• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Көрме 14 Наурыз, 2024

Көзді арбаған көне аспаптар

149 рет
көрсетілді

Қосшы қаласынан жеткізілген көшпелі көрмеде екі жарым ғасырдан астам уақыт бұрын жасалған көне домбыра, ұлтымыздың түрлі аспаптары, Қаныш Сәтбаев ұстаған домбыраның көшірмесі қойылды.

Ақмола облысы Қосшы қаласының мәдениет үйіне қарасты ұлттық аспаптар му­зейінің қорында сақталған көне аспаптардың ұзын саны 1600-ден асатын көрінеді. Музей басшысы Азамат Бақия әдетте көзіміз көріп үйренген ұлттық аспаптардан бөлек, желбуа­з, уілдек, тастауық, үскірік, құс­сайрауық, шыңырау, қоссаз, қосуілдек, тұлыпсырнай, керней, ұра, бұғышақ аспап­тары­ның әрқайсысының ерекшелігіне тоқталды. Көбі көрмек түгілі, атын естімеген саз бұйымдары. Ай­туынша, кез келген адам сазсырнайда 5-7 минутта ойнап үйрене алады. «Сазсырнай аспабы жас балалар үшін өте пайдалы. Мұнда 6 ойық – 6 нота бар. Ал балалар қолынан тастамайтын смартфонда бұдан да көп комбинация жасайды. Біріншіден, үрмелі аспап өкпеге пайдалы. Екіншіден, қолдың маторикасын дамытуға өте ың­ғайлы», дейді этнограф.

Көрмедегі ең көне жәдігер­лердің бірі – 223 жыл бұрын жасалған домбыра. Оның бет тақтайы 1960 жылдары ауыс­ты­рылған екен. Ал академик Қаныш Сәтбаев ұстаған дом­быраның көшірмесі әйгілі жер­лес ғалым туралы фильмде пай­даланылған.

Келушілерді ерекше қызық­тырған жәдігер – жолбарыстың үнін айнытпай келтіретін ерекше аспап. Бұл – кәдімгі қауақ деген көкөніс. Қауақтың екі жақ шетін кесіп тастап, ішін тазалайды. Бетін ешкінің те­рісімен қаптайды. Ортасын тесіп, қалыңдығы бір елі қылды бе­кітеді. Қылды сулап тартқан кезде аспаптан айбат шеккен жолбарыстың үні шығады. Осы дыбысты естіген өзге аңдар қамыс ішінде жолбарыс бар екен деп жақындамайды екен.

Көрменің ұйымдасты­ры­луына «Шаңы­рақ» облыстық орталығы мен «Jebe» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

 

ПАВЛОДАР