Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері Түркияда өткен турнирде қос қоланы қанағат тұтса, Болгариядағы бәсекеде 3 алтын мен 4 қола медальды олжалады.
Ұлттық командамыздың бас бапкері Юрий Мельниченко: «Болгарияда орта деңгейдегі балуандар бас қосты. Арасында үздіктер де жоқ емес. Нәтижесі көңілімнен шықты. Ал Түркияда әлемнің белді балуандары түгелдей дерлік жиналды. Дүбірлі додада екі балуанымыз қолаға қол созды. Әсіресе мені Темірлан Шадукаевтың өнері қуантты. Негізінде Антальяға сапар шеккендердің дені – еліміздің екінші нөмірлі балуандары. Ал олимпиадалық салмақтағы үздіктердің барлығы да қазіргі кезде Бішкектегі лицензиялық турнирге қызу дайындалып жатыр. Сол себепті де бірінші нөмірлі балуандардың алаңсыз дайындалуына мүмкіндік бердік», деп өз ойын түйіндеді.
Естеріңізге сала кетейік, Түркияда Мейрамбек Айнағұлов (60 кг) пен Темірлан Шадукаев (77 кг) қола медаль жеңіп алды. Болгарияда Марлан Мұқашев (55 кг), Диас Әскербай (63 кг) және Әділхан Сатаев (72 келі) жеңімпаз атанса, Мұхаммедәли Мамырбек (63 кг), Мерей Бекенов (67 кг), Азат Садықов (77 кг) және Тарлас Әшірханов (82 кг) үшінші орынды еншіледі.