«Қасиетті Оразаның екінші күні қазақтың біртуар қаламгері, асыл ағамыз Жұмабай Шаштайұлы Жаратқанның құзырына қайтыпты. Өкінішті…Сөз жоқ…Бірнеше буынға ұстаз болған, адал һәм тап-таза қалпынан айнымай, соңынан бір ауыз бөтен сөз ілестірмеген сәби болмысты Жұмағаң туралы айтар жақсы әңгіме көп. Жақсылар шетінен кетіп жатыр», деп жазды Ж.Әшімжан.
Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Ол «Коммунизм жолы» газетінде, 1980-87 жылдары республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, 1987-90 жылдары «Жалын» журналында қызмет атқарды. 1990-92 жылдары «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-96 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы болды.
2002 жылдан бастап Қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарды. 2008-2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарған.
1982 жылы «Таң нұры» атты ұжымдық жинаққа «Қияда» атты алғашқы повесі енді. 1984 жылы шыққан «Қызыл кар» атты тұңғыш жинағы сол кездегі саяси басшылық тарапынан қатал сынға ілікті. Бұдан соң «Жала мен нала» (1987), «Жыр жолбарыс» (1996), «Біздің заманның Аяз биі» (1997) кітаптары жарық көрген.