Биылғы қаңтарда «Aurora Tech Award 2024» жаһандық дамуға әсер еткен технологиялық стартаптардың негізін қалаушыларға 30 мың долларға дейінгі сыйақы ұсынды. Оған 102 елден 649 өтінім түсіп, жеңіске үміткерлердің қорытынды тізіміне 20 кәсіпкер ғана кірді. Жеңіске жақындаған жиырманың ішінде үш отандасымыз озық тұр. Бүгін сол үштіктің бірегейі Әсем Тәжиева негізін қалаған «Ozim Platform» туралы әңгімелемекпіз.
Бұл әлеуметтік жоба ерекше балалары бар отбасыларды қолдауға бағытталған. Үлкен зерттеудің негізінде жасалған платформа білім мен психологиялық ресурстарды қамтамасыз етеді. Ол 2021 жылы «techpreneurs» бағдарламасы аясында «Astana Hub»-та іске қосылды. Бүгінде қосымшаны ата-аналар ғана емес, ерекше балаларды ерте дамыту саласындағы мамандар мен педагогтер пайдаланады. «Ozim» платформасы БҰҰ-ның халықаралық DPG мәртебесіне де ие болған. DPG – қоғамға азаматтардың өсуі мен әл-ауқатына ықпал ететін бағдарламалық өнімдер екенін ескерсек, отандық жоба өз орнын ойып тұрып тапқан.
«Ozim» платформасының негізін қалаушы Ә.Тәжиева: «Маған ерекше ана болу үшін жаңа білім қажет болды», дейді. Оның себебі – өзінің баласының да ерекше қажеттілігі бар.
«Ozim» платформасы мобильді қосымшасын құру идеясы 2020 жылы пандемия кезінде ойыма келді. Онда барлық оңалту қызметі мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолжетімді болмады. Ата-аналар балаларымен реабилитологтер мен басқа мамандардың басшылығымен өз бетінше жұмыс істеуге мәжбүр болды. Алайда пандемия әр отбасында компьютер немесе ноутбук жоқ екенін, бірақ барлығында смартфон бар екенін көрсетті. Осыны ескере отырып, маған смартфон қосымшасын құру идеясы келді. Бұл бастама еліміздің шалғай өңірлеріндегі ата-аналарға өте қолайлы болып көрінді», дейді стартаптың негізін қалаған Ә.Тәжиева.
Платформа қолданушыларға не береді? Ата-аналарды онлайн режімде оқытып, ақпараттандырады. Тек теориялық материалдар ғана емес, сонымен қатар қазақ және орыс тілдеріндегі практикалық сабақтар да бар. Мысалы, «Ozim Platform» жобалық тобы ата-аналардың ақпараттық қажеттілігі туралы зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде ата-аналарға диагноздар туралы маңызды ақпараттар, бейінді мамандардың мақалалары, үй жағдайында баланы оңалту туралы сабақтар және психологтер мен заңгерлердің кеңесі қажет екенін анықталған. Солай «Android» және «IOS» негізінде іске қосылатын ерекше мобильді қосымша халыққа ұсынылды.
«Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау керек. Біртүрлі естілсе де, ғылыми әлем мен жеке ана тәжірибесі арқылы стартап жасадым. Баламның жағдайын көріп, қатты алаңдадым. Пандемия кезінде тіпті қиын болды. Ерте араласуды қажет ететін баланың анасы ретінде пандемия кезінде оңалту мүмкін еместігін ұқтым. Сосын ерекше қажеттілігі бар балалардың аналарына керек ақпараттарға үңілдім. Содан кейін осы қиындыққа тап болған отбасыларға қолжетімді әлеуметтік жобаны мобильді қосымша түрінде жасаймын деп шештім», дейді ол.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы, 11 жылдық тәжірибесі бар дефектолог Юстина Викторияның айтуынша, мамандардың мұндай жобаларға қатысуы – оң іс. Өйткені әлдеқайда кең аудиторияға өтуге әрі балаларға көбірек көмектесуге мүмкіндік береді. Ең алдымен, бұл алаң балалардың игілігі үшін тәжірибе алмасуға, қашықтан көмектесуге арналған. Өкінішке қарай, мамандар барлық баланы қамти алмайды. Бірақ қашықтан қатысуға, бақылауға, қандай да бір білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік бере алады. Еліміздің шалғай өңірлерінде бұл мәселе бойынша мамандар жетіспейді. Тіпті мамандар жоқ аймақтар бар. Түзету мұғалімі болуы мүмкін, бірақ сурдопедагог, дефектологтер жоқ. Ал платформа ата-аналарға аурумен танысуға және қызметтердің барлық спектрі бар үлкен қалаға кеңес алуға барғанға дейін не істеуге болатынын көрсетеді.
Бір ескерер жайт, қосымша алғаш іске қосылғанда диджитал-инклюзия бойынша сарапшы Зият Әбдіқайымов зағип және нашар көретін адамдар үшін қосымшаның қолжетімділігіне аудит жүргізген еді. Даму кезеңінде команда технологияның мүмкіндігін тексеріп, ерекше жандарды шектейтін техникалық кемшіліктерді түзеткен. Зияттың айтуынша «Ozim Platform» командасы оған қосымшаны жоспарлау кезеңінде қолжетімділік мәселесімен жүгінген. Ерекше жандарға ешбір кедергі болмай, қолжетімді болуы – басты мәселе. Бұл қаржыға қатысты ғана дүние емес, ұйым мен компанияның құндылықтарына қатысты дейді сарапшы. Оның ойынша, архитектурада ғана емес, цифрлық әлемде де ерекше жандарды ескеретін уақыт келді.
«Ozim» әзірлеу тобы ата-аналарға мәтіндік және бейнежазба форматында маңызды ақпарат бере отырып, платформа мазмұнын жасау үшін сарапшыларды, соның ішінде тәжірибешілер мен мұғалімдерді шақырды. Қолданбада қажетті ақпаратты іздеуді қарапайым және тиімді ету үшін тоғыз логикалық және тақырыптық құрылымдалған бөлім бар. Сондай-ақ мұнда әртүрлі оңалту ұйымының бірыңғай дерекқоры бар. Осының бәрі балалардың дамуын бақылауға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар балаларының деректерін өз есептік жазбаларына енгізіп, үдерісті бақылау үшін мезгіл-мезгіл тест жүргізе алады.
Мобильді қосымша аналар мен әкелерге ғана емес, мамандарға да пайдалы болды. Олар маман ретінде тіркеліп, өздерінің практикалық тәжірибелерін орналастырып, Қазақстан мен ТМД елдерінде оқу материалдарын тарата алады. Бұл әріптестердің тәжірибесін зерттеу және халықаралық әдебиеттерге қолжеткізуге жол ашады. Пікірлес адамдармен қарым-қатынас жасау мен ата-аналардан кері байланыс алу сарапшыларға өз дағдыларын жетілдіруге және қажеттіліктерді анықтауға көмектеседі.
Көптеген маман қосымша туралы ақпаратты әлеуметтік желіден білген. Соның бірі – логопед әрі төрт баланың анасы Ажар Нұркенова. Оның айтуынша, платформадағы тіркеудің қарапайымдылығы, интуитивті интерфейс өте тиімді. Қосымша, шынында да, әсем безендірілген, эстетикалық компоненттер көп.
«Әрбір ата-ананың қолданбадан теориялық материалдардан бастап, практикалық сабақтарға дейін нақты ақпаратты таба алатыны өте керемет. Әсіресе маған бейнеоқулықтар ұнады. Сарапшылар ақпаратты ата-аналар үшін қарапайым және түсінікті тілде жеткізді. Ақпарат та сапалы. «Инклюзия» қойындысын платформаның маңызды бөлімшелерінің бірі деп санаймын. Қоғам әрдайым мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдай бермейді, сондықтан қосымшаның ата-аналарға осы мәселелері мен олардың тәжірибелерін талқылауға мүмкіндік бергені дұрыс», дейді логопед.
Елімізде кейінгі жылдары денсаулығы нашар, белгілі бір дертке шалдыққан балалар саны көбейіп барады. Дамуы тежелген балалар айналасындағы адамдармен араласпағандықтан, тұйықталып, өмірге бейімсіз болып қалады. Көп жағдайда ата-ана баланың бойынан қандай да бір ауытқу байқамай, байқаса да аса мән бермей жүріп қалуы мүмкін. Бұл – үлкен қиындықтың басы. Тіпті баласының сырқаты туралы білген ата-аналар не істерін білмей, абдырап қалады. Әсемнің жобасы осы түйткілдердің түйінін шешуге бағытталған.
«Қазір «Ozim Platform»-ның нағыз дамитын кезі. Біз мүмкіндігінше Орталық Азиядағы көптеген отбасын қамтуды және ата-аналарға бала дамуының кешігуін ерте анықтауға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Ерте даму және араласу әрбір жеке тұлғаның өсуі мен дамуы үшін оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ете отырып, тұрақты және саламатты қоғамды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады», деп ойын қорытты Ә.Тәжиева.