Мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне және қоғам дертіне айналғаны – баршаға мәлім. Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумағында мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, болдырмау мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар істеліп жатыр. Дегенмен өзге жанның отбасын асырап отырған төрт түлігіне қол сұққан әккі ұрылардың ісі тыйылар емес. Қорасында тұрған малынан айырылып, жүгенін ұстап қалған адамдар көп.
Қылмыстық кодекстің (ҚК) мал ұрлығына қатысты бабына енгізілген өзгеріске сәйкес мал ұрлығына қатысы бар адам 5 жылдан 7 жылға, ал егер ол ұйымдасқан қылмыстық топ болатын болса, 10 жылдан 12 жылға дейін дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Мал ұрлығына қатысы бар адамға бұрынғыдай бітімгершілікке келу, кешірім қарастырылмаған. Төрт түлікті қолды еткен адам абақтыға қамалып, жазасын өтейді.
Түркістан облысы тұрғындарының 70–80 пайызы мал шаруашылығымен шұғылданады. Міне, осы төрт түлік малды күнкөріс көзіне айналдырған тұрғындардың дегбірін барымташылар қашырып отыр. Мұндай ұрлықты ұйымдастырушылар – кәнігі қылмыскерлермен қатар, жалған құжат жасайтындар, ұрланған малды тасымалдаушылар, қасапшылар, қара базардағы алып-сатарлар, бір сөзбен айтқанда, сыбайласқан топ. Ұрыларды полиция қызметкерлері темір торға топырлатып тоғытып жатса да, төрт түлікті қолды етушілер тыйылар емес.
Түркістан облысы полиция департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы бұл өңірде мал ұрлығы 11 пайызға азайған. Айталық, өткен жылдың 12 айында мал ұрлығымен айналысқан 27 қылмыстық топ құрықталды және олардың осы қылмыстың 90 фактісіне қатысы бар екені дәлелденді. Тұрғындардың ұрланған 600-ден астам малы қайтарылды. Әрине, бұл – қуантарлық жағдай. Десе де, төрт түлігі айдың-күннің аманында қолды болғанын айтып шағымданушылар әлі де көп.
Жақында 14 жылқыны ұрлаған Түркістан және Қызылорда облыстарының тұрғындары ұсталды. Үш қылмыскердің бірі – малды сатып алушы. Мал ұрлағандар жәбірленушіге жалпы 4 миллион теңгеден аса шығын келтірген. «Түркістан ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері облыстың жедел-іздестіру шаралары барысында мал ұрлығымен айналысқан топқа тосқауыл қойды. «Мал ұрлаушылардың Бәйдібек ауданында орналасқан жайылымнан 14 жылқыны жымқырғаны анықталды. Күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында ұрланған жылқыларды, ГАЗель автокөлігін және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Сондай-ақ олардың Қызылорда облысының аумағында басқа да екі мал ұрлығына қатысы бар екені белгілі болды. Қазіргі уақытта мал ұрлығы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», деп мәлімдеді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Түлкібас ауданының бір тұрғыны жайылымда жүрген 69 бас жылқысы жоғалғанын хабарлаған. Өз бетінше іздеп таба алмаған соң, бір күннен кейін полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт бойынша жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары жылқыларды іздестірді. Мобильді топтарға бөлініп, үй жануарларының баруы мүмкін деген аймақтар толығымен тексерілді. Осылайша, тәулік бойы үзіліссіз жүргізілген тыңғылықты іс-шаралардың нәтижесінде жоғалған жылқылар 40 шақырым қашықтықтағы көршілес Сайрам ауданындағы егістік алқабынан табылды. Сақшылар 69 бас жылқыны иесіне тапсырды.
Сондай-ақ Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын мал ұрлығының құрбаны болғаны жөнінде арызданған. Ер адамның айтуынша, қорасында тұрған 33 қойын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге 2 миллион теңгеге жуық шығын келген. Ақпарат алысымен полицейлер жедел-тергеу тобын құрып, оқиға орнына жетті. Жақын маңдағы барлық аумақ пен жайылымды аралап, көрген-білгендерден жауап алды. Тыңғылықты жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары 22 мен 25 жастағы екі күдіктіні ұстады. Белгілі болғандай, күдіктілер түнгі уақытта қорада тұрған малдарды автокөлікке тиеп алып кеткен. Ұрланған малдарды базарға апарып сатып жіберген. Ал түскен ақшаны екеуара бөлісіп, бас пайдаларына жаратқан. Тергеу барысында күдіктінің бірі бұрын сотты болғаны анықталды. Қазіргі таңда екі күдікті қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Келес аудандық полиция бөліміне алты ауыл тұрғыны арызданды. Олардың айтуынша, белгісіз біреулер олардың ірі қара малдарын қолды еткен. Жоғалған малдарын тұрғындар өз күштерімен іздеген, алайда нәтиже болмаған соң, полицияға шағымданған. Полиция қызметкерлері аталған фактіні ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеп, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде мал ұрлығын жасағандардың ізіне шығып, екі азаматты ұстады. Ұрылар жергілікті тұрғындардың жайылымдарда қараусыз қалған және қорада тұрған төрт түлігін жымқырып, жүк көлігімен артып әкеткен. Жұмыссыз жүрген жас жігіттер жәбірленушілерге 2,5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген.
Түлкібастық полицейлер аудан аймақтарында мал ұрлығын тоқтату мақсатында жиі рейд жүргізіп келеді. Полицейлер осындай кезекті жұмыс барысында Сарытөр аулына бара жатқан жолда күдік тудырған, жылқы мінген ер адамды тоқтатады. Әңгімелесу кезінде күдікті сұрақтардан жалтарып, малдың өзіне тиесілі екенін айтып, мүмкіндігінше кетуге асыққан. Осы сәтте полицияға жергілікті тұрғыннан мал ұрлығы жөнінде арыз түседі. Әйел адамның айтуынша, түнгі уақытта қорасынан байлаулы тұрған жылқысын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Полицейлер алған ақпараттан кейін жылқының сипатын салыстыра келе, мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен өздері тоқтатқан ер адамды тұтқындайды. Тексеру барысында ол ауданның жұмыссыз, бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты. Қолды болған малды полиция қызметкерлері өз иесіне қайтарып берді.
Мал ұрлығының алдын алу мақсатында Түркістан облысында 2021 жылдан бері үшжақты – шаруашылық иесі, мал бағушы мен әкімшілік арасындағы келісімшарт қолданысқа енгізілген. Олар өзара бірлескен түрде жұмыс істейді. Яғни әкімдік өкілдері шаруашылық иесіне сенімді мал бағушыны ХҚКО бойынша тіркеп, мал жаюға арналған арнайы жерді белгілеп, шаруашылық иесіне тапсырады. Сонымен қатар облыс тұрғындары арасында арнайы мессенджерлік чат әдісі қолданысқа енген. Аталған әлеуметтік желі арқылы тұрғындар жоғалған малының фотосуретін түсіріп жібереді немесе полиция қызметкерлері қараусыз жүрген төрт түлікті байқап қалса, суретке түсіріп, осы чатқа салады. Өзінің жоғалған малын таныған азамат қайтарып алады. Бұл – мал ұрлығының алдын алуға тосқауыл болатын, септігін тигізетін шара.
Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ,
журналист
Түркістан облысы