздестіріп келеміз. Мамандар барлық жағдайды есептеп, қосымша зерттеулер тағайындады. Бұл іс-шаралардың барлығы 30 наурызға дейін аяқталуы керек. Содан соң барып, кеніштің келешегі шешіледі», деп тарқатты әңгімесін Қ.Ботин.
Ал өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бұған дейін кеніштегі жұмыстарға жұмылдырылған қызметкерлер мен техникалар толықтай өз қызмет орындарына қайтып оралғанын хабарлады. Қажет болған жағдайда департамент мамандары Майқайыңға көмекке бара алады.
Бүгінде «Майқайыңалтын» АҚ-ның шахтадан өзге құрылымдық бөлімшелерінде, соның ішінде кен байыту комбинатында жұмыс толық штатта жалғасып келеді. Кәсіпорын бойынша шамамен 250-дей адам мәжбүрлі еңбек демалысында. Бас директор олардың қызмет әрекеті шахтамен байланысты болғандықтан тоқтап тұр деп сендірді. Қызметкерлерге жылдық орташа айлық жалақысының 50 пайыз көлемінде еңбекақы төленіп жатыр.
Павлодар облысы