• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Наурыз, 2024

Ерекше балаларға – ерекше платформа

233 рет
көрсетілді

Биылғы қаңтарда «Aurora Tech Award 2024» жаһандық дамуға әсер еткен технологиялық стартаптардың негізін қалаушыларға 30 мың долларға дейінгі сыйақы ұсынды. Оған 102 елден 649 өтінім түсіп, жеңіске үміткерлердің қорытынды тізіміне 20 кәсіпкер ғана кірді. Жеңіске жақындаған жиырманың ішінде үш отандасымыз озық тұр. Бүгін сол үштіктің бірегейі Әсем Тәжиева негізін қалаған «Ozim Platform» туралы әңгімелемекпіз.

Бұл әлеуметтік жоба ерекше балалары бар отбасыларды қолдауға бағыт­талған. Үлкен зерттеудің негізінде жа­­сал­ған платформа білім мен психо­ло­гиялық ресурстарды қамтамасыз ете­ді. Ол 2021 жылы «techpreneurs» бағ­дарламасы аясында «Astana Hub»-та іске қо­сылды. Бүгінде қосымшаны ата-аналар ғана емес, ерекше балаларды ерте дамыту саласындағы мамандар мен педагогтер пайдаланады. «Ozim» платформасы БҰҰ-ның халықаралық DPG мәртебесіне де ие болған. DPG – қоғамға азаматтардың өсуі мен әл-ауқатына ық­пал ететін бағдарламалық өнімдер еке­нін ескерсек, отандық жоба өз орнын ойып тұрып тапқан.

«Ozim» платформасының негізін қа­лаушы Ә.Тәжиева: «Маған ерекше ана болу үшін жаңа білім қажет болды»,  дейді. Оның себебі – өзінің баласының да ерекше қажеттілігі бар.

«Ozim» платформасы мобильді қосымшасын құру идеясы 2020 жылы пандемия кезінде ойыма келді. Онда барлық оңалту қызметі мүмкіндігі шек­теулі балаларды тәрбиелеп отырған отба­сыларға қолжетімді болмады. Ата-аналар балаларымен реабилитологтер мен басқа мамандардың басшылығымен өз бетінше жұмыс істеуге мәжбүр болды. Алайда пандемия әр отбасында компьютер немесе ноутбук жоқ екенін, бірақ барлығында смартфон бар екенін көрсетті. Осыны ескере отырып, маған смартфон қосымшасын құру идеясы келді. Бұл бастама еліміздің шалғай өңірлеріндегі ата-аналарға өте қолайлы болып көрінді», дейді стартаптың негізін қалаған Ә.Тәжиева.

Платформа қолданушыларға не бе­реді? Ата-аналарды онлайн режімде оқытып, ақпараттандырады. Тек тео­риялық материалдар ғана емес, сонымен қатар қазақ және орыс тілдеріндегі практикалық сабақтар да бар. Мысалы, «Ozim Platform» жобалық тобы ата-аналар­­дың ақпараттық қажеттілігі туралы зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде ата-ана­ларға диагноздар туралы маңыз­ды ақ­параттар, бейінді мамандардың мақа­ла­лары, үй жағдайында баланы оңалту туралы сабақтар және психологтер мен заңгерлердің кеңесі қажет екенін анықталған. Солай «Android» және «IOS» негізінде іске қосылатын ерекше мобильді қосымша халыққа ұсынылды.

«Ерекше балаларды тәрбиелеп отыр­ған отбасыларды қолдау керек. Бір­түрлі естілсе де, ғылыми әлем мен жеке ана тәжірибесі арқылы стартап жасадым. Баламның жағдайын көріп, қатты алаңдадым. Пандемия кезінде тіпті қиын болды. Ерте араласуды қажет ететін баланың анасы ретінде пандемия кезінде оңалту мүмкін еместігін ұқтым. Сосын ерекше қажеттілігі бар балалардың ана­ларына керек ақпараттарға үңілдім. Содан кейін осы қиындыққа тап болған отбасыларға қолжетімді әлеуметтік жобаны мобильді қосымша түрінде жасаймын деп шештім», дейді ол.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» бай­қауының жеңімпазы, 11 жылдық тәжі­ри­бесі бар дефектолог Юстина Вик­­торияның ­айтуынша, мамандардың мұн­дай жобаларға қатысуы – оң іс. Өйт­кені әлдеқайда кең аудиторияға өтуге әрі балаларға көбірек көмекте­суге мүм­кіндік береді. Ең алдымен, бұл алаң балалардың игілігі үшін тәжіри­бе алмасуға, қашықтан көмектесуге арналған. Өкінішке қарай, мамандар барлық баланы қамти алмайды. Бірақ қашықтан қатысуға, бақылауға, қандай да бір білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік бере алады. Еліміздің шалғай өңірлерінде бұл мәселе бойынша мамандар жетіспейді. Тіпті мамандар жоқ аймақтар бар. Түзету мұғалімі болуы мүмкін, бірақ сурдопедагог, дефектологтер жоқ. Ал платформа ата-аналарға аурумен танысуға және қыз­меттердің барлық спектрі бар үлкен қала­ға кеңес алуға барғанға дейін не істеуге болатынын көрсетеді.

Бір ескерер жайт, қосымша алғаш іске қосылғанда диджитал-инклюзия бойынша сарапшы Зият Әбдіқайымов зағип және нашар көретін адамдар үшін қосымшаның қолжетімділігіне аудит жүргізген еді. Даму кезеңінде команда технологияның мүмкіндігін тек­серіп, ерекше жандарды шектейтін техникалық кемшіліктерді түзеткен. Зияттың айтуынша «Ozim Platform» командасы оған қосымшаны жоспарлау кезеңінде қолжетімділік мәселесімен жүгінген. Ерекше жандарға ешбір кедергі болмай, қолжетімді болуы – басты мә­селе. Бұл қаржыға қатысты ғана дүние емес, ұйым мен компанияның құнды­лықтарына қатысты дейді сарапшы. Оның ойынша, архитектурада ғана емес, цифрлық әлемде де ерекше жандарды ескеретін уақыт келді.

«Ozim» әзірлеу тобы ата-аналарға мә­тін­дік және бейнежазба форматында ма­ңызды ақпарат бере отырып, платфор­ма мазмұнын жасау үшін сарапшыларды, соның ішінде тәжірибешілер мен мұғалімдерді шақырды. Қолданбада қа­жетті ақпаратты іздеуді қарапайым және тиімді ету үшін тоғыз логикалық және тақырыптық құрылымдалған бө­лім бар. Сондай-ақ мұнда әртүрлі оңал­ту ұйымының бірыңғай дерекқоры бар. Осының бәрі балалардың дамуын ба­қы­лауға мүмкіндік береді. Пай­дала­ну­шы­лар балаларының деректерін өз есеп­­тік ­жазбаларына енгізіп, үдерісті бақы­лау үшін мезгіл-мезгіл тест жүргізе алады.

Мобильді қосымша аналар мен әке­лерге ғана емес, мамандарға да пайдалы болды. Олар маман ретінде тіркеліп, өздерінің практикалық тәжі­ри­белерін орналастырып, Қазақстан мен ТМД елдерінде оқу материалдарын тарата алады. Бұл әріптестердің тәжірибесін зерттеу және халықара­лық әдебиеттерге қолжеткізуге жол ашады. Пікірлес адамдармен қарым-қатынас жасау мен ата-аналардан кері байланыс алу сарапшылар­ға өз дағдыларын жетілдіруге және қажет­тіліктерді анық­тауға көмектеседі.

Көптеген маман қосымша туралы ақпаратты әлеуметтік желіден біл­ген. Соның бірі – логопед әрі төрт бала­ның анасы Ажар Нұркенова. Оның айтуын­ша, платформадағы тіркеудің қарапа­йым­дылығы, интуитивті интерфейс өте тиімді. Қосымша, шынында да, әсем безендірілген, эстетикалық компоненттер көп.

«Әрбір ата-ананың қолданбадан тео­риялық материалдардан бастап, прак­тикалық сабақтарға дейін нақты ақпа­ратты таба алатыны өте керемет. Әсі­ресе маған бейнеоқулықтар ұнады. Са­рап­шылар ақпаратты ата-аналар үшін қарапайым және түсінікті тілде жет­кізді. Ақпарат та сапалы. «Инклюзия» қойындысын платформаның маңызды бөлімшелерінің бірі деп санаймын. Қоғам әрдайым мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдай бермейді, сон­дық­тан қосымшаның ата-аналарға осы мәселелері мен олардың тәжірибелерін талқылауға мүмкіндік бергені дұрыс», дейді логопед.

Елімізде кейінгі жылдары денсаулығы нашар, белгілі бір дертке шалдыққан балалар саны көбейіп барады. Дамуы тежелген балалар айналасындағы адамдармен араласпағандықтан, тұйықта­лып, өмірге бейімсіз болып қалады. Көп жағдайда ата-ана баланың бойынан қандай да бір ауытқу байқамай, байқаса да аса мән бермей жүріп қалуы мүмкін. Бұл – үлкен қиындықтың басы. Тіпті баласының сырқаты туралы білген ата-аналар не істерін білмей, абдырап қала­ды. Әсемнің жобасы осы түйткілдердің түйінін шешуге бағытталған.

«Қазір «Ozim Platform»-ның нағыз дамитын кезі. Біз мүмкіндігінше Орта­лық Азиядағы көптеген отбасын қам­туды және ата-аналарға бала дамуының кешігуін ерте анықтауға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Ерте даму және ара­ласу әрбір жеке тұлғаның өсуі мен да­муы үшін оңтайлы жағдайларды қамта­ма­сыз ете отырып, тұрақты және саламатты қоғамды қалыптастыруда шешу­ші рөл атқарады», деп ойын қорытты Ә.Тәжиева.