Баяғыда ауыл баласы үшін Алматының алмасынан артық базарлық болмайтын. Алқызыл түсі көз арбап, аңқыған исі айналаны алып кететін. Ал тісің тигеннен тіл үйірер тәтті дәмін айтып жеткізе алмайсың.
Қазір дүкен мен дүңгіршек сөрелерінде көкөніс көп. Жеміс-жидек жетерлік. Төрткүл дүние төсінде өсіп-өнгеннің бәрі сіресіп тұр. Қалтаң көтерсе, қалағаныңды аласың.
Бір «қызығы», қысы-жазы сатылатын сол самсаған қияр, қызанақтарды аузыңа амалсыздан, қинала-қинала саласың. Жылыжайда жылдамдатып күмәнді күшейткіштермен өсірілгені бірден білінеді. Дәмсіз һәм нәрсіз. Табиғи таза өнімдей қайдан болсын?
Неге екенін қайдам, білімі аз, білігі жоқтығына қарамай, билік тізгінін ұстаған кейбір кердең мінез жастарды жаңағы жылыжайдың жемістеріне ұқсатамын. Болмаған, толмаған, бірақ күн көзіне шылым тұтатқандай күй кешіп жүрген «шынжырбалақ шұбартөс», көкелері қолдаған ондай оғландар бүгінде жыртылып-айырылады. Барған мекемелерін баса көктеп, өз өктемдігін орнатады. Маңайына өзінен өресі төмендерді жинап, тәжірибелі тәлімгерлер есебіндегі ақсақал, көксақалдардан құтылуға асығады. Өйткені мамандығының майын ішкен майталмандар алдында өздерін жайсыз сезінеді. Мықтылардың мысы басады. Одан да өрімдей өрендерден «команда» жасақтап, солардың ортасында ақылгөй болғанды қалайды.
Атам қазақ айтқан: «Көкқарға к...не қарамай әулие ағаштың басына қонады» деп.
Талабы тас жарған кейінгі толқын өкілдерінің аламанда аты озғанына қуануымыз керек. Ал енді сауда-саттықты жайлаған жаңағы жылыжайдың жемістеріндей көбейіп кеткен көкқарғаларды қайтсек екен?..