Италияда өтіп жатқан жазғы Олимпия ойындарының лицензиялық турнирінің кезекті жарыс күні Қазақстанның бес боксшысы шаршы алаңға шығып, барлығы да жеңіске жетті.
1/8 финалдық сайысты Алуа Балқыбекова (50 кг) бастады. Ол Оңтүстік Кореяның өкілі Джо Хён Джунды еш қиналмай жеңді. Көп кешікпей Сәкен Бибосынов (51 кг) Бахрейннің намысын қорғап жүрген қандасымыз Азат Махметовпен қолғап түйістірді. Бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетін боксшылардың өнері көрермендердің көңілінен шықты. Жоғары қарқында өткен сайыс Сәкеннің пайдасына шешілді.
Нұрбек Оралбай (80 кг) мен Алексей Алферовтің айқасы да Бусто-Арсициодағы спорт кешеніне жиналған жанкүйерлерді бірден өзіне баурап алды. Бірі – 2023 жылғы әлем чемпионы, екіншісі – 2021 жылғы әлем біріншілігінің финалисі. Алғашқы раундта Беларусь елінен келген былғары қолғап шеберінің сәл ғана басымдығы байқалды. Одан кейін тізгінді қолына мықтап ұстаған Нұрбек жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті.
Кешкі бағдарламада тағы екі жерлесіміз 1/8 финалдық бәсекелерін өткізді. Махмуд Сабырхан (57 кг) Пуэрто-Риконың өкілі Калеб Тирадоны тізе бүктірсе, Асланбек Шымбергенов (71 кг) түрікменстандық Байрамдурды Нұрмұхаммедовтан басым түсті.
Алда – ширек финал. Ал Олимпия ойындарының жолдамасы тек жартылай финалға шыққан боксшыларға берілетінін ескерсек, жерлестерімізге тағы бір жекпе-жекте жеңіске жету қажет. Тек сонда ғана олар Париж рингінде күш сынасу құрметіне ие болады.