Төрт жасында әкесі Жұмағали соғысқа аттанды. Анасы Айша – аурушаң. Қамқор болар екі апасы тұрмысқа шығып кетті. Сол жылдардағы елдің жағдайы адам айтқысыз ауыр болды. Жалғыз бұларда ғана емес, төңіректің бәрі толайым солай. Төрт құбыласы түгел шаңырақ жоқ. Әйтеуір, әупірімдеп шықпа жаным шықпалап, өлместің күнін кешті.
Бала Сартай Еленовка селосындағы мектептен бесінші сыныпты орыс тілінде оқыды. Алтыншы сыныпты – Көкшетауда. Одан соң жетінші сыныпты нағашыларының атақонысы – Әлжан ауылында. Жетінші сыныптан соң еңбекке араласты. Білім қууға, ілгерілеп оқуға қабілеті жетіп тұрғанымен, тұрмыс жағдайы көтермейтін еді. Бұлақ ауылындағы машина-трактор стансасының жанынан ашылған үш айлық механизаторлар курсында оқуға өтініш білдірген. Ондағылар әлі жасың жеткен жоқ депті. «Кейін өскен соң, қабырғаң қатайып, бұғанаң бекінген соң келерсің». Бірақ өсуді тосып отыратын жағдай қайда. Жасы жетпегенмен, жігері, ынтасы жетіп тұр. Басшыларға өз жағдайын соқыр көзден жас шыққандай қылып айтқаннан соң, олар да жас құрақтай желкілдеген жеткіншектің жағдайын түсініп, рұқсат етті.
1954 жылы тракторға отырды. Доңғалақты ХТЗ тракторы. Үсті ашық. Тістері ырсиған темір доңғалақ. Айтпақшы, жуырда темір доңғалақтың әлдеқалай үзіліп қалған бір тісін тауып алып, есіктің көзіне, маңдайшаға шегелеп қойған. Бағзы замандағы бейнеттің өшпес көрінісі. Тот басқан темір болса да, естен кетпес естелік. Қатты, әбден пісірілген темір доңғалақтың тісі сәл майысқаны болмаса, сол қалпы тәрізді. Алақанымен сипалап көрді. Темір доңғалақ домалап қанша шақырым жол жүрді екен. Құйқалы өңірдің қанша гектарын төңкеріп тастады екен. Есепке келмейтін көп шығар-ау. Өйткені ол заманда темірден жасалған доңғалақ түгілі ет пен теріден жаралған Сартай тәрізді жас жеткіншектер де сан жүздеген, бәлкім сан мыңдаған гектар алқапты өңдейтін. Тыңға салынған түрен қандай қиын десеңізші. Еңбекке араласқан екі жылынан соң, 1956 жылы кеңес одағы қарулы күштерінің қатарында азаматтық борышын өтеуге шақырылды. Түрікменстанда Иранның шекарасында болды. Осы арада үш жыл, үш ай қызмет етті. Шекарада қызмет ете жүріп, ұйқысыз өткізген сан түндерінде алыста қалған туған жерін, туған жерде өз бетінше түтін түтетіп жатқан Айша сынды асыл анасын, әскердің алдында ғана отау құрған жарын ойлайтын.
Әскер қатарынан оралғанда да отбасының түтіні түзу ұшып тұрған жоқ еді. Әкесі қанды қырғын майданнан аман-есен оралғанымен, тұтқынға түскенсің деген желеумен айдалып кеткен. Әйтеуір, ананың жанында Сартайдың жары бар. Әскерге дейін үйленіп кеткені оң болыпты. Екі мұңлық бір-біріне селбесіп, серік-сүйеу болып күн кешсе керек.
Әскери киімін шешер-шешпестен ұжымшар орталығы Еленовка селосына барды. Ұжымшар төрағасы Александр Ежовқа кірді.
– Александр Евгеньевич, менің жұмыс істегім келеді.
– Жұмыс қайда қашар дейсің, әуелі оқып, білім алу керек.
Көкшетау қаласындағы кең профильді ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінің бір жылдық курсын бітірді. Сөйтіп, әскерге дейінгі тәжірибесі, тырнақтап жинаған соңғы білімі бар ауыл шаруашылығының бесаспап маманына айналып шыға келді.
Ол тұста науқан дегеніңіз бас көтертпей, бір-біріне елбесіп-селбесіп келе беретін. Ол тұста ауылдағы механизатор жұмыс талғамайтын. Сартай да таңдаған, талғаған жоқ. Құлағы қылтиып шығысымен жер бетіне өзімен бірге барлық бейнетті арқалап ала шығатын дәнді күтіп, баптау, шөп шабу, мал қораларын дайындау, сабан тасу... Қойшы әйтеуір, бір толас таппайтын, түгесіліп бітпейтін шаруа. Күзетші де, электрик те болды. Өндірістік қажеттілікке орай кез келген істі дөңгелетіп алып, жүре беретін. Қоймадан мал азығын босататын кілтші де болғаны бар.
Бірде кеңшар директоры Петр Филимонович Вознюк механикаландырылған қырманның меңгерушісі боласың деді. Меңгерушінің айлығынан комбайншының айлығы әлдеқайда аз, ал жауапкершілік дегенің меңгерушіде жетіп артылады. Маңдай терді сорғалатып жүріп өсірген ақық дән ысырап болмауы керек. Әрі сол жылы көршілес ауылдардағы механикаландырылған қырмандар астық қабылдай алмай қалып, үш бөлімшенің астығын қабылдады. Уақытпен санасқан жоқ, табаны тастан таймаған тарланбоздай еткен ерен еңбегі атаусыз қалмай, кеудесіне жарқыратып Ленин орденін тақты.
Бірде қырман басына сол кездегі Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің келгені бар. Қасқағым сәттік кездесуде бірінші хатшының білім парасатына, ауылдағы істің көзін соншалықты терең білетініне қатты таңғалған.
Қанша дегенмен, кешегі кеңес заманында қарапайым еңбек адамын бағалай білді ғой. Сол ескеріп, марапаттаудың арқасында ортақ мүддеге жұмылдыра білетін. Бірде күзгі егін орағы кезінде аудандық партия комитетінің Алғысхатын «Бұлақ» кеңшары партия ұйымының хатшысы Мағауия Рақымбергенов түн ортасы ауа танап басына жеткізген. Бұл Виктор Миллер екеуі егін орып жатқан. Бір мезгілде артқы жақтан қайта-қайта жанып-сөнген машина шамы көрінеді. Сөйтсе, партия ұйымының хатшысы Мағауия Рақымбергенов. Түн жарымын еңсеріп тұрып, толайым табысымен құттықтаған. Сол бір сәт еңбек адамына қанат бітіріп, көңіліне қажымас қайрат дарытты. Бір ғана осындай мысалдан еңбек адамына деген қошемет, құрметті көруге болады.
– Егін орағы кезінде жылжымалы концерт бригадалары келіп, көңілімізді көтеретін. Пионерлер де гүл шоқтарын құшақтатып, құттықтайтын. Өздері де мәз болып, үлкен әсер алып кетуші еді. Сол сәтте біз де шаршағанымызды ұмытып, еңбекті еселей түсетінбіз, – деген еді Сартай Жұмағалиев. – Қазіргі күні көптеген ата-ана балаларына жақсы оқысаң заңгер боласың, сот боласың деген насихат айтады. Ал егер оқу оқымасаң, тракторшы боласың деп қорқытады екен. Менің түсінбейтінім, сонда қалай болғаны, тоқшылықтың басы нан өсірген тракторшы біздің қоғамдағы ең жаман адам ба?
Қошемет, құрметтің ең үлкені Социалистік Еңбек Ері атағы еді. Әлі күнге дейін есінде. Санасында сарытап болып сақталған салтанатты сәт. Алматы қаласында өткен үлкен жиында осы жоғары атақпен марапатталған алты адамның біреуі көкшетаулық Сартай Жұмағалиев болды. Екі мәрте облыстық кеңеске, үш мәрте халық депутаттары аудандық кеңесіне, ҚКОП XVI съезіне делегат болып сайланды. Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің астық павильонында өткен кеңесте сөз сөйледі. Одақтың бас хатшысы Михаил Горбачевтің қолайына жақпайтын әңгіме болса да. Сәл ащылау айтылғандықтан болар, орталықтың барлық газеті жерден жеті қоян тапқандай жапа-тармағай, жанталаса жазғанда, көкшетаулық Еңбек Ері Сартай Жұмағалиевтің аты аталмай қалды. Әңгімесінің аужайы толайым теріс емес еді. Әуелі ауыл шаруашылығының хал-ахуалын бақайшақтап таратқан, содан судың сүттен қымбаттығын, кірпіштің наннан қымбаттығын тілге тиек еткен. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ақадал еңбекпен өсірген өнімінің бағасы болымсыз болса, тұтас саланың алға басуы қиындай беретіндігіне, сол салада ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибесімен байланыстыра отырып, сараптама жасаған. Ел экономикасындағы іргелі үлесі бар саланы дамытпайынша, тұтас табысқа жету мүмкін емес. Еңбек Ерінің ел мерейін көтерудегі дәйекті әңгімесін бас хатшы оншалықты жылы қабылдаған жоқ. Бірақ уақыт өте келе, айтқан уәжінің орынды болғанына өзінің де, өзгенің де көзі жетіп отыр.
Сартай ағаның сары далада салиқалы өнегесі қалды. Бүгінгі ұрпақ еңбегімен ел еңсесін көтерген даңғайыр диқанның атын ұмытпасын деп көкіректе қапталған көне суреттерді тірілттік. Кейінгіге үлгі болуы үшін.