• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 13 Наурыз, 2024

Трансфер: Шығын көп, табыс аз

65 рет
көрсетілді

Бүгін отандық клубтар ойыншыларды сатудан қанша табыс тапқаны немесе қандай шығынға батқаны туралы әңгімелеуді құп көріп отырмыз. Осы мақаладағы деректер «Vesti.kz» сайтынан алынғанын ескерте кетейік.

Негізінде еліміздің Премьер-лигасында өнер көрсететін коман­далардың көбі трансферлік саясатты сауатсыз жүргізіп отыр. Бір ғана мысал, 2010 жылдан бері түрлі клубтар ойыншыларды сатып алу үшін 25,039 млн жұмсаса, ал сатудан түскен табысы 14,261 млн-ды құ­рады. Яғни шығын – 10,778 млн еуро. Солардың арасында «Астана» ақшаны оңды-солды шашып жатыр. Олар ганалық Патрик Твумасиді Испанияның «Алавесіне» 3 млн-ға және конголық Джуниор Ка­бананганы Сауд Арабиясының «Әл-Насрына» 2 млн-ға сатқаны рас. Сондай-ақ Пьерос Сотириуді – 800 мыңға, Рай Влутты – 250 мыңға, Бахтиер Зайнутдиновті – 115 мыңға, Марин Аничичті – 90 мыңға, Зәуірбек Плиевті 50 мыңға «өт­кізді». Бір қарағанда, трансферден қомақты қаржы түскен секілді. Бірақ елордалық клубтың шығыны одан да көп. Осы орайда «Астана» қазынасы 6,305 млн-ға толықса, шығыны 7,426 млн еуроны құрайды.

Алматының «Қайраты» соңғы 14 жылда 11 ойыншыны өзге коман­далардың қатарына қосты. Со­лар­дың арасында Нұралы Әліп («Зенит», Санкт-Петербург. 2 млн), Адеринсола Эсеола («Ворскла», Украина. 800 мың), Артур Шушеначев («Хапоэль», Беэр-Шква. 500 мың) және Антон Крачковский («Динамо» Махачкала. 300 мың) сынды саңлақтар бар. Бірақ олардың да «алғанынан бергені» көп. «Қайраттың» шығыны – 3,035 млн еуро. Өзге командалардың трансферге жұмсаған ақшасы мынадай: «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 1,105 млн, «Ертіс» (Павлодар) – 381 мың, «Шахтер» (Қарағанды) – 225 мың, «Жетісу» (Талдықорған) – 125 мың, «Оқжетпес» (Көкшетау) – 52 мың, «Ақжайық» (Орал) – 50 мың және «Тобыл» (Қостанай) – 35 мың еуро.

Жоғырда айтылған келеңсіз жайт­тар трансферлік саясатты сауат­ты жүргізе алмаудың салдарынан туындап отыр. Футбол саласының басы-қасында жүрген басшылар мен менеджерлер, қап­таған делдалдардың дені қарақан басының қамын ғана күйттеп жүр­гені белгілі. Олар коман­даның мүд­десін ойлайды дегенге сену қиын. Соның салдарынан клуб­тардың көбі шығынға белшеден батып жатыр. Ал сол қаражаттың басым бөлігі салықтан, яғни сіз бен біздің қалтамыздан түсетінін ұмыт­паған абзал. Бірақ оның сұрауы жоқ.

Қазіргі кезде Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде 100-орында тұр. Өзгелерді айтпағанда, ірге­міз­дегі Өзбекстан (66-орын) мен Тә­жік­станнан (99-орын) қалып қой­дық. Тіптен Гвинея, Гондурас, Эк­вадорлық Гвинея, Оман, Габон, Гаити, Сирия, Кюрасао, Уганда, Ангола, Тринидад пен Тобаго, Палес­тина, Бенин тағы басқалары бізден озып тұр. Бұлардың кейбіреуі шағын ғана елдер, кей­біреулері – қандыбалақ соғыс пен ашаршылықтан көз ашпай, қалт-құлт күй кешіп отырған мемлекеттер. Құдайға шүкір, қазір елімізде жағдай жаман емес. Жыл сайын спортқа, әсіресе футболға мол қаржы бөлінеді. Елімізде өзге салада еңбек етіп жүрген мамандармен салыстырғанда, аяқдоп шебер­лерінің табысы әлдеқайда жоғары. Бірақ пысықайлар футболды майшелпекке айналдырып отыр. Осы сөзіміздің бірден-бір дәлелі – 30 жылдан аса уақыт аралығында аяқдоп өнерінде ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жеткен жоқпыз. Осының барлығын бағамдай келе, мемлекеттік бюджет пен демеушілер тарапынан бөлінетін мол қаржы «құмға сіңген судай жоқ болып кетіп жатыр» деп айтуға толық негіз бар. Осы орайда қашанда шындықты бүкпесіз айтатын танымал аралас жекпе-жек шебері Қуат «Найман» Хамитовтің «Бір ғана команда ойыншыларының бір айлық еңбекақысы республикамыздың әр қиырында бірнеше сапалы спорт кешендерін тұрғызуға жететін еді», деп шырылдауы бекер емес.

Десек те елімізде трансферді табыс көзіне айналдыра білген клубтар да бар. Олар – «Ордабасы», «Атырау» және «Тараз». Мәселен, есеп-қисапқа жүйрік шымкенттіктер кейінгі 14 жылда небәрі 547 мың еуроны сарп етті. Есесіне 1,57 млн-ды өз қазынасына салып, шама­мен үш еседей көп пайда көрді. «Ор­да­басының» таза табысы – 1,023 млн. Осы орайда олар Еркебұлан Тұң­­ғышбаев (870 мың), Гафуржан Сүйімбаев (450 мың) және Неманья Коичты (250 мың) жақсы бағаға «өткізе» білді. «Атыраудың» табысы – 437 мың. Мұнайлы өлкенің ең қымбат трансфері – Хусрав Тоиров. Тәжікстандық жас дарынды олар Донецкінің «Шахтеріне» 300 мыңға сатты. «Тараздың» да есебі түгел. Олар өзге командаларға өздерінің төл түлектерін ғана аттандырып жатыр. 2013 жылы жамбылдықтар Бауыржан Исламхан үшін Крас­нодардың «Кубань» клубынан 150 мың алса, Бахтиер Зайнутдинов үшін «Астана» 46 мың төледі. «Та­раз­дың» таза табысы – 196 мың еуро.