Екібастұз қаласында теміржол кластерін дамытудың оң істері байқалады. Жергілікті кәсіпорын шығарған теміржол доңғалақтарының 75 пайызы бүгінде экспортқа жөнелтіліп отыр. Ал келешекте мұнда локомотивтер үшін мүлде жаңа өнімдер өндіріле бастайды.
«Проммашкомплект» ЖШС-да айына 25 мың, бір жылда 300 мың теміржол доңғалағы шығарылады. Бұл – елімізде баламасы жоқ кәсіпорын. Мұндай зауыттың бүкіл ТМД-да төртеуі ғана бар. 2012 жылы іске қосылған өндіріс орнында 930 адам еңбек етеді, орташа еңбекақы 430 мың теңгені құрап отыр.
«Зауыт шығаратын тұтас таптамалы және тісті доңғалақтар еліміз бойынша бізде ғана өндіріледі. Негізінен доңғалақтың 9 түрін шығарамыз. Олар жүк және жолаушылар вагондарына, ауыр тартқыш локомотивтер мен жылдамдығы жоғары локомотивтерге, электровоздарға, метрополитен көліктеріне арналған. Өнімнің 25 пайызы Қазақстанның ішіне, өзгесі шетелдерге сатылады. Ішкі сұранысты 100 пайыз өтеп тұрмыз. Кәсіпорынның қазіргі мақсаты – еуропалық стандарттағы доңғалақтарды өндіру. Алғашқы партиядағы еуропалық доңғалақтарымыз аудиттен өткізілді. Енді нақты нарыққа бағыттайтын жоспарымыз бар. Мұндағы құрал-жабдықтың барлығы заманға сай автоматтандырылған, қолмен атқарылатын жұмыс өте сирек. Күн сайын шығарылған өнімдерімізді бірден сыртқа тиеп жіберіп отырамыз. Себебі сұраныс жеткілікті. Шамамен тәулігіне 700-800-дей доңғалақ экспортқа жіберіледі. Белорусия еліндегі теміржол компаниясымен келісімге отырып, олардың вагондары үшін де өнім өндіріп жатырмыз. Бізден шығарылған доңғалақтарда ақау өте аз кездеседі. Сондықтан шет мемлекеттерде тауарымызға деген сенім жоғары», дейді кәсіпорынның бас директоры Иван Дычко.
Серіктестік жүзеге асырып отырған ауқымды жоба Қазақстанның теміржол саласын дамытып қана қоймай, сырттан келетін тауарды отандық өніммен алмастыру мәселесін оң шешіп беріп отыр. Зауытта шығарылатын теміржол доңғалақтарының бағасы импорттық құралдардан арзан әрі сапалы. Мұнда Чехия, Германия, Швейцария, Ресей, Беларусь, Жапония, Италия мемлекеттерінен әкелінген станоктор мен қондырғылар пайдаланылады.
Атап өту керек, «Проммашкомплект» «Railcast systems» теміржол кластерінің құрамына енеді. «Railcast systems» ЖШС-ның өзі өндірістік аумақта тағы бір зауыттың құрылысын қолға алған. 2026 жылы пайдалануға берілетін жобаның жұмыс атауы – «Ұсталық-бандаж кешенін құру». Яғни келешекте мүлде жаңа, заманға сай роботтехнологиямен жарақталған зауытта локомотив бандаждары шығарыла бастамақ. Локомотив бандажы – локомотивтің доңғалақ жұбының ауыстырылатын элементі.
Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесовтің дерегінше, жобаның жалпы құны – 78,6 млрд теңге. Болашақта кәсіпорында жылына 160 000 бұйым шығарылып, оның 92 пайызы экспортталады деп көзделіп отыр. Өндіріс орны іске қосылғанда Екібастұз қаласында жаңадан 570 жұмыс орны құрылады.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Railcast Systems» серіктестігінің жобасы бойынша өтінімді мақұлдаған. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстарының 60 пайызы, жалпы жобаның 40 пайызы жүзеге асып үлгерді. Компания келешек зауытқа жеткізілетін құрал-жабдықтар құнының 50 пайызын бүгінде төлеп қойыпты. Осындай жобалардың нәтижесінде Екібастұздың экономикасы әртараптанып, қаланың отын-энергетикалық кешенге тәуелділігінен арылуы жоспарланып отыр.
Павлодар облысы