Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан сот реформасы азаматтардың құқы мен бостандығының, заңды мүддесінің әділ қорғалуын қамтамасыз ету, сол арқылы елімізде заң үстемдігін орнату мақсатын көздейді. 2023 жыл сот саласындағы әкімшілік қызметкерлері үшін қызмет сапасын жандандыруға бағытталған стратегиялық және операциялық менеджменттің жаңа моделінің енгізілуімен маңызды. Өткен жылдың басында Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Сот әкімшілігі ретінде қайта құрылып, ол айрықша мәртебеге ие болды. Айрықша деп отырғанымыз, Сот әкімшілігі атауын өзгертіп қана қойған жоқ, оның мәртебесі Үкімет аппаратының деңгейімен теңесті. Сот саласындағы, оның ішінде өңірдегі сот ісіне қатысты соны бастамалар мен қолға алынған қанатқақты жобалар жөнінде Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол АХМЕТЖАНОВҚА бірер сауал қойған едік.
– Ербол Ұлатайұлы, еліміздің сот саласында қандай өзгерістер жүріп жатыр?
– 2023 жыл сот саласындағы әкімшілік қызметкерлер үшін қызмет сапасын жандандыруға бағытталған стратегиялық және операциялық менеджменттің жаңа моделінің енгізілуімен маңызды болды. Өткен жылдың басында соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті сот әкімшілігі ретінде қайта құрылып, айрықша мәртебе алды. Айрықша деп отырғанымыз, сот әкімшілігі атауын өзгертіп қана қойған жоқ, оның мәртебесі Үкімет аппаратының деңгейімен теңесті.
2023 жылдың қыркүйек айынан бастап кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарына қосымша санаттар беріліп, құзыреті кеңейтілді. Алдағы уақытта елімізде Отбасылық соттар құрылмақ. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының бастамасымен 2019 жылдан бастап соттарда Отбасылық сот қанатқақты жобасы іске қосылып, көптеген жұмыс жүргізілді.
Бүгінгі таңда елімізде Отбасылық соттарды құрудың маңызы зор. Өйткені ажырасу фактілері көбейді. Мұндай жағдайда тараптар да, олардың балалары да моральдық тұрғыдан зардап шегеді. Осындай қиын кезде мемлекет тарапынан тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі.
2023 жылдың 27 наурызында Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойып, осы түзетулерге сай балалардың мүддесіне қатысты заңдардың жекелеген ережелері нақтыланды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құзыретіне азаматтық істердің кейбір санаты берілді.
Бүгінгі таңда сот реформасы бойынша заңнамалық түзетулердің екінші блогі қолға алынып жатыр. Түзетулерді Сенат алаңында арнайы құрылған жұмыс тобы әзірлеген. Өзгерістер «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, процестік кодекстерге, сондай-ақ бірқатар арнайы заңға енгізіледі. Негізгі жаңашылдық – қылмыстық және азаматтық істер бойынша кассациялық өтінішмхаттарды алдын ала қарауды алып тастау. Президент тапсырмасымен дербес кассациялық сатылар құру мәселесі де пысықталып жатыр.
– Қазіргі уақытта араздасқан ағайын дауын Билер кеңесі арқылы шешу жөнінде көп айтылып жүр. Бастама қаншалықты нәтиже береді?
– Билер кеңесінің басты мақсаты – қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті насихаттау, дау-жанжал көрсеткішін төмендету, құқықбұзушылыққа жол бермеу, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтау, жастарға, тұрғындарға құқықтық және адамгершілік тәрбие беру. Сондай-ақ аса ауыр емес қылмыстарды, отбасылық-тұрмыстық және еңбек дауларын сотқа жеткізбей медиация тәртібімен тараптарды татуластыруға басымдық беру.
Қазіргі таңда осы бағытта медиаторлармен, Билер кеңесімен жұмыс істеп жатырмыз. Жергілікті әкімдіктердің жанынан «Бастау» жұмыс тобы құрылған. Неке бұзуға шағым жазған отбасы иелерін әуелі сол жұмыс тобына жібереміз. Сол жерде билер, медиаторлар, психологтер, әкімдік өкілдері сөйлеседі. Тараптарды татуластыру мүмкін болмаған жағдайда тиісті ұсыныстар беріледі.
Билер кеңестерінің құрамына беделді, абыройлы, білікті, өмірлік тәжірибесі бар ардагерлер тартылған. Олар даулы мәселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты татуластыруға қабілетті екендігін көрсетіп отыр. Аудандық, ауылдық Билер кеңесінің төрағалары болып есімі елге белгілі, халық сыйлайтын, тыңдайтын, құрметтейтін ардагерлер бекітілді.
Облыстық Билер кеңесі республикалық «Дәнекер» қанатқақты жобасын басшылыққа алып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыстық Билер кеңесі іске кіріскен алғашқы күннен бастап облыстық сотпен бірлесе отырып, «Билер кеңестері туралы ереженің» жобасы жасалды. Аталған ереже 2019 жылдың сәуір айында Шымкент қаласында өткен ардагерлер ұйымдарының республикалық жиынында мақұлданды.
Ереже қабылданғаннан кейін Билер кеңестерінің мүшелерін оқытуды, бұрын айналысып көрмеген істің қыр-сырымен таныстыруды қолға алдық. Бұл жұмыс төрт жыл бұрын қаңтар айында басталды. Облыстық соттың ұйымдастыруымен облыстық Билер кеңесінің мүшелері мен аудандық Билер кеңестерінің төрағаларына арналған семинар өткізілді. «Медиация туралы» заңды басшылыққа алып, жұмысты жүргізу үшін 85 ардагерге «Кәсіби емес медиатор» сертификаты тапсырылды.
– Қазір әкімшілік әділет кәсіпкерлер мен бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауда тиімділігін көрсетіп отыр. Жаңа кодекс облыстық сот жұмысына нендей өзгеріс әкелді?
– Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жылдың 29 маусымында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, құжат 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Әкімшілік әділеттің басты мақсаты бір жағынан азаматтарға басқарушылық шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді қамтамасыз ету болса, екінші жағынан – жоғары тұрған мемлекеттік органда немесе сотта жария-құқықтық дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу.
Кодекс қабылданбай тұрып, азаматтық сот ісін жүргізуде жария-құқықтық даулардың 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін. Әкімшілік әділет азаматтардың өтінішін қарау тиімділігін арттырып, құқы мен заңды мүддесін қалпына келтіруге ықпал еткенін тәжірибе көрсетіп отыр. Себебі қазіргі таңда әкімшілік істер бойынша сот шешімдерінің 50 пайыздан астамы азаматтардың пайдасына шешіліп жатыр.
Әкімшілік істерді қарау барысында судьялар азаматтар мен бизнес субъектілерінің сотқа шағымдары мен өтініштеріне негіз болған лауазымды адамдардың, әкімшілік органдардың жүйелі проблемаларын анықтады. Алты айдағы соттармен істерді қарау кезінде анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік орган мен лауазымды тұлғалар атына 40 жеке ұйғарым шығарылды.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық құқықбұзушылық әрекеттері әлеуметтік желіде өткір тақырыптың біріне айналды. Осы мәселе туралы пікіріңіз қандай?
– Сот жүйесінің негізгі бағыттарының бірі – отбасы құндылығын насихаттау, адам құқын қорғау және заң үстемдігін нығайту. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы Жамбыл облысы соттарымен отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер бойынша 10 083 іс қаралып, 2607 іс татуласуға байланысты қысқартылған. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша 4097 іс қаралып, 1 110 іс татуласуға байланысты қысқартылған. Ұрып-соғу бойынша 4183 іс қаралса, 789 іс татуласуға байланысты қысқартылған.
Заңнаманы қатаңдату мәселесі күн тәртібінде тұр. Айталық, ұрып-соғу, жеңіл дәрежелі дене жарақатын келтіру істері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды енгізу ұсынылып отыр. Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын талаптар аясында қысым көрсетушіні үйден уақытша шығару мен психологиялық курсқа жіберу құқығын да сотқа беру жоспарланған.
– Азаматтық, қылмыстық әкімшілік сот жүргізуде қаралған істер, шығарылған ақтау үкімдері туралы қысқаша айтса кетсеңіз.
– Жамбыл облысының соттары 2023 жылы 1646 адамға қатысты 1356 қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. 19 адамға қатысты ақтау үкімі шығарылған, 2022 жылы бұл көрсеткіш 31 адамды құраған.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерде облыс соттарында 2023 жылы әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 13 096 адамға қатысты 13 096 іс қаралды, бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Былтыр 10 411 іс қаралған.
Әкімшілік істер бойынша әкімшілік әділеттің аясында 2023 жылдың 12 айында 1205 әкімшілік іс түсіп, 1002 іс қаралған, ол 83,1 пайызды құрап отыр. 2022 жылы 1176 әкімшілік іс түскен еді.
Жыл сайын шағымның өсуі байқалады. Азаматтар мен бизнестің пайдасына 56,5 пайыз шешім (187) шығарылды. Азаматтық істер бойынша 2023 жылы облыстағы бірінші сатыдағы соттармен 17 929 іс өндірісімен аяқталған, оның ішінде 10 018 іс шешім шығарумен қаралған. 2023 жылы Жамбыл облысының соттары республика соттары арасында азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқаруда ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
– Сыбайлас жемқорлыққа жол берген судьялар туралы не айтасыз?
– Мұндай жағымсыз жайттар облысымызда болғанын жоққа шығара алмаймыз. Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметкерлері Тараз қалалық №2 сотының судьясы Ф.С.Утешованы пара алды деген күдікпен ұстап, оған Қылмыстық кодекстің (ҚК) 366-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, бұлтартпау шарасы «ешқайда кетпеу» қолхатында болған.
Жамбыл аудандық сотының 2023 жылғы 1 желтоқсандағы үкімімен, сотталушы Ф.С.Утешова ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкіммен келіспеген сотталушы және оның қорғаушысы апелляциялық сатыдағы сотқа апелляциялық шағым түсірген. Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен Ф.С.Утешоваға қатысты үкім өзгеріссіз, оның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
– Судьялық бос орындарға білікті мамандар тарту барысында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазіргі таңда облыста судья лауазымына 12 бос орын бар. Жамбыл облыстық соты тарапынан сот жүйесін реформалау бағытында судьялар корпусына білікті кадрларды тарту үшін біраз іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, өңірде орналасқан мемлекеттік органдарға, сот қызметкерлеріне, адвокаттар мен нотариустарға судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсыруға ниет білдірген тұлғалардың тізімін алдырдық. Нәтижесінде, сот қызметкерлерінен – 24, мемлекеттік кіріс органдарынан – 2, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен – 3, тексеру комиссиясынан – 2, жеке сот орындаушылардан – 8, әділет басқармасынан – 4, адвокаттар алқасынан – 8, Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінен – 2, полиция департаменті зейнеткерлерінен – 2 – барлығы 56 адам судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсыруға қызығушылық білдірген.
Оларға облыстық соттың судьялары семинар сабақтар, кездесулер өткізіп тұрады. Бұл кездесулерде азаматтық, әкімшілік, қылмыстық іс жүргізу тәртібін түсіндірумен қатар, конкурстық рәсімдер мен судьяны тағайындау тәртібімен егжей-тегжей түсініктемелер беріледі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы