Бүгін күллі мұсылман әлемі үшін айлардың ұлығы әрі сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан басталды. Исламда бес парыз болса, ораза – соның үшіншісі. Бүгіннен бастап бүкіл дүние мұсылмандары ауыз бекітіп, осы парыз амалдарын орындайды.
Биыл ел тұрғындары 30 күн ораза ұстайды. Сәуір айының 5-інен 6-сына қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітуімен осы жылы пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.
Рамазан айы – ең алдымен, құлшылық пен қайырымдылық кезеңі болып саналады. Хадистерде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ораза кезінде айрықша қайырымды әрі қолы ашық болатыны айтылған. Бұл күллі мұсылман үмбетін осы іске ынталандыратын әрі үлгі болатын амал. Сондықтан Рамазан айы басталғанда таң атқаннан күн батқанға дейін ашқұрсақ жүру әркімнің қолынан келетін шығар, дегенмен осы кезеңді ел ішіндегі жарлы-жақыбайларға, жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге көмек қолын созуға, қоғам үшін қайырымды істер жасауға арнаудың сауабы шексіз.
Осыған орай жыл сайын ораза қарсаңында мүфтият тарапынан кәсіпкерлерге арнайы үндеу жолданып келеді. Биыл да Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жылдағы дәстүрден жаңылмай қолында қаражаты мен мүмкіндігі бар кәсіпкер азаматтарды Рамазанның құрметіне ізгі амалдар жасауға шақырды.
Қоғам үшін пайдалы да қайырымды іс жасаудың жолы көп. Қарапайым бір мысал келтірсек. Ислам дінінің әлемдік өркениет өзегіне айналуына өлшеусіз үлес қосқан Осман империясында жақсы бір дәстүр болыпты. Ол көбіне Рамазан айында жасалады екен. Осы кезеңде әрбір жақсылыққа әдеттегі кезге қарағанда молырақ сауап жазылатынын білетін қалталы азаматтар кез келген дүкенге барады екен де, қарызға азық-түлік сатып алатын адамдардың тізімін сұрайды. Соның ішінен қарызы ең көп адамның немесе бірнеше адамның, тіпті кейде бәрінің берешегін өтеп береді екен. Әлгі қарызы бар адамдар өзіне қол ұшын созған «атымтай жомарттың» кім екенін де білмейді. Дінде жасырын жасалған садақаның сауабы мол болатыны белгілі.
Біздің ойымызша, бүгінгі таңда да осы игі амалды қайта жаңғыртудың артықтығы жоқ. Өйткені халықтың бір бөлігі дүкеннен азық-түлікті жаздырып алатынын көріп жүрміз. Тіпті несиеге тамақ алатындар қатары да соңғы уақытта көбейген. Бұл қасиетті айда елге пайдамды тигіземін әрі Құдайдың сауабына қол жеткіземін деген азаматтар болса, әріге бармай-ақ осы айтылған қарапайым ғана қайырымдылықтан бастап халыққа қол ұшын созар болса, ол ел ішінде жаппай дәстүр ретінде қалыптасар еді.
«Ораза тұтқан адам екі рет қуанады: бірі – ауыз-ашарда, екіншісі – ақыретте ұстаған оразасының сауабын алғанда», дейді бір хадисте. Біз бұдан Рамазан айында адамдарға ауыз аштырудың қандай ізгі амал екенін көреміз. Дегенмен оның да мәнісін қазіргі күні кейбір адамдар түсіне бермейді. Кейде ауызашар дастарқаны төрінен ораза ұстамаса да, билігі мен беделі бар адамдардың орын алып жататынын байқаймыз. Ал шын мәнінде ауызашар олардың «жарылқауы» үшін емес, Құдайдың желеп-жебеуі үшін жасалатын амал ғой. Бір сөзбен айтқанда, ол да – қайырымдылықтың бір түрі. Сондықтан ауыз-ашар дастарқанына ауызы ашық бай-бағлан емес, ораза ұстаған жоқ-жітік, тойып тамақ іше алмайтын жағдайы төмен адамдар шақырылса құба-құп.
«Рамазан айында жасалатын ең абзал амалдардың бірі – ауызашар беру мәдениеті. Ауызашар дастарқаны ағайын-туыстың басын қосып, бауырлардың басын біріктіреді. Бір-біріне өкпе-назы болғандар осы айда Жаратқан иеміздің разылығы үшін бір-біріне кешірім беріп татуласып жатады. Бұл айда мешіттердің асханаларында, дәмхана, мейрамханаларда күн сайын мыңдаған адамға дастарқан жайылады. Олар әлеуметтік жағдайы төмен бауырларымызды тамақтандырып, мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен көмектесіп жатқандар да көбейе түскен. Жағдайы бар ауқатты адамдар өздерінің пітір садақасы мен зекеттерін мешітке, енді біреулері шәкірттерге, кедей-кепшіктерге беріп жатады. Әлеуметтік желіге көз жүгіртсеңіз, шалғай ауылдағы баспанасы жоқ отбасына үй салып беріп жатқандарды, кедей-кепшікке мал-мүлік алып беріп жатқандарды көресіз. Осының барлығы да Алла Тағаланың разылығын алу үшін жасалып жатқан ізгі амалдар», дейді белгілі дінтанушы Балғабек Мырзаев.
«Ағайын, бұл да сенің сынақ шағың,
Жақшы бір жүрегіңнің шырақ-шамын.
Жәннаттан орын табар, Жаратқанның
Жарлығын орындауды ұнатса кім»,
деп біз де бір өлеңімізде қасиетті айдың қадірі жайында жырлаған едік. Шын мәнінде бұл – сынақ айы. Өйткені барлық адам түрлі жағдайда сыналады. Ауыз бекіткендердің ерік-жігері, қалталы азаматтардың қайырымдылық қасиеті, ал барлық адамның осы айда адамгершілігі мен сабырлығы сыналады екен. Біз Пайғамбарымыздан жеткен (с.ғ.с.): «Кімде-кім ораза ұстаса, жаман сөз айтпасын, дауласпасын! Оны біреу балағаттаса немесе дауласса: «Мен оразамын», – деп айтсын», деген хадисін білеміз. Бұл айда біз ұрыс-керіс пен дау-дамайды шетке ысырып, араласпай кеткен туыс-туған және дос-жаран болса, олармен қайта татуласып, ізгі қадам жасауымыз керек. Бұл – қоғамға өзара татулыққа, достыққа бағыттайтын ай. Елді бір жұдырық қылып біріктіретін кезең.