М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жекеменшік балабақшалардың мектепалды даярлық топтары арасында «Елорданың еркетайы» қалалық өнер байқауы өтті.
«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен жарыстың іріктеуінде 140 бейнематериал қаралды. Сайысқа қатысушы балдырғандар бірнеше аталым бойынша бақ сынап, өнерлерін көрсетті. Атап айтсақ, «Вокал» бағыты бойынша 19 өнерпаз, «Хореография» аталымы бойынша 29 би тобы, «Вокалдық топ» аталымында 20 топ, ал «Музыкалық аспаптарда ойнау» бағытында 6 ансамбль, барлығы 75 өнер шығармасы қазылар алқасы назарына ұсынылды.
– «Елорданың еркетайы» атты өнер байқауы 2017 жылдан бері тұрақты өтіп келеді. Яғни бұл сайыс бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойынан бастау алды. Осы байқауда алғаш сахнаға шығып, өнер көрсеткен балдырғандарымыздың бірқатары бүгінгі таңда республикалық, халықаралық додаларда топ жарып жүр. Біздің де мақсатымыз осы еді. Яғни дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау арқылы межелі мақсатқа жол салып беріп отырмыз, – дейді «Астана дарыны» орталығының бөлім әдіскері Нұржамал Мырзағалиева.
Талантқа талап берген байқаудың нәтижесінде әр аталымда үздік шыққан өнерпаздарға «Астана дарыны» орталығының кубогі және дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді.
Бекзат ҚҰЛШАР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті